«Бір жылыңды ойласаң күріш ек, он жылыңды ойласаң ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң ұрпақ тәрбиеле» деп шығыс даналығында айтылғандай, біздің мемлекетіміз елінің болашағы - ұрпаққа аз көңіл бөліп жатпағаны белгілі.
«Той десе қу бас домалайды» дегендей, 1-маусым - халықаралық балаларды қорғау күні аудан жұртшылығы бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін орталық саябаққа қарай ағылды. Біреулері тұңғыштарын, біреулері кенжелерін, біреулері немерелерін, шөберелерін ертіп келіп жатты.
Балаларының шаттыққа толы жүздерін көріп, ата-аналар да бір жасарып қалды. Бала - өмірдің мәні, ата-анасының тірегі, соғып тұрған жүрегі десек, еш қателеспесіміз анық.
«Балалы үй базар» дегендей саябақтың іші балаға толып, сәні кірді. Мерекенің шырайын арнайы дайындалған концерттік бағдарлама ажарландыра түсті.
Бұнда аудан әкімінің орынбасары Асхат Али бүлдіршіндерді құттықтап, ана мен баланы қорғау жөніндегі бағдарламалар болса, біз де бүгін сол бағдарламаның аясында көптеген жұмыстар атқарып жатырмыз дей келе, еліміздің болашағы бүлдіршіндер, жас ұрпақ аман болсын, әрбір баланың болашағының шуақты болуына әрбіріміз үлес қосайық деген тілегін білдірді.
Бұқар жырау ауданы әкімі Еркебұлан Нашаровтың атынан балаларға бал татыған балмұздақтар үлестірілді. Мерекеде Бұлбұл Әшірбекова «Көбелек», Диана Қалдыбаева «Домбыра», Олжас Жеңіс «Балдәурен», Толғанай Асқарова «Аналар» тағы басқа әндер орындалып, жігіттерден құралған «Тұлпар» биі, кішкентай бүлдіршін көбелек қыздардың «Көбелек», «Мадагаскар» билері биленді.
Балаларға сыйлық ретінде аудан әкімі Теміртау қаласының жас көрермендер театрын шақырыпты. Осы театр ұжымы аудан балаларына «Три поросенка» атты ертегілік қойылым қойып, балалардың езулерін күлкіге толтырды.
Біреулері өздерінің құрбы құрдастарының мың бұралған биі мен әуелеген әнін тамашаласа, екіншілері көгілдір экраннан мультсериал көріп мәз, одан ересектері футбол алаңында доп қуса, кішкентай балаларын ата-аналары алтыбақан тағы басқа да ойыншықтарда ойнатып, көңілдерін көтеруде.
Басқа мектептерді қайдам, таңертенгісін №1 қазақ мектебінің директоры Серік Балпанов оқушыларын мектеп алдына жинап, мерекелерімен шын жүректен құттықтай келе жақсы тілектерін білдірді.
Барлық бала асыға күтетін, жаздың бірінші күніне дөп келетін балалардың төл мерекесі де өз мәресіне жеткен сыңайлы.
Аспанымыз ашық, балалардың болашағы жарқын болғай.
Р.S. Шіркін, балалық шаққа не жетсін! Өмірі жазылмаған ақ парақтай кіршіксіз балаларды көргенде «Балалық шақтың бекетін қалдырдың өмір жолында, арман көп оған жететін билет жоқ әттең қолымда» деген өлең жолдары ойыма оралып тұр. Дәп қазір менің балалық шаққа апаратын билетім болса, бір минутта тұрмай сол жаққа кетіп қалар едім.
К.Бейғамқызы
Комментарии (0):
Комменатриев нет.