Мұғалім - оқушы үшін ең жоғары адамгершіліктің үлгісі. Сондықтан да ол оқушы жүрегінде ұмытылмас із қалдырады.
(Н.Добролюбов)
Мектептегі кезекті сабақ. Жүздеріне шаттық ұялаған балдырғандар әлем картасына үңілген. Бәрі де алақандағыдай - өзендер, жолдар, қалалар. Мұндағы әрбір қаланың, жолдың, өзеннің өзіндік тарихы бар. Тұрғындары, шекарасы, мекендеген жануарлар дүниесі бар. Ал барлық оқушылардың назарын көрнекілікке аударып, түсіндіріп тұрған Керней орта мектебінің география пәнінің ұстазы Сәуле Қайроллақызы Жұмкенова.
Сәуленің кіндік кескен жері –Ақжар ауылы. Сартау орта мектебінен білім кенін алғаш қазып, 9-сыныптан соң Қарағанды қаласындағы Н. Нұрмақов атындағы мектепте химия бағытында оқыды.
Мектептен оңы мен солын танып, түлеп ұшқан Сәуле құжаттарын Қарағанды Мемлекеттік университетіне тапсырады. Алғашқы қадамы сәтінен болып, осы оқу орнының экономика факультетінің студенті атанады. Қызыққа толы студенттік күндер артта қалып, қолына дипломын алады. Содан соң Керней ауылындағы әкімдікте іс жүргізуші болып, еңбек жолын бастайды. Бұл жылдар – еліміздің өз егемендігін алып, Кеңес Одағы құрсауынан шыққан жылдармен тұспа-тұс келген еді. Барша халыққа ауыр тиген жылдар, Сәуле Қайроллақызы үшін де оңай болмады. Қызмет орны жабылып, ол жұмыссыздар әскерінің қатарын толықтырды.
Үйде отырған 4 жылда Сәуленің басына көп ойлар келді. “Енді не істесем екен, үйіме, еліме қайтсем пайдалы болсам ”деп, мазасызданды. Сонан соң қайтадан оқу орнына түсіп, басқа мамандық алуға шешім қабылдады. Осылайша, ҚарМУ-дің биология-география факультетін тәмамдайды.
“Қазір мен өз орнымдамын, беріп жүрген сабағым өзіме ұнайды, жұмысыма қуанып келіп, үйіме атқарған жұмысымнан күш алып қайтамын” –деп ағынан жарылды ұстаз. Әңгімелесе келе Сәуле Қайроллақызының анасы - Шәйда, әкесі - Қайыр, атасы - Қабылтай көп жылдар бойы шәкірт тәрбиесімен айналысқан жандар екен.
“Егер менен педагогикалық тәжірибеңізге бір сөзбен анықтама беріңізші деп сұраса, адамға мүмкіндігінше көбірек талап қойыңыз, адамды мүмкіндігінше көбірек сыйлаңыз,”-деген екен С. Макаренко. Керней атындағы мектептің ұстаздар ұжымы осы қағиданы үнемі назарда ұстап, балаға талап қоя отырып, өздерінің де білімін жоғарылатуды естен шығармайды. Облыс орталығындағы білім жетілдіру институты ұстаздарға методикалық көмек көрсетіп, бағыт-бағдар жасап отырады екен. Сабақты жаңа технологиялармен оқыту бойынша ұжымдар бір-бірімен қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмасуды жолға қойған. Аудан бойынша үлкен де мағыналы шаралар Үштөбе, Ростовка ресурстық мектептерінде бастау алып, өмірге жолдама алып жатады. Бұл мектептерден қанаттанып ұшып жатқан түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда еңбек етуде. Сәуле Қайроллақызының пәніне қызығушылық танытып, тестілеуде жоғары бағаға қол жеткізген Ә. Сүлейменова, З. Журавлева, О. Переяславская, А. Айбасова, А. Амантаева сынды оқушылардың аттарын ұстаздар мақтанышпен атайды.
Биылғы оқу жылында ұстаз 9-сыныпқа жетекшілік етіп жүр. Бірінші түлектері 2006 жылы мектеппен қоштасып, болашаққа бет алған. Сол түлектері ауылға келгенде ұстаздарының, үй-ішінің қалы мен жағдайын біліп жүреді екен.
“-Өмір сүріп отырған уақытымыздың өзі білім беру саласында жүрген адамдарға үлкен міндеттер жүктейді. Әр ұстаз өз сыныбындағы баламен, оның ата-анасымен тіл табыса білуі керек. Ал ата-ана мен ұстаздың көзқарастары бір арнада тоғысса, білімді, мейірімді, жан-жақты дамыған оқушылар жетіледі,-дейді ұстаз толғана.
«Бақытты шаңырақ дегенміз - жалтылдаған сәнді сарай емес, жан жарыңның жақын-жоралары мен сүйкімді балаларыңның сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы»,-деген ұлы ғұлама Әл-Фараби. Ал Сәуле Қайроллақызы мен Айдар Қайырұлының шаңырағының астында Әлібек пен Мәдина атты алтын асықтай ұлы мен қыздары желкілдеп өсіп келеді. Осы балдырғандарына ата-ана үлкен үміт артады. Балаларының жақсы маман болуын, еліне пайда келтіргенін көруді армандайды.
” Мектебіміз жаңа. Табалдырығынан аттағаннан бастап көтеріңкі көңіл-күйде еңбек етіп жатырмыз. Ұжым тату, мектеп әкімшілігі мұғалімдерге еңбек етуге барлық жағдайды жасайды, бағыт береді. Еңбегіңе сай марапат жасауды да ұмытпайды. Білгенімізді балдырғандар бойына бұдан әрі де сіңіре бермекпіз”-дейді ұстаз сөз соңында.
Қ. Ахметова
Комментарии (0):
Комменатриев нет.