Новости области
Қарағандыда жауынгерлік өнер театралдық мектебін ашу жоспарланып отыр

Қарағандыда театралдық бағыты бар жауынгерлік өнер мектебі ашылады. Ерекше секция ашу ойы ММА аралас жекпе-жек стилінің негізін қалаушы Сергей Анның бастамасымен жүзеге асырылмақ.
Ерекше балалар мектебінде хореография, театр өнері, вокал және шығыс жекпе-жегін үйретеді.
- Бұл идея маған менің ұлым гитарада ойнағым келеді деген соң ойға келді. Мен әке, жаттықтырушы ретінде ұлдарым әрдайым спортпен шұғылдануына баса назар аудардым, жәнеде басқа үйірмелерге мән бермедім. Алайда ұлым гитара сатып алып, бұл аспапта өмір бойы ойнап келгендей әуендерді шерте бастағанда, өз пікірімді өзгерттім. Балаларға спортта болсын, өнерде болсын өз орнын тапқан маңызды, - дейді ол.
Сонымен қатар Сергей Ан шығыстың барлық танымал жекпе-жекшілері спортпен қатар өнерге де жақын болғанын айтады. Мысалы, Брюс Ли хореографиямен шұғылданған, оның ұлы Брендон Ли театрда өнер көрсеткен, ал Джеки Чан Қытай театр академиясының жанындағы Пекин опера мектебінде дәріс алған.
- Мен ұсынып отырған тұжырымдама баланы бір дегенде бірнеше бағытта дамытуға септігін тигізеді. Балаларға жекпе-жек жаттығуларынан кейін музыкалық мектепке, сонан соң театр үйірмесіне жүгірудің қажеті болмайды. Барлығы бір жерде болады, жәнеде осылайша бала жанына жақын өнерін таңдай алады, - деп атап өтті Сергей Ан.
Ақпанда осындай секциялардың алғашқысы қаламыздағы балабақшалардың бірінде пилоттық режимде іске қосылмақ. Сонан соң мектеп филиалдарын Жаңа Майқұдық МҮ, «Молодёжный» МҮ және «Bey Bars» спорт клубында ашу жоспарланып отыр.
Жаттығулар ақылы түрде өтеді, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Мектепке балаларды төрт жасынан бастап қабылдайды.