ИНФОРМАЦИОННЫЙ ПОРТАЛ АКИМАТА
БУХАР-ЖЫРАУСКОГО РАЙОНА
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ
Мәдениет пен өнер - бір арнада
Өнер деген өміршең ортаның тамырын талай талант иелері басып жүр. Ол ортада біреуі асып, біреуі жасып жүр. Дегенмен, адамды өсіретін де, өшіретін де - өнер. Мен өнерді қиындығы көп болған соң, тастай қатқан мұзға да, кей кезде сай сүйегіңді сырқыратар сызға да, адамның талантын биіктен көрсетер құзға да теңеймін. Бұл ортада аяқтан шалу, көңілді табу, себепсіз налу да болады. Өнер деген қайнап жатқан қазанда күйіп те қалуың мүмкін, бірақ сол ортаның өмірін сүйіп те қалуың мүмкін. Айта берсек, өнерге әр түрлі бағам жасалады. Меніңше, өнер өзін сүйген, өзі сүйген жандарға бөтенсіп қарамайды. Оның дәлелі, еліміздің маңдайына біткен жарық жұлдыздары. Арамызда өнерлі жандар көп, бірақ нағыз өнер иесін халық өзі-ақ таңдап алады. Олар “шоқ жұлдыздай жарқ” етіп, елінің сүйіктісіне айналып, өнердің қиын да, қызықты баспалдақтарынан басын түсірмей суырылып шығады. Шырмауы көп өмірдің шиыршығын өнермен ұштастырып жатқан өнер иелеріне бас имеуге болмас. Осындай құдірет иелеріне арнайы мереке күні де бекітіліп отыр. Қыркүйек айының соңғы демалысына сәйкес келетін, мәдениет және өнер қызметкерлері мерекесі ауданымыздың төрінде қыркүйектің 28-і күні тойланған болатын. Айтулы мерекеге аудан әкімі Ш.Мамалинов, аудандық мәслихаттың хатшысы А.Жүніспеков, сондай-ақ, мереке иелерін құттықтау үшін Қарағанды қаласының мәдениет басқармасының бастығы Ержан Әбдірахманов, ҚР халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, “Майра” продюсерлік орталығының директоры Майра Ілиясова және “Керімсал” триосы мен “Ас-Үм” дуэті ән шашуын ала келіпті. “Керімсал” триосы мен “Ас-үм” дуэтінің құрамында жерлес қыздарымыз Құндыз Маханова мен Үмітжан Шегетаева да бар. Әнші қыздарымыз жұлдыздары жарқырап, жанып келе жатқан жас таланттардың бірі деуге болады. Мерекелік шараның шымылдығын аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Айнагүл мен Ернұр әдемі көрініспен ашса, Еркежан Мәдениетова сынды жезтаңдай әнші қызымыз әдемі әнін тарту етті. “Мәдениет – адамзат тарихының ең басты күретамыры” деген Н.Ә.Назарбаевтың пікірі орнын тауып айтылған. Өнер мен мәдениет - егіз ұғым. Бірі-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Осы кеште мәдениет және өнер қызметкерлеріне аудан әкімінің 75 мың сыйақысы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы 15 мың теңге сыйлығы табыс етілді. Мерекенің жүргізушілері Айжан Шакенова мен Айтжан Мусин алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Ш. Мамалиновқа берді: - Мәдениет және өнер қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті лайықты орындап жүр. Осы салаға бар ынта жігерін салып жүрген барлық мәдениет қызметкерлеріне денсаулық, табыс тілеймін,- дей келе мәдениет үйінің қызметкерлеріне қызметтік автокөлік табыстады. Сондай-ақ, мәдениет саласында табанды еңбек еткені үшін М.Асқарова “Мәдениет майталманы” атты аудан әкімінің арнайы сыйақысы 100 мың теңгемен, аудан әкімінің грамотасымен мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ауданның мәдени саласындағы ерен еңбегі және аудан мәдениетінің дамуына қосқан зор үлесі үшін “Ботақара баурайында” фольклорлық ансамблінің жетекшісі Б.Ермухамбетов, аудандық мәдениет үйінің жастар және жасөспірімдермен жұмыс жасау маманы А.Амантайұлы, аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкері Л.Максимова, Шалқар бөлімшесі клубының мәдени меңгерушісі Б.Әбенов мақтау қағазы мен алғыс хаттармен марапаттады. Ауданымыздың мәдениет қызметкерлерін арнайы құттықтау үшін Қарағанды қаласының Мәдениет басқармасының бастығы Ержан Әбдірахманов кештің құрметті қонағы ретінде мәдениет қызметкерлерін құттықтап, келесі марапаттауды тапсырды: “Ең үздік көркемөнерпаздардың көркемдік жетекшісі” номинациясы бойынша Дубовка мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы К.Елубаеваға 15 мың теңге, ал аудандық Мәдениет үйінің көркемөнепаздар бөлімінің жетекшісі З.Төлеубаеваға 75 мың теңге және дипломдар табыс етілді. Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының Құрмет грамотасымен Бұқар жырау ауданының мәдениет саласындағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Б.Ермекова, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі директоры А.Тақырова, аудандық мәдениет үйінің директоры Р.Жұманова, аудандық мәдениет үйінің әдіскерлік бөлімінің меңгерушісі Қ.Талашев марапатталды. Ал, келесі “Ең үзік модельді кітапхана кітапханашысы” номинанттарын марапаттау үшін сахнаға аудандық мәслихат хатшысы А.Жүніспеков шығып, барша мәдениет қызметкерлеріне жылы лебізін білдіре отырып, Новоузенка селосының модельді кітапханасының меңгерушісі М.Масалованы 15 мың теңге, Мұстафин кентінің модельді кітапханасының меңгерушісі Г.Сүлейменованы 75 мың теңге ақшалай сыйақымен қуантты. “Ең үздік “Зерде” бейнемобилінің қызметкері” номинациясы бойынша А.Жанахметов 75 мың, ал Ж.Елжанов 15 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. “Ең үздік ауыл ктапханашысы” номинациясының үміткерлерін марапаттау үшін облыс әкімінің сыйақысына ие болған, Корнеевка селолық модельді кітапханашысы К.Қиқымова Центральный селосының кітапхана меңгерушісі Т.Чернышковаға 75 мың теңге, Ақтөбе селосының кітапхана меңгерушісі Қ.Балтабаеваға 15 мың теңге табыстады. Сонымен қатар, “Ең үздік хореограф” номинанттарын марапаттау үшін әлеуметтік саланы көп жылдар бойы басқарған Л.Петровская сахнаға шығып, аудандық мәдениет үйінің хореографы Р.Ақшаловаға 15 мың теңге, Мұстафин кентінің “Эдельвейс” үлгілі би ұжымының басшысы Н.Боцманға 75 мың теңге және диплом тапсырды. “Ең үздік көркемөнерпаздардың музыкалық жетекшісі” деп танылған номинанттар аудандық мәдениет үйінің музыка жетекшісі С.Коробейниковқа 75 мың теңгені, Ақбел селолық клубының музыка жетекшісі Б.Раисоваға 15 мың теңгені табыстау үшін аудандық әкімдігі аппаратының басшысы Ш.Тақырова шақырылды. Ал, келесі номинация “Ең үздік мәдени ұйымдастырушыларды” марапаттау үшін ҚР Халық әртісі М.Ілиясова сахна төріне шығып, аталмыш номинация үміткерлері Доскей ауылының мәдени ұйымдастырушысы Д.Блялованы 15 мың теңгемен, Шешенқара мәдениет үйінің меңгерушісі Ж.Борашеваны 75 мың теңгемен және дипломдармен марапаттаған болатын. Ал, мына бір ерекше мәдениет ардагерлеріне аудан әкімінің 25 мың теңге арнайы сыйақысын табыстау құрметі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М.Шибаеваға берілді. Олар:Доскей ауылынынан Қ.Оспанов, Мұстафин кентінен Л.Туровская, Тоғызқұдық селосынан Л.Кисиль, Ботақара кентінен Г.Шибаева, Г.Түспекова, С.Қызкина, Белағаш селосынан Т.Жовнер, Самарқан селосынан С.Серых. Мағыналы марапаттаулардың жалғасы ҚР Халық әртісі Майра Ілиясова мен есімдері танылып келе жатқан “Ас-үм” тобы мен “Керімсал” триосының орындауындағы әдемі ән кешіне ұласты. Залға жиналған көрермендерді үй тірліктеріңізбен “кредиттеріңізді” бір-екі сағатқа ұмытыңыздар деп, халықты бір күлдіріп алған Майра апайымыз “Бурылтай”, “Қызыма”, “Попурри” әндерін орындап, мерекеге жиналған жұртты жақсы көңіл-күйге бөледі. Әнді ұйып тыңдаған халыққа “Керімсал” триосы халық әндері “Гауһартас”, “Құсни-Қорлан”, “Ойжайлау” әндерін, ал “Ас-үм” дуэті “Қоштасудың қиыны-ай”, “Алматы” әндерін ұсынды. Сондай-ақ, ауданымыздың әншісі А.Амантайұлы да домбыраның үніне салып, “Қызыққа тоймас адамзат” әнін шырқады. Әншілеріміздің әнінен де, сәнінен де қазақилық сезіліп тұрды. Аталмыш мерекеде мәдениет пен өнерде жүрген көптеген қызметкерлердің еңбегі еленіп, танымал әншілердің әніне бөленіп, халыққа ерекше көңіл-күй сыйлаған ауданымызда әдемі кештің болғаны рас. Осындай құрметке лайық мереке иелеріне тек өнердің шыңынан көрініп, шығармашылық табысқа бөлене беріңіздер демекпін. Сіздер барда, жанымыз жадырап, көңіліміз көркейіп жүреді. Ә.Орынтаева
Вернуться к списку новостей
Комментарии (0):
Комменатриев нет.