Новости области
Қарқаралы ауданында елді мекендерді су басу қаупі жойылды

Су басу қаупі орын алған Қарқаралы ауданының елді мекендерінде және Шет ауданының Ағадыр ауылындағы жағдай тұрақталды. Бұл туралы оқиға орнында болған облыс әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов мәлім етті. Облыс әкімдігінде журналистерге арналған скайп-брифинг ұйымдастырылды.
«Ағадырда жағдай тұрақталды. Жедел әрекет еттік. Қарқаралы ауданында жаңбыр салдарынан еріген қар суы мол болып, елді мекендерді су басу қаупі туындады. Жарлы ауылында 9 үй су астында қалды. Кеше ауылды қоршау бойынша шаралар қолға алынды. Су қайтты. Қазір үйлерде су жоқ. Адамдар өз үйлеріне оралуда, билікке шағымдары жоқ», - деді Андрей Ляпунов.
Сонымен қатар, республикалық және облыстық жолдардағы су жайылды.
«Жағдай толық бақылауға алынды», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, әлі де қауіп-қатер бар. Өңірде сәуірдің 3-9 аралығында су тасқыны болады деп күтілуде. «Бұл екі күн жауған жауынның және күннің жылынуының салдары. Тауларда қар аз қалды, бірақ қуыстарда көп. Өзендер әлі ашылған жоқ», - деді Андрей Ляпунов.
Облыста ғарыштық мониторинг жүргізіледі. ТЖ қызметі тәулігіне екі рет ғарыштан суреттер алып тұрады.
«Ғарыштық суреттер бойынша қар негізінен Қарқаралы ауданында жатыр. Оңтүстік аймақтарда, атап айтқанда, Балқашта, Приозерскіде, Ұлытау ауданында қардың 30 пайызға жуығы жатыр. Соңғы екі күнде жауған жаңбыр қардың молынан еруіне әкеп соқты», - деді Қарағанды облысының ТЖД басшысы Ибрагим Күлшімбаев.
23 наурызда Қарқаралы ауданында Жарлы өзенінде ұзындығы 400 метрлік учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Алдағы күндері Бұқар жырау мен Нұра аудандарындағы өзендерде мұз жару жұмыстарын жүргізу көзделген. «Мұз жару жұмыстарына қаржы бөлінді. 18 тонна көлемінде жарылғыш заттар қоры бар», - деп атап өтті ТЖД басшысы.
Қарағанды облысында су басу қаупі бар 172 елді мекен орналасқан, оларда 28 мың адам тұрып жатыр. «Әрбір елді мекен бойынша халықтың мобильді бөлігі анықталды – бұл жүктілер, балалар мен өз бетінше қозғала алмайтын адамдар. Бұл отбасылар есепке алынды», - деді Андрей Ляпунов.
Облыс әкімінің орынбасары Қарқаралы ауданынан оралған соң су басу қаупі бар аймақтарды аралайды. Алдағы үш күнде ол Шет, Осакаров және Нұра аудандарына ат басын тіремек.