Новости области
Қарағанды облысының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кеңесі Теміртауда бірінші көшпелі отырыс өткізді

Қарағанды облысының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кеңесі өзінің алғашқы отырысын сыртта өткізді. Билік және қоғам өкілдері Теміртауда бас қосты.
«Жасыл» кеңесте қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша Кешендік жоспардың жүзеге асырылуын талқылады. Оған 77 шара енгізілген, оның 24-і 2018 жылы атқарылған. Қалғандары 2020 жылға дейін жоспарланған.
- Жалпы кешендік жоспар орындалып жатыр. Оны біздің тәуелсіз экологтар да растап отыр. Алайда қарым-қатынас әртүрлі. Біз тек «АрселорМиттал Теміртау» ғана өндірісті жаңғыртумен айналысып жатқанын көріп отырмыз. Ондай шаралар зиянды қалдықтардың шығуын төмендетуге мүмкіндік береді. Басқа кәсіпорындарда нақты жұмыстар жасалып жатқан жоқ – тек жоспарланған құрылғы жөндеу жұмыстары ғана атқарылуда. Мұндай қтынас болмауы тиіс. Қажет болса, біз мәжбүрлейміз – ол үшін бізде қажетті тетіктер бар, - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. – Сіздердің барлықтарыңыз облыс тұрғындары емессіздер ме? Мұнда сіздердің туғандарыңыз, жақындарыңыз тұрады. Барлығы бірігіп осы қаланы ластап жатыр!
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басиннің айтуынша, 2018 жылы компания экологиялық жобаларға 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. 2017-ші жылмен салыстырғанда металлургиялық өндірістен шыққан зиянды қалдықтардың шығуын 14,2 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік туды.
Жетекшінің айтуынша, алдағы үш жылда компания табиғатты қорғауға 35 млрд теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр.
Отырыс алдында тәуелсіз экологтар Теміртау қаласының өндіріс ошақтарында тексеріс жүргізді. Олар нақты іс пен сөздердің сәйкес келуін қадағалап қайтты.
- Біз төрт ірі кәсіпорындарды аралап қайттық. Нәтижесінде, басты ластаушы – «АрселорМиттал Теміртау» ғана ескі тазартушы құрылғыларын жаңартып жатқаны белгілі болды. Ал қалған кәсіпорындар тек әрекеттегі өндірістерінің қызметін жалқастырып жатқанын анықтадық, - дейді қоғам қайраткері Дмитрий Калмыков.
Ол Кешендік жоспарға өзгерістер енгізіп, кәсіпорындар тарапынан жасалатын шараларды үтедуті ұсынды.
- Әрине, Теміртаудағы экологиялық жағдайды жақсарту проблемасы көп қырлы. Бір күнде, бір жылда жағдайды өзгертіп, жақсарту мүмкін емес. Алайда біз адымдап соған талпынуымыз қажет. Жәнеде мониторинг жасап, қадағалап отыруымз керек, - деді аймақ басшысы.