ИНФОРМАЦИОННЫЙ ПОРТАЛ АКИМАТА
БУХАР-ЖЫРАУСКОГО РАЙОНА
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ
Кәсіпкер болам десеңіз...
Дүниенің құны қымбаттаған сайын, халықтың қажеттілігі де артып келетіндей. Күнделікті күнкөрудің амалын ойлайтын адамдар қаражатты қандай жолмен тапсам екен дейді. Сөйтіп, жұмыстың қандай түрі болса да істеуге әзір. Қазіргі таңда тәуелсіз іскер адамдар қатары көбеюде. Олар- кәсіпкерлер. Жеке кәсіптің шылбырынан ұстағандар бір іске қомақты қаражат жұмсағандықтан, одан жақсы нәтиже шыққанын да қалайтыны жасырын емес. Кейбір отбасында кіріс көзі тек сол кәсіп қана болуы мүмкін. Сондықтан да, кәсіптің қыр-сырына тереңірек үңілген жөн. Осы күні жеке кәсіппен шұғылданамын дегендер үшін мемлекет ерекше көңіл бөлуде. Әр түрлі бағдарламалар арқылы несие алуға мүмкіншіліктер бар. Бір қуантатыны, қазір жастардың көбісі кәсіпкер болудан қорықпай, сол мүмкіншіліктерді қолданып, істерін өрге домалатып жүр. Оған мәдениет үйінде шілденің 2 -жұлдызында өткен кәсіпкерліктің жедел курсы дәлел болды. Екі күн бойына созылған курста белсенділік танытқандардың көбі жастар. Аталмыш шараны Қарағанды қаласының “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілі Жігер Әбдіхалықов, “КУБ” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің экономикалық сұрақтары бойынша лекторы Гүлнәр Айтқұлова және ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының аға оқытушысы Қанатбек Қарабеков өткізген-ді. Курс кәсіпкер боламын деп ниеттенушілерге арналған. Бірақ шараның кәсіптерін бастап кеткендерге де қатысы болды. Тек аудан орталығынан ғана емес, ауданымызға қарасты ауылдардан да жеке кәсіпкерлер мен енді ғана кәсіпкерлікті бастауға бет алғандар келіп жетіпті. Жедел курста бизнес кеңесші бағдарламасы арқылы адамдарды бизнеске оқыта отырып, шағын және орта бизнесті бастаудың жолдары және айырмашылықтары жайында толығырақ айтылды. Курсқа келген адамдар «Бірлік» және «Достық» болып екі топқа бөлініп, бизнеске қаншалықты бейім екендіктерін көрсете білді. Мәселен, бизнесті бастағанда кездесетін кедергілерден қалай өту керек, осы сынды бизнестің қыр-сырына тоқталып, қатысушыларға үй тапсырмалары да берілді. Кәсіпкерліктің кіріспесі, психологиясы, нарықтық мүмкіндіктер сараптамасы, маркетингтік қызметі, қаражат көзі, заң аспектілері, бизнес-жоспар, кешенді кәсіпкерлік лицензиясы, IT кәсіпкерлер үшін ақпараттық ресурстар сынды бағыттары бойынша оқытылды. Кәсіпкерлікке нақты бет алған адамдар үшін осындай курстар өткізіліп отырғаны дұрыс-ақ. Қазіргі таңда кәсіпкерлікті жас толқын қолға алып жатыр. Олар үшін құжат рәсімдеу жағы әлбетте қиындық туғызады, ал кәсіпкерліктің жедел курсы мұның бәріне оқытады. Жедел курсқа Қарақұдық селолық округінен келген Айдана Жұматаева шаштараз ашпақ ойы бар екен. Ол жедел курста адамдармен қарым-қатынас жасауды үйреніпті. Ал, кәсібін енді ғана қолға алған Белағаш ауылының тұрғыны Айдана Бектаева: - Жергілікті бюджеттен (аудан әкімінің 3/51 от 19.02.2005 қаулысы бойынша) берілетін 64 мың қайтарымсыз материалдық көмек ақшасын алып, өзімнің жаным қалаған кәсіпті бастап кеттім. Оған көп уақыт болған жоқ. Үйдің бір бөлмесін шаштараз етіп, оған керекті құрал-жабдықтарды алдым. Бүгінгі курс мен үшін үлкен сабақ болды. Алдында да аталмыш курсқа келе алмай жүрген едім. Ал, осы екі күндік курсқа қатысқаным кәсіпкерлігімді әрі қарай оңтайлы жалғастыруыма септігін тигізері сөзсіз. Құжат пен есеп-қисап жағын түсінуіме мүмкіндік бергенін айта кеткім келеді. Тағы да сабақтар болса, қатысуға әзірмін - дейді. Жедел курсқа қатысқан жастардың пікірлеріне құлақ ассақ, кәсіп ашудан қорықпау керек. Аталмыш курста барлық қатысушыларға сертификат тапсырылды. Ол сертификаттың несие алуға көмегі бар. Кәсіпкерліктің жедел курсы нақты кәсіпкер боламын деген адам үшін тиімді. Ең бастысы -алға қойған мақсатыңа дұрыс бағыт береді. Егер кәсіпкер болуды ойға алып жүрсеңіз, осы сынды курстар алдағы күндері де жалғасын табады. Ә. Орынтаева
Вернуться к списку новостей
Комментарии (0):
Комменатриев нет.