Қазақстан Республикасы ата заңына және «Неке және отбасы туралы» заңына сәйкес әрбір бала өзінің туған отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуіне құқылы.
Қазақстан Республикасы «Неке және отбасы туралы» Заңының 52 баптың 1 бөлімінде бала деген сөздің мағынасы белгіленген. Осы бап бойынша бала деп 18 жасқа (кәмелетке) толмаған адам – бала деп саналады деп көрсетілген.
Осы баптың 2-ші бөлімінде әрбір бала мүмкін болғанша отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге құқығы бар екені анықталған.
Баланың ата-анасы өзінің балаларын өсіргенде баланың тәрбиесі мен білім алуына қатысты барлық мәселелерді балалардың мүдделерін негізге алып және балалардың пікірін ескере отырып, өзара келісім бойынша шешу керек.
Алайда, кейбір ата-аналар ата-аналық құқықтары мен міндеттерін дұрыс орындамай, баласының мүддесін қорғамай, тіпті баласына қатыгездік көрсетіп, зорлық-зомбылық жасайтыны да кездеседі.
Бұндай жағдайда, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғайтын орган – қорғаншы және қамқоршы органы – ата-аналық міндеттерін орындамайтын ата-ананы сотқа беріп, оларды ата-аналық құқықтарынан айыруды талаптайды. Бұндай талапты жалғыз қорғаншы және қамқоршы органы ғана талаптау құзырында емес. Бұндай талаппен баланың ата-анасының біреу, екіншісі жөнінде немесе прокурор талаптауы мүмкін.
Ата-аналық құқықтан айыру негіздері Қазақстан Республикасы «Неке және отбасы туралы» Заңның 67-бабымен анықталған.
Осы бапта былай деп көрсетілген: «Егер ата-аналар (олардың біреуі) ата-аналық міндеттерін орындаудан, оның ішінде алимент төлеуден қасақана жалтаратын болса, өз баласын перзентханадан, не өзге балаларды тәрбиелеу, емдеу немесе басқа да мекемелерден алудан себептерсіз бас тартса, өздерінің ата-аналық құқықтарын пайдаланып қиянат жасаса, балаларға қатыгездік көрсетсе, оның ішінде олардың денесіне немесе психикасына зорлық-зомбылық жасаса, олардың жыныстық пәктігіне қастандық жасаса, заңдарда белгіленген тәртіппен, маскүнемдікпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған болса, олар ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін» деп көрсетілген. Сонымен қатар, өз балаларының не жұбайының өміріне немесе денсаулығына қарсы қасақана қылмыс жасаған жағдайда ата-аналар (олардың біреуі) ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін деп танылған.
Ата-ана құқығынан айыру тек қана сот тәртібімен жүргізіледі де, бұл істер прокурор мен қорғаншы және қамқоршы органының қатысуымен қаралады.
Ата-ана құқықтарынан айырудың салдары Қазақстан Республикасы «Неке және отбасы туралы» Заңының 69-бабымен белгіленген.
Ата-ана құқықтарынан айыру балалармен туыстық фактісінде негізделген барлық құқықтардан, оның ішінде оған асырауға қаражат алу, сондай-ақ балалары бар азаматтар үшін белгіленген жеңілдіктер мен мемлекеттік жәрдемақылар алу құқықтарынан айырылуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, ата-аналық құқықтарынан айырылған ата-ана өз баласын асырау міндетінен босатылмайды. Ата-аналық құқықтан айыру туралы шешім қабылдағанда, сот ата-аналық құқықтан айырған ата-анадан баланы асырауға алимент өндіреді.
Ата-аналық құқықтан айырылған ата-ана егер мінез-құлқын, тұрмыс-салтын және баланы тәрбиелеудегі көзқарасын өзгертсе, олардың ата-аналық құқықтары қалпына келтірілуі мүмкін. Өзінің ата-аналық құқығын қалпына келтіремін деген ата-ана, егер жоғарыда айтылғандай, мінез-құлқын, тұрмыс-салтын және баланы асырап-тәрбиелеуге көзқарасын өзгертсе, ол ата-ана сотқа ата-аналық құқығын қайта қалпына келтіру туралы талаптануға құқылы.
Сот баланың мүддесін ескере отырып, баланы ата-анадан (олардың біреуінен) оларды ата-ана құқықтарынан айырмай алу жолымен ата-ана құқықтарын шектеу туралы шешім шығара алады.
Мысалы, 2009 жылы Бұқар жырау аудандық соты ата-аналық құқықтан айыру туралы 6 талап арыз қараса, оның 4-уі толық қанағаттандырылып, жауапкерлер ата-аналық құқықтан айырылды, ал 1 іс бойынша жауапкер аналық құқықтардан айырылмай, тек қана ата-аналық құқықтардан шектелді. 1 іс бойынша талапкер өз талабынан бас тартып, талап арызды қайтаруды сұраған.
Көбінесе, ата-аналық құқықтан айыру туралы талап арыздар кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның, қамқоршылық және қорғаншылық органның, прокурордың талап арыздарымен қозғалады.
Жауапкерлер, ата-аналық құқықтан айырылушылар, өз балаларының асырауына, тәрбиеленуіне, білім алуына мән бермей, өздері ішімдікке салынып кеткен азаматтар.
Сол әр іс бойынша барлық мән-жайды зерттейді, он жасқа келген балалардың пікірін ескереді. Қандай шешім қабылданған күнде сот балалардың мүддесін көздей отырып, заңды шешім қабылдайды.
Н.Хамзина
Комментарии (1):