100%200%
Бұқар жырау ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

Новости района

Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс

Облыс әкімі егін орағы науқанымен танысты

Қыркүйектің 19-ы күні облыс әкімі Ерлан Қошанов жұмыс сапарымен Бұқар жырау ауданында болып қайтты.

Жұмыс сапары барысында егістік ору науқанын, өңіріміздегі ауыл шаруашылығының жалпы даму үрдісін бақылаған облыс басшысы аудан әкімі Шагурашид Мамалиновпен Қарағанды өсімдіктану және селекция институты (ҚӨСҒЗИ) және «Нұр-СХ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің егін ору науқанымен танысты.

Биылғы құрғақ жаз айларына қарамастан, өңіріміздің диқандары табиғаттан өзіндік еншісін алуда. Әсіресе, жұмыс барысында ғылыми техникалық инновациялық әдістерді тиімді пайдаланып келе жатқан шаруашылық нысандары өнімнің ойдағыдай екендігін айтады.

Центральный ауылдық округінің аумағында орналасқан «ҚӨСҒЗИ» ЖШС-ының егістік алқабында өткен кездесуде Ш.Мамалинов аудан бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің 8 ай ішінде даму барысымен таныстырды.

- Негізінен өсімдік, мал шаруашылығы, қайта өңдеу және өнеркәсіппен айналысатын ауданымызда 8 ай ішінде өткен жылмен салыстырғанда төрт түліктің, құс санының өсуі тіркелген. Мал шаруашылығы өнімдеріне келетін болсақ, 2016 жылы 8 788, 9 тонна ет өндірілсе, биылғы жылы атаулы көрсеткіш 9 514, 8 тоннаны көрсетіп отыр. Сүт өнімдерінде де өсім байқалады, - деп тоқталған аудан әкімі жұмыртқа өндіру барысында аудан аумағындағы бір зауыттың қайта жабдықтаудан өтуі салдарынан өнімнің азаюы тіркелгенін алға тартты.

Е.Қошанов өз кезегінде жұмыртқа санының азаюы салдарынан атаулы саладағы баға қымбатшылығына орын бермеу қажеттілігіне тоқталып, жерлерді тиімді пайдалану, игеру барысында нақты жұмыстар атқару қажеттілігіне тоқталды.

Сонымен қатар, облыс басшысының назарына өңіріміз бойынша қолға алынған инвестициялық жобалар таныстырылды. Олардың бірі - бүгінде Үштөбе ауылының аумағында жұмысын табысты бастаған «Жәке» шаруа қожалығы. 10 мың бас ірі қараны бордақылауға арналған алаң жұмысына 48 адам жұмысқа орналасса, бүгінгі таңда мал басын сатып алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Е.Қошановтың қызығушылығын тудырған инвестициялық жобаның бірі Ғ.Мұстафин кентінде Қытай Халық республикасынан инвестиция тарту арқылы жоңышқаны қайта өңдеуге бағытталған зауыт жұмысы болды. «Нұрғожа» шаруа қожалығының базасында қолға алынған жоба 20 мың гектар суармалы жерге жоңышқа егіп, оны престеп, ыңғайлы формада сатуды қолға алмақ.

- Жоба сәтті жүзеге асып жатса, онда өңіріміздің көптеген шаруа қожалықтары да барып өз өнімдерін атаулы зауытқа тапсыра алады, - деп атап өткен облыс әкімі мемлекет тарапынан да қолдау шараларын қарастыруға болатындығын айтты.

Шетелдік инвестициялар негізінде қолға алынып жатқан жобаның тағы бірі «Жосалы» ШҚ базасындағы көлемі 1 гектарға созылатын жылыжай құрылысы.

- Бүгінгі таңда шаруа қожалығының басшылары жылыжайды қамти алатын қазандық орнатып, жұмыс өз қарқынымен жүруде, - деді Ш.Мамалинов.

Ауданымыз бойынша ауа райының құбылуына қарамастан, егістік ору науқаны да өз қарқынынан жаңылмай жүргізілуде. Ол жөнінде егістік басында «ҚӨСҒЗИ» ЖШС-ы директоры Дамир Қалдыбаев баяндап:

- Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, біздің егістіктерге егілген «Карагандинская - 30, 22» бидай сорттары және арпа, сұлы біз ойлағандай өнім берді. Жалпы биылғы жылы 8 900 гектарға бидай, 1472 гектарға арпа және 545 гектарға сұлы егілді. Былтырғы жылы тұқымдыққа көп жылдық, бір жылдық шөптер, мал азығына арналған көп жылдық және бір жылдық шөптер екпесек, биылғы жылы 3 мың гектар жерге соларды ектік, - деді.

Келесі жылы да жұмысты осы қарқынмен жүргізуді жоспарлаған «ҚӨСҒЗИ» ЖШС-ы қосымша ауданымыздың Үміткер ауылындағы филиалының жұмысын жандандыруды көздеп отыр.

Ростовка ауылдық округінің аумағында бірнеше жылдан бері табысты жұмыс жасап келе жатқан «Киров атындағы ӨК» биылғы жылы да егін ору науқанын өз деңгейінде атқарып, картоптың 82 пайызын, дәнді дақылдардың 96 пайызын жинап үлгерген. Ендігі кезекте кештеу жиналатын «Каскад» сәбізі мен, «Паола» қызылшасы тұр.

Облыс әкімін жұмыс барысымен таныстырған өндірістік кооперативтің көкөністік бағытын басқарушы К.Скридоненконың айтуынша, бидайдың “Карагандинская-22“ сорты гектарына 9,1 центнер, сәбіз бен картоп гектарына орта есеппен 230 центнер өнім беруде.

Өндірістік кооперативтің көпшілік назарына ұсынған «Галла», «Evolution», «Удача» картоп сорттары мен «Каскад» сәбізі көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Баймырза ауылдық округінің аумағында орналасқан «Нұр-СХ» ЖШС-ң да жұмысымен танысқан Е.Қошанов дәнді дақылдармен қатар көпшілігіміз үшін таңсық жасымық өсіріп жатқандығына ризашылығын танытып, серіктестіктің техникалық базасына назар аударды.

Бүгінгі таңда дәнді дақылдардың 87 пайызы, жасымықтың 100 пайызын орған «Нұр-СХ» шаруа қожалығы болашақта ірі қара мал басын арттыруды жоспарлап отыр. Жоспарларымен бөліскен серіктестік директоры Анатолий Перегуд:

- Болашақта 225 бас ірі қара мал сатып алу жоспарланып отыр. Біздің климаттық жағдайларға ең бейімдісі ретінде таңдауымыз «Обрак» француз тұқымына түсіп отыр. Сол арқылы серіктестік базасында ет-сүт бағытын дамытпақпыз, - деді.

Бірнеше шаруашылық нысанның жұмысын аралап, танысқан облыс басшысы егістік ору өз қарқынымен жүріп жатқандығына көз жеткізіп, жерді игеріп, еңбек етіп жүрген ауданымыздың ауыл шаруашылық саласының еңбеккерлеріне егістік ору науқанын табысты тәмамдауға тілектестік білдірді.

Н.Әбікеева

 

Комментарии (0):

Комменатриев нет.

Добавить комментарий

Вернуться к списку новостей

© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»