Новости области
Қарағандылықтар Dance factory халықаралық байқауының лауреаттары атанды

Қарағанды қаласының №36 мектебінің «Кербез» хореографиялық ансамблі Dance factory халықаралық байқауының ІІ дәрежелі лауреаттары атанды. Өнер додасы наурыздың 23-і мен 31-і аралығында Льорет-де-Мар қаласында өтті.
Байқауға әлемнің 18 елінен 10-12 жас аралығындағы 1000-нан астам биші қатысты. «Кербез» ансамблі халықаралық сайыста екі хореографиялық композициясын ұсынды – «Сылқылдақ» қазақ биі және «Хорезм» өзбек биі.
- Біздің басты мақсатымыз Қазақстанды лайықты деңгейде таныстыру болды. Менің ойымша, ол қолымыздан ккелді. Қазақ биі көрермендерді сиқырлы әуенді музыкасымен, түрлі-түсті ұлттық костюмдерімен және кербездігімен баурап алды, - дейді ансамбль жетекшісі Ажар Омарова.
Гала-концерт үшін 120 конкурстық би нөмірлерінен ең үздіктерді таңдады. Бағдарламаны ашу құрметі қарағандылықтарға бұйырды.
- Біз нәтижелерді күту барысында қатты қобалжыдық. Тізімде біздің ұжымды көріп, өте қатты қуандық. Гала-концерт біздің бимен ашылғандығы ұлкен құрмет, - дейді Ажар Омарова.
«Кербез» ансамблі II дәрежелі лауреат атанды. Қатысушылар байқаудың құрылтайшылары мен ұйымдастырушыларынан атаулы дипломдар алды. Сондай-ақ біздің ұжымымызға Испания билігінің өкілдері гравировка түрінде қосымша диплом және елтаңбалы қағазға жасылған алғыс хат табыс етілді.
- Балалар итальяндық хореографтың шеберлік сыныбына қатысты. Жаңа білім алып, өздерін жаңа бағытта сынап көрді. Байқаудан кейін 200 қатысушы бірігіп Жерорта теңізінің жағалауында би биледі. Бұл өте әдемі әрі ғажайыпқа толы көрініс болды. Сапар өте мазмұнды және танымдық болды деп санаймыз. Барселона қаласына шолу экскурсиясында болып, көптеген атақты тарихи орындарды көрдік: Саграда Фамилия шіркеуіі, триумфалды арка, Монжуик тауы. Франциядағы Каркасон бекінісі мен Барселона Camp Nou футбол клубының стадионына бардық, - деді Ажар Омарова.