| Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
|---|
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл табандатқан 65 жыл толып отыр. Бұл жарты ғасырдан астам бейбітшілікпен өткізген уақыт. Планетамызда ғасырлар бойы жүздеген соғыс өрті лапылдаған еді. Сол ұрыстың ішіндегі ең сұрапыл, ең қаталы - екінші дүние жүзілік соғыс болатын.Ұлы жеңіс бізге оңайға түскен жоқ. Біздің мыңдаған әскерлер Отан үшін жанын қиды. Жерлестеріміздің көпшілігі туған жеріне оралмай арманда кетті.
Ақөре селолық округінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Отан соғысында қайтыс болған жерлестеріміздің ескерткіші күрделі жөндеуден өткізілді. «Ел ырысы - бірлікте» демекші, барлық ауыл тұрғындары ескерткішті жөндеуге атсалысты. Олардың ішінде «Есенжол» , «Ұшқын», «Нияз», «Болат», «Айдар», «Бекзат», «Алихан», «Дияс», «Расима», «Ербол», «Қайрат», «Қосшоқы», «Фортуна» шаруашылық қожалықтары, ауылымыздың тұрғындары, Ақөре селолық округінің әкімшілігі, клуб, кітапхана және де Ақөре селосының орта мектебінің ұжымы жұмылған болатын. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналған «Бабалар естелігі - ұрпақтар мұрасы » атты әдеби сазды кеш өтті.
Мерекелік бағдарламаны ауылымыздың әкімі Ғабиден Байділдинов құттықтау сөзімен ашты, одан кейін бәріміз бірігіп жаңартылған ескерткіш алдына бардық, Ақөре орта мектебінің оқушылары гүл шоқтарын қойды.
Ауылымыздың құрметті тұрғыны М. Дәрменбаев ардагерлерді құттықтап, ескерткішті күрделі жөндеуден өткізгені үшін әкімшілік ұжымы мен тұрғындарға алғысын айтты.
Мерекелік бағдарламамызды көркемөнерпаздар жалғастырды. Ж. Кенебаев, С. Дәрменбаев пен А. Салпенов - «Священная война», А. Рахымжанова - «Десятый наш батальон» әндерін орындады. «Алтын би» мен «Жұлдыздар» тобы «Ұмытылмас мәңгілік алауы» мен «Балауса» билерімен көрермендер көзайымына айналды. Ауыл әншісі Бекзат Түсіпов «Ауылым» әніy, кейіннен көрермендеріміздің сұрауымен тағы бірнеше ән орындап берді. З. Цамакаева «Әлия» әнін шарықтатты.
Ақөре селолық клубының көркемдік жетекшісі Е. Уахитова «Әке» монологын, С. Әбікеева «Ардагерлерге алғыс» атты өзі шығарған өлең жолдарын оқып берді.
Ауылымыздың тұрғындары А. Жанғожин мен М. Омаров ардагерлерге ақшалай сыйлық тапсырып, құттықтады. Ауылымыздың имамы Қаби Бақиұлы Омаров бақилық болғандардың аруақтарына дұға бағыштады.
Ардагерлер мерекелік дастарқанға шақырылды. Бұл дастарқанды ұйымдастыруға «Зарина», «Сабина», «Наргиз» және «Айдар» дүкендері көмектерін аяған жоқ. Осы күні ауыл жастары футбол, бәйге ұйымдастырды. Футболға мектеп пен ауылдың жастар командасы қатысты.
Ат жарысында І орынды А. Мағзұмов А, ІІ орынды А. Лепетов және ІІІ орынды М. Омаров иеленді.
Аспанымыз әрқашан ашық, еліміз тыныш болсын. Біз бейбітшілікті қолдаймыз. Соғыс зұлматы енді ешқашан қайталанбасын.
С. Әбікеева,
Ақөре селосының кітапханашысы
Комментарии (0):
Комменатриев нет.