«Отбасы - жеке мемлекет» деп тегін айтпаса керек. Сол отбасының отағасы мен от анасы болады. Артынан ерген балалары - іздерін жалғастырушылары. Ұйып отырған отбасының отын сөндірмей, маздатып отыру - отбасындағы екі адамның да міндеті. Қаншама жыл көңілдері мен өмірлері жарасып, жадыраған жаздай жарқырап жүрген жұптарды көргенде қуанады екенсің. Ерлі-зайыптылар табысып, неке қию туралы куәлікті қолға алған күннен бастап, қиындық пен қызықты да бірге көтеруге бел байласады. Осының өзі үлкен жауапкершілікті мойындарына алғаны емес пе? Екі бөлек адамның екі түрлі арманы бір арнада тоғысатын тұсы. Танымайтын адамдардың құдаласып, танысатын кезі. Отбасылық өмірдің құдіреті де осында.
Ауданымыздың Мәдениет үйінде мамырдың 16-жұлдызында алтын той, күміс той, жақұт той, фарфор той иелерін жыл сайынғы дәстүр бойынша салтанатты түрде құттықтау рәсімі аталып өтті. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен тұспа-тұс келген мерекеде 20 жылдық той иелері де назарға алынды. Халықаралық отбасылар күні жыл сайын тойланып жүр. Осындай айтулы күнді көзден таса жібермей, көп жыл отасқан жанұялардың көңілдеріне жаз орнатуды қолға алған ӘБ АХАЖ қызметкерлері мен мекеме мен ұйым қызметкерлері болатын. Аудан әкімшілігі, ӘБ АХАЖ бөлімі, аурухана бірлестігі басшылары мен қызметкерлері отбасылар күнінде ауданымыздың ардақты азаматы 50 жыл отасқан Тәтішевтердің отбасына арнайы барып, сыйлықтарын табыстап, жылы лебіздерін білдіріп қайтты.
Ауданымыздың сыйлы да, құрметті азаматы мен азаматшасы Төлеу және Балапан Тәтішевтердің отау құрғандарына - 50 жыл. Ворошилов ауданында 1960 жылы 15- мамырда некелері қиылды. Алтын тойдың иелері Т. Тәтішев ауданның көптеген мекемелерінде экономика саласында, ал жары Б. Тәтішева аудандық ауруханада қажырлы еңбек еткен. Ұяларынан үш баланы ұшырып, құтты орындарына қондырған. Барлығы жоғары білімді маман иелері. Екі немере, бір шөбере сүйіп отыр. Жаны таза адамдарды жан-жағы сыйлайтыны рас. Жанұялық өмірде бірге өкше басқан жылдарының өтеуі ерекше ілтипатқа бөленуімен өлшенері анық.
Аудандық мәдениет үйіндегі отбасы күнінің жақсы жалғасы жанды ән мен мәнді марапаттау болды. 45 жыл отасқан жақұт той иелері Төкен және Күлмайда Арбабаевтардың некелері 1966 жылы 16-мамырда қиылса, Қуатжан Елемесов пен Сағадия Ағыбаеваның некелері, дәл осы жылдың 24-ші сәуірінде қиылған екен.
Ал, келесі тату-тәтті жанұялық өмірдің 25 жылын артта қалдырған күміс той иелері Мұрат Байғожин мен Сәуле Әбжанова 1986 жылы 18-ші қаңтарда неке куәлігіне қол қойса, дәл осындай той иелері Бейсембай және Әсия Жәкеновалар 1986 жылы 17-ші қаңтарда некелескен.
Сондай-ақ, фарфор той иелері 20 жыл қол ұстасып, жұптары жарасқан Құрмет және Маржангүл Досжановтар 1991 жылдың 12-ші желтоқсанында, ал Әбутай Ыбыраев пен Мариваш Қасенова 24-ші сәуірінде, сонымен қатар, Ерсін Дүржанов пен Айгүл Жанашева 27-ші сәуірінде некелері қиылып, бірге өмір кешіп келеді.
Ауданымыздың АХАЖ мұрағатына тіркелген акт жазбалары бойынша шақырылған барлық той иелерін Әділет басқармасы бастығының орынбасары Д. Шибаева мен бас маманы Ә.Шырынбекова неке куәліктері мен неке сақиналарын салтанатты түрде табыстады. Той иелеріне дастархан жайылып, әсем әннен шашу шашылды. Мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері лебіздерін білдіріп, арнайы гүл шоқтарын сыйлады.
Шараның соңында Әділет басқармасының бастығы А. Айкенова барша жиналған той иелеріне ізгі тілегін айтып, құрмет дипломдарымен марапаттады.
Дүбірлі думанда бас қосқан қос жұптардың, қонақтардың жүздерінен күлкі, көңілдерінен қуаныш лебі есті. Кәріліктен ешкім айналып кетпейтіні шын. Көңілдері жарасқан жандардың өмірлері кейінгі толқындарға үлгі болып, бақыт құсы әрбір шаңыраққа қонып жатса, жақсылық жанымыздан алшақтамағаны.
Ә. Орынтаева
Суретте: Алтын той иелері Тәтішевтер
Түсірген А. Бекежанов
Бұқар жырау ауданы