«Адамның күні - адаммен» деген сөз тегін айтылмаған болар. Пенде болған соң, түрлі сынақтан өтіп жатасың. Сол кезде жанашыр адамдардың қасыңнан табылатыны қанаттандырады. Адам баласы басына түскеннің бәріне көнетіні рас.
Аш болса да, тоқпын дейтін, тоқ болса да, жоқпын дейтін адамдар бар. Осындай жандарға қарап, ішің сыздайды. Тәубаға келіп, Аллаға сеніп жүру - әр пенденің парызы емес пе.. Талай адам тағдырдың жазғанына мойынсұнады, ол - өмірдің қағидасы. Адам ауыр жағдайдың куәсі болғанда ғана жан-жағындағы көмекке зәру жандардың бар екеніне көз жеткізетіні шындық.
Мүгедек жандардың қиын өміріне немқұрайлы қарамай, көмектерін аямай жүрген мамандардың бары қуантады. Бірақ, олардың істері көзге көрінбейді, ал егер терең үңіліп қарайтын болсақ, нағыз адамдықтың, адалдықтың иесі - осы әлеуметтік салада жүрген мамандар екені рас. Бір күнгі тірліктің бір сағаты біреу түгілі өзіңе жетпей жатады. Қазір уақыт алтынмен тең болып кеткен заман. Сол алтындай уақытын қиып, қайрат, жігер жиып, бір жанның жадырап күлуіне себепші бола білу - әркімнің қолынан келе бермейтін жұмыс. Ол үлкен шыдам мен төзімді талап етеді. Олай болса, «Жылдың ең үздік әлеуметтік педагогі» деген байқаудың өтіп тұруы орынды, берері де көп. Өмірдің тәттісінен гөрі ащысын татып, сырқаттың сыздауығы жанына батып жүрген балалардың балдәурен балалық шақтарына қарап, жүрегің елжірейді. Бір жылда 365 күн болса, соның 10 күнінде ауырып қалсақ, әбігерге түсеміз. Сонда сау жүрген 355 күнді ұмытып кеткеніміз бе?
Ал енді туа біткен сырқатпен ауыратын жандардың жүрегіндегі мәңгілік өшпес жараны кім емдейді? Осы туралы ойлап көрдік пе?
Күнделікті тірліктің ығымен жүріп, кемтар жандардың көптігінен, әрі үлкен көмекке мұқтаж екенінен хабарсыз болып жатамыз. Әлеуметтік ұстаздардың басқа адамдардан айырмашылығы – олар осындай адамдарға үлкен көмегін көрсетіп жатқандығы. Жалақылары аздығына қарамастан, ауылды жерлерге барып, кемтар балаларды оқытып, ойнатып, қыдыртып, басқа балалардан ешбір кем еместігін сездіре білуімен қатар, балалық бақытқа бөлейді.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қарашаның 5-і күні «Жылдың ең үздік әлеуметтік педагогі» атты байқау болып өтті.
Сондай-ақ, шараға педагог мамандардың жұмыстарына әділ баға беруші, қазылар алқасы - аудандық «Нұр Отан» ХДП филиалының бірінші орынбасары Амангелді Нағманов, аудан әкімінің әлеуметтік көмекшісі Тобыл Жахин, «Нұр Отан» есеп жүргізу секторының меңгерушісі Жанар Алауова, мүгедектер қоғамының төрағасы Шайза Түсіпбаева, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Светлана Колоскова шақырылыпты. Ауданның әр аймағынан 11 маман келді. Айта кетер болсақ, Ботақара кентінен Маржан Борашқызы Түсіпбекова мен Сара Қанабекқызы Сағындықова, Доскей ауылдық округінен Мадина Дәулетқызы Оразбаева, Ғабиден Мұстафин кентінен Галина Федоровна Тьятева, Шешенқара селосынан Қайырбек Бекмағанбетұлы Ақбаев, Ростовка селосынан Ділда Манатқызы Сабиева, Үштөбе селосынан Сәуле Айтмұханқызы Баянова, Үміткер селосынан Жазира Жетпісбайқызы Жүнісова, Керней селосынан Гүлден Бейсенбайқызы Байжұманова, Петровка селосынан Вера Алексеевна Шестакова, Ботақара кентінен Сәуле Ғабайдоллақызы Жанахметова қатысты. Олар мүгедек балалармен қалай жұмыс жасайтыны туралы бағдарламаларымен таныстырып, балалардың қол өнерлерін, жазған шығармаларын көрсетті. Ол балалардың шеберліктері адам таң қалдырады. Сау адамның қолынан келмейтін нәрселерді жасап шыққан.
Байқауға қатысқан мамандарға әр түрлі сұрақтар қойылды. Мамандар өздерінің мақсаттарын айтып, бір-бірінен өздеріне керекті мәліметтермен алмасты.
Осы байқаудың бас жүлдесін Шешенқара селосынан Қайырбек Ақбаев иеленді. Ал бірінші орынды Доскей ауылының педагог маманы Мадина Оразбаеваға берді. Ал басқа қатысушыларды алғыс хатпен марапаттады.
Бала – өміріміздің гүлі, олардың күлкісі күннің нұры деп қарауымыз керек.
Ә. Орынтаева
Суреттерде:
Түсірген автор.
Комментарии (0):
Комменатриев нет.