Новости области
Ерлан Қошанов вокзал құрылысының қарқынына риза емес

Ерлан Қошанов Қарағанды қаласының теміржол вокзалында жаңа терминал салып жатқан мердігерлерді сынға алды. Өңір басшысы бүгін құрылыс жұмыстарының барысын тексеріп, оларға көңілі толмайтынын айтты.
Вокзалды қалыпқа келтіру жұмыстары кестеден 1,5 айға қалыс қалып бара жатқаны белгілі болды. Алайда құрылысшылар, кесте уақытын қуып жетуге және нысанды мерзімінде тапсыруға уәде берді. Мердігерлер өңір басшысына тәулік бойы жұмыс істейтіндерін және жұмыскерлер санын ұлғайтатынын айтты. Қазір вокзалда 110 адам жұмыс істеп жатыр, тағы 80 қосымша жұмылдырылу жоспарланып отыр.
- Бұл біздің басты нысан! Жылдамдатыңыздар, бірақ бұл сапаға әсер етпеуі тиіс! Аптасына бір рет осында келіп, жұмысыңызды тексеретін боламын. Кесте бойынша егжей-тегжейлі қай жерде қандай жұмыс атқарғандарыңызды көрсетіп отырасыздар. Қала әкіміне, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшыларына күн сайын құрылысты бақылауды тапсырамын, - деді Ерлан Қошанов.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды вокзалында қазір таңда ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа терминал салу басталды. Құрылысшылар іргелі жұмыстарды аяқтау барысында. Негізгі ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда және жұмысшылар ғимараттың қасбетіне кірісті.
Вокзалға күрделі жөндеу 11 жыл бұрын жүргізілген болатын.