"АрселорМиттал Теміртау" АҚ металлургиялық комбинатында экологиялық жоба жүзеге асырылды. Әктасты күйдіру цехында жаңа жеңдік сүзгіні монтаждау аяқталды. Бұл атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді.
Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, қондырғы тестілік режимде іске қосылды. Бір ай ішінде жабдықтың жұмыс қабілеттілігі тексеріледі.
- Жеңдік сүзгілерді орнату 2018 жылы басталды. Осы жобаны іске асыру кестеге сәйкес жүргізілді. Біз іске қосуды бұрынырақ жоспарлаған болатынбыз,бірақ жобаны орындау мерзімі 2018 жылдың қараша айында орын алды. Өткен жылы жобалық жұмыстар орындалды, келісу кезеңі аяқталды. Осы жылдың 20-шы қаңтарынан бастап жоба тестілік сынақ режимінде іске қосылды, барлық жұмыстар 100% аяқталды, - деп түсіндірді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ жобалар жөніндегі менеджері Дмитрий Егоров.
Жаңа жабдық атмосфераға әктас шаңының шығарылуын төмендетуге мүмкіндік береді, деп хабарлады компания.
Қондырғыны жергілікті "Темір Строй" кәсіпорны құрастырды.
Естеріңізге сала кетейік, Теміртауда облыс әкімдігі бекіткен экологиялық жағдайды сауықтыру жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Құжат атмосфераға ластаушы заттардың эмиссиясын қысқарту бойынша іс-шараларды және қалада энергия үнемдеуді арттыруға бағытталған шараларды қамтиды.
"АрселорМиттал Теміртау" металлургтер қаласын негізгі ластаушы болып табылады. Ресми мәліметтер бойынша, комбинатқа облыс бойынша барлық зиянды шығарындылардың төрттен бір бөлігі және Теміртаудағы зиянды шығарындылардың 80%-дан астамы тиесілі.
2019 жылдың қарашасында экология, геология және табиғатты пайдалану министрлігі мен "АрселорМиттал Теміртау" АҚ эмиссия көлемін төмендету туралы Меморандумға қол қойды. Компания 2023 жылға дейін зиянды қалдықтарды 30%-ға қысқарту міндетін өз мойнына алды. Кәсіпорын сондай-ақ қаланы көгалдандыруға өз үлесін қосып, 500 мың ағаш отырғызуға уәде берді.