ИНФОРМАЦИОННЫЙ ПОРТАЛ АКИМАТА
БУХАР-ЖЫРАУСКОГО РАЙОНА
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ
15 ақпан – Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылған күні «Өмірдің көлеңкелі сәті көз алдымда»
Тыныш елдің тірлігі - қамсыз. Пенделерсіз тіршілік - жансыз. Барлық елдің бағына балта шабатын бір нәрсе бар. Ол - соғыс деген сұмдық. Мемлекет арасындағы ауызбіршілікті, татулықты, достықты бір мезетте жоқ қылатын жойқын күш. Мыңдаған адамдар өмірлері үшін күресіп, Отаны үшін тіресіп жататын алақұйын қазанның қайнап жатқан ортасы. Ондай алапат келмесін дейміз, әлбетте. Татулықтың қаймағын бұзатын соғыс, көтеріліс, жанжал іспеттес іріткінің ізі суыған емес бүгінде. Осыдан біраз жыл бұрын 10 жылға жалғасқан Ауған соғысы жайында не білеміз? 1979 жылдан бастау алған болатын. Ауған соғысына арнайы кеңес әскерлері жасақталды. 1978 жылдың 27-ші сәуірінде Ауғаныстандағы болған сәуір қозғалысынан кейін, Ауғанстан билігіне Халықтық-демократиялық партиясы келді. Кеңес әскерлерін Ауғаныстаннан қайтару 1988 жылы бастау алады. Алғашқы 3 айда ол жерден 50 мың 183 әскер қайтарылса, 1989 жылдың 15-ші ақпанына дейін КСРО-ға барлығы дерлік оралған екен. Осыған орай, 15-ші ақпан – Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылған күні деп есептеледі. Өмір сахнасындағы ерлік, өжеттілік көрсеткен біздің де қандастарымыз бар. Ауғаныстан соғысының аяқталғанына 23 жыл болған екен. Уақыт өтсе де, ерлік көрсеткен адамдар ұмытылмайды. Ауданымызға қарасты Ақтөбе селосының тұрғыны Орақ Мәуленов ауған соғысына қатысып келгендердің бірі. 1969 жылы ауданымызға қарасты Токаревка селосында дүние есігін ашыпты. Ақтөбе селосына туғаннан кейін көшіп барыпты. Сол жердің тумасы деуге де болатын шығар. Орақ ағамыздың отбасында 10 бала тәрбиеленген. Жылы үйден, жақындарынан жырақтағысы келмейтін адам баласын алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Бұлыңғыр бұлттай көрінеді. Орақ Еңбекұлы да Ауғаныстанға барамын деген ойы болмаған екен. - 1987 жылдың күз айында Қарағанды облысынан 30 шақты адам жіберілді, соның ішінде менде болдым деп бастады әңгіменің басын О. Дауленов. – Біздің облыстың әскерлері күңіренген күздің қатал қараша айында жіберілетін болып шешілді. Ең бірінші Өзбекстан мемлекетінің Термез қаласында 4 айлық оқуда (учебка) болдық. Содан кейін Ауғанстанның Құндыз қаласында 9 ай аэропорт күзеттік. Ондағы өткен уақыттар әлі күнге дейін есімде. Ешқашан санамнан ұмытылған емес. Біздің взводта 31 адам болдық. Ауған әскерлерімен қақтығыс жасалды. Қорқыныш пен үрейді сезіндік. Менімен бірге барған азаматтардың бірі Серік Елгезеков елге аман оралмады. Анам менің Ауғанстанда болғанымнан хабарсыз болды. Өзім әбүйірмен 1989 жылы елге қайтып оралдым деп есіне түсірді өмірініңт көлеңкелі сәтін. Соғыстан келгеннен кейін Орақ Еңбекұлының көз алдынан ауғастандағы көрініс көпке дейін жатталып қалыпты. Ауғанстанда әскери борышын өтеген азамат 1994 жылы шаңырақ көтеріп, күйбең тірліктің ағымына ілеседі. Жары Мархаба Тәшімова екеуі 3 қыз сүйіп отыр. «Өз бағаңды білгің келсе, өзіңді білмейтін елге бар» деген Ә. Нұршайықовтың сөзі еріксіз еске түседі. Орақ Еңбекұлы ел ішіндегі емес, бөтен мемлекетке барып қайтты. Өмірінің жалғасуына емес, өмірінің қиылуына себепші болатын ортаға түсті. Бірақ, жасымады, қаймықпады. Өз еліне еңсесін биік ұстап қайтып келді. Бұл ерлігі адамдық бағасын асырмаса, төмендетпесі рас. Барлық ауған соғысына қатысып қайтқандарға қанаттарыңыз талмасын, сіздердің ерлік жолдарыңызды келешек ұрпақ жалғасын дегіміз келеді. Ә. Орынтаева
Вернуться к списку новостей
Комментарии (0):
Комменатриев нет.