100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Жаңалықтар

“Камера! Мотор! Бастадық! Экранда Бұқар жырау!”

«Алты алаштың Абызы» атанған көмекей әулие Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Көмекей әулие» атты деректі-көркем фильмінің алғашқы түсірілімі баба кесенесі орналасқан киелі мекенде бастау алды. Сәрсенбінің сәтінде басталған түсірілім ойдағыдай өтіп, еліміздің Шет, Ұлытау, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан республикаларында жалғаспақ.

Облыс әкімінің қолдауымен түсіріліп отырған 50 минуттық фильмде көмекей әулие өмірінің айшықты-айшықты деген тұстары қамтылған. 10 эпизодтан тұратын туынды авторлары жерлесіміз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев пен Қырғыз Республикасының мәдениет қайраткері, журналист Әшімхан Жампейісов. Бұқар жырау бабамыздың өмір жолын зерттеп, зерделеп, бірнеше кітаптарды жарыққа шығарған Жамбыл Артықбаев ағамыздың туындылары негізінде жазылған фильм желісі қазақ хандығының он сегізінші ғасырдағы өмірін қамтиды. Сонымен қоса Әнет бабаның бата беруіндегі бала Бұқар, Абылайға басу, ақыл айтқан дана Бұқар, барша Алаштың емес, адамзаттың жырауына айналған абыз дананың өмірінің соңғы сәттеріндегі қарт Бұқар бейнесі сомдалатын көркем фильмде Бұқар бейнесін Қазақстанның халық әртісі, жерлесіміз, көкпектілік Тілектес Мейрамов ойнайды. Басты рөлдердің бірі - Әнет баба бейнесін Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев сомдайды. Ал, бала Бұқар бейнесін сомдайтын актер әлі де іздестірілуде.

«Arman films» киностудиясы мен «Saryarqa» облыстық телеарнасы түсірген фильмнің жетекшісі қарағандылық режиссер Қаршыға Игенов. Ал, өндірістік режиссер Арман Әлімжанов басқарған «Arman films» түсірілім жұмыстарындағы қолданылатын іс-әрекеттер мен арнайы әсерлерге жауап береді.

- Өздеріңізге белгілі, Бұқар секілді сұңғыла тұлғаларға арналған деректі фильмдер аз. Себебі, деректі-көркем фильмін түсіру үлкен жауапкершілікті талап еді. Бірден бірнеше ғасырды артқа тастап, басқа өмірдің шындығын көрсету оңай дүние емес. Бұл фильм тарихи деректерге сүйеніп түсірілген шынайылық бейнесі. Алғашқы түсірілім аяқталды. Баба кесенесі маңында түсірілген эпизодта Бұқар өмірінің соңғы кезеңдері көрсетіледі. Түсірілімнің жүргізілуіне Бұқар жырау ауданының әкімдігі ерекше көмек көрсетті,- дейді Ә.Жампейісов ағамыз.

Ауданымыз төңірегінде түсірілген эпизодта Бұқар бабамыздың кәрілік жетіп, төсек тартып жатқан кезеңі суреттеледі. Бұл тұста бабаның хал-жағдайын білуге келген елшілер рөлін сомдау Бұқар жырау жырларының жаршысы Қалиасқар Шыныбектегі мен өзінің қолынан шыққан ұлттық аспаптары арқылы көптің көзайымына айналған Жомарт Мәлікке бұйырды. Баба тойының дайындығы басталысымен-ақ өз ізденімпаздығымен көзге түсіп жүрген ұстаз, баба тойы логотипінің авторы Амантай Акишев фильмнің басы-қасында жүрген азаматтардың бірі.

- Бұқар бабамыздың жүріп өткен жолы мен жырларының маңызын зерттеген алдыңғы толқын ғалымдарымыздың жазған туындыларына негізделіп түсіріліп отырған бұл фильм бабаның нақ тұлғасын растайтын ерекше туынды болмақ. Алдағы уақытта Шет ауданында түсірілетін фильмнің түсірілу барысына қатыспақпыз. Бұл біз секілді жас буын үшін рухани азық деп білемін,- дейді А.Акишев.

Қазақ тарихында ерекше орын алатын, ауыр қайғы мен зардапқа толы кезеңдердегі халықтың өзіндік сана-сезімін жаңа деңгейге көтеретін «Аңырақай» шайқасындағы Абылайға күш-жігер берген Бұқар бейнесі сомдалмақ. Бұл эпизодтың түсірілімі Шет ауданы, Шола ауылы, Құсмұрын жерінде түсірілмек.

Ал фильмнің тұсаукесері жобалап айтқанда қыркүйек айында Қарағанды қаласында өтеді деп жоспарлануда.

Б.Жакешова

А.Акишевтің суреті

http://bjj-gazeti.kz

Комментарии (0):

Комменатриев нет.

Добавить комментарий

Вернуться к списку новостей

© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Яндекс.Метрика
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»