100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Жаңалықтар

Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс

Ауылдың көрінісі қандай?

Ауыл дегенде, шынымен көз алдымызға тіршілігі қайнаған, буы бұрқыраған ауылдар елестейді. Алайда, бүгінгі ауылдардың көрінісі қандай? «Ауылым - алтын бесігім» деуге келе ме? Қаймағы бұзылмаған қайран қазақтың ауылдары қайда? Әлде жаһанданамыз деп айрандай ұйыған ауылдарымызды ірітіп алдық па? Кемшілік қай жерден кетті? Бүгінгі ауылдарға қарап, бұндай сұрақтардың туындамауы мүмкін емес... Жалпыдан жекеге ауысатын әдіс бойынша, бұл сұрақтарды бір ауыл төңірегінде қарастырып көрейік. Ауылға кіре берістен-ақ бұзылған баздар ауылдың ажарын кетіріп, реңін қашырып тұрғандай. Бұрын Тоғызқұдық ауылында ауылдың асханасы, мал дәрігерлік дәріханасы, мұғалімдер үйі, моншасы, қазір жұмыс істеп тұрған екі мектептен басқа тағы бір мектеп, клуб, бірнеше дүкен, халыққа қызмет жасап тұрған біршама мекемелер мен ұйымдар болған көрінеді. Ал, қазіргі кезде клуб, мектеп, әкімшілік сынды санаулы ғимараттардан басқасының біразы қаңырап бос тұрса, қалғандары қолдан-қолға өтіп, құлатылып құрылыс материалдарына таратылып алынған. Алайда керектілерін алған иелері орнында қалған қоқыстарын тазалап кетуді мүлдем ойламаған. Бұзылған ғимараттардың орнында қалған құрылыс қоқыстары ауылдың көркін бұзып, тіпті бұрын мұғалімдер тұратын үй болған ғимараттың қоқысы көршілес орнасқан Дмитрий Лукьянчук деген тұрғынның бақшасын басып қалған. Ал ауыл басшысы отыратын әкімшілік ғимаратын сыртынан қараған адамға әкімшілік екенін бірден тану да қиынға түседі. Мәдениет ошағы болып саналатын клуб ғимаратының көңілсіз сұр түсі, ауыл дүкендерінің талапқа сай келмейтін, жөндеу көрмеген сырт көрінісі мен шашыраңқы орналасқан ғимараттары ауылдың сәнін кетіріп, көркін қашырып тұрғандай. Көктемде 1544 тонна қоқыс шығарғандықтан ба, көріп жүрген кейбір ауылдармен салыстырғанда Тоғызқұдық ауылының көшелерінде үйінді көң жоқ деп айтуға болады. Тек бірнеше шеткі үйлердің ауласындағы аздаған қоқыстар болмаса. Алайда осы округке қарасты Тасшоқы ауылы көңге малынып жатыр десек, артық айтқандық болмас. Ауылдың күнкөрісі мал шаруашылығы екені белгілі. Дегенмен, мал өсіріп отыр екенмін деп тазалықты сақтамаған да дұрыс емес. Ең бірінші - айналасының, ауласының таза болуы әр адамның өзіне қолайлы жағдай тудырады. Бұған байланысты ауыл әкімі Б.Бейсембеков:«Көктемде Тасшоқы ауылының тұрғындарына ескерту жасап, айыппұл салғам. Олар көңдерін бірнеше жыл қойып, оны сататындарын алға тартады» - деп өзінің шарасыздығын мойындады. Жалпы, ауыл тұрғындары үшін де, сырттан келген адам үшін де бір көргенде ауылдың тазалығы көзге оттай басылатыны рас. Осыған орай Степной көшесінің тұрғыны, зейнеткер Д.Лукьянчукті сөзге тартып, ауылдың ажарын кіргізіп, тірлігін жандандыра түсу үшін не істеу керек деген сұрағымызға:«Ең бірінші қай жағынан болсын тәртіппен, қырағылықпен қарайтын ие керек. Мына қоқыстардың барлығын ғимаратты сатып алған адамдарға шығарту керек. Сонымен қатар бөлініп жатқан мемлекеттің ақшасы орынды жұмсалса, ауыл да біршама гүлдене түседі. Тағы бір мәселе ауылдағы су колонкаларының дұрыс жұмыс істемеуі», - дейді. Ал, аты-жөндерін айтудан бас тартқан Заречный көшесінің тұрғындары: «Ауылдағы басты мәселенің бірі - жұмыссыздық. Ауыл халқы жұмыссыз. Ауылдың жанынан шахта ашылғанда жұмыссыздық дертіне дауа болар дегенбіз. Алайда шахта ауыл тұрғындарын жұмысқа алмай отыр. Бұдан басқа жұмыс орындарын ашып, ауыл шаруашылық өнімдерін дамыта түсу үшін орталықтандырылған сүт өңдеу цехы сияқты орындар ашылса. Халыққа да, мемлекетке де тиімді болар еді»,-дейді. Осындай цех ашуды неге ауыл тұрғындарының бірі өз қолына алмайды? - деген сұрағымызға: «Оны ашу үшін бастапқы капитал, жер қажет. Ал қарапайым тұрғындарда бұндай қаржы жоқ» - дегенді алға тартты. Ауыл әкімінің айтуына қарағанда, ауылда барлығы 1414 адам болса, оның 12-і ғана жұмыссыз боп тіркелген. Қазіргі уақытта ауылда 54 шаруа қожалығы, 6 жеке кәсіпкер бар. Ауылдағы ірі «Марат» шаруа қожалығы өзінің 2009-2018 жылдарға арналған бағдарламасында асыл тұқымды мал басын көбейту, мал сою мен сүт қабылдау пункттерін ашу сынды жоспарларымен инновациялық жобаға кірген. Биыл аталмыш шаруа қожалығына 4 жас маман «Жастар тәжірибесімен» жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар инновациялық жобаға Б.Тергеубековтің салынатын наубайханасы мен моншасы да кіретін көрінеді. Ал, аталмыш бос тұрған ғимараттардың барлығы жеке меншік қолда болғандықтан ешқандай шара қолдана алмай отырғанын және құлатылған ғимарат қоқыстарын күзде тазартатынын айтты. Сондай-ақ 1961 жылдан келе жатқан 13 шақырым су трассаның 2 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қалған 11 шақырымы және суды тасып ішіп отырған Тасшоқы ауылы биыл «Ақбұлақ» бағдарламасына кіріп, әрқайсысына 5 млн.теңге қарастырылған. Сондықтан ауылдағы су мәселесі де жақын уақытта шешімін табады дегенді айтады. Бұның алдында да жазғанымыздай ауылдың тағы бір жаралы мәселесінің бірі - ауылдың жолы. Облыстың қарамағындағы жолдың жайын шешу үшін ауыл әкімі тұрғындар тарапынан бірнеше рет Қарағанды облысы бойынша көлік жолдары және жолаушылар тасымалдау басқармасының бастығы Д.Нұрмановқа хат жолдаған. Хаттардың нәтижесінде Д.Нұрманов ««Ботақара - Тоғызқұдық» жолын «Сәт Көмір», ал, «Тоғызқұдық - Қарағанды» жолын «Қамбар» компанияларына жүктеген. Бұдан да еш нәтиже шықпаса министрлікке дейін хат жолданатынын айтып өтті ауыл әкімі. Міне, ауылдың жалпы көрінісі осындай. Ауылдардың жанданып, заманға сай дами түсуі - онда тұратын халық пен басшысына тікелей байланысты. Сондықтан басшы мен халық күш біріктіріп, 20 жылдық тәуелсіз елді еңселі істерге бастаса игі. К.БЕЙҒАМҚЫЗЫ

Комментарии (0):

Комменатриев нет.

Добавить комментарий

Вернуться к списку новостей

© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Сайт разработан при поддержке официального сайта Mostbet - Букмекерская контора и онлайн казино в Казахстане.