| Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
|---|
Жас сарбаз, бүгін сен ата-анаңның алақанына салып отырған ерке баласы болсаң, ертең сен еліңнің еңсесін биікке көтерер айбынды азаматысың. Найзаның ұшымен, білектің күшімен еліңді, жеріңді қорғайтын әскер қатарындағы жауынгер болатыныңды жадыңда мәңгілік сақтағайсың!Отан алдындағы борыш, азаматтық парыз, ел алдындағы қарыз! Бүкіл елдің сенімі сендерсіңдер, жас ұландар!
Осындай патриоттыққа толы сөздерден бастауымның басты себебі бар. Жақында ауданымыздың жас сарбаздары Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ.
Осыған орай, қарашаның 14-і күні аудан әкімдігі, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі, жастармен жұмыс жасау орталығы ұйымдастыруымен ауданымызда «Күз-2012» әскерге шақыру науқаны аясында әскер қатарына барушыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі болып өткен-ді.
Аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі ғимараты алдындағы қаз-қатар сап түзеп тұрған жас сарбаздарды көріп, еліміздің болашақ батырларын елестеттім. Сол сәттегі олардың жүздері баладай, бірақ көтерер жүктері даладай.
- «Күз-2012» әскери қызметке шақыру науқаны бойынша Қорғаныс Министрлігінің қарулы күштері қатарының №212 әскери бөліміне ауданымыздан 5 бала аттанғалы отыр. Айта кетсек, жас сарбаздарымыз ауданымызға қарасты Мұстафин кенті, Ростовка, Шешенқара, Үштөбе, Тоғызқұдық селолық округтерінің азаматтары. Олар 1992-1994 жылғы азаматтар. Осы сарбаздарымызды қарашаның 20-сы күні әскери бөлімге жібереді. Жас сарбаздардың ата-аналары рұқсат берді. Жас сарбаздарды әскерге барлық жағынан дайындадық,- деді аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Ж.Құнанбаев.
Салтанатты шара Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жұмылдыру дайындығы мен аумақ топ бастығы Әлихан Қарашиннің әскерге шақыртушыларды сапқа тұрғызуымен ашылды. Аталмыш шараның бастауы ретінде аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығы, майор Жанас Құнанбаев және ауған соғысы ардагері, аудандық прокурор және әділет кеңесшісі Серік Назарбеков ағаларымыз әскерге аттанғалы отырған жас сарбаздарды осындай айтулы күнімен құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп, барлығына ақ жолдарын тіледі.
Сол сәттегі жас сарбаздарымыздың жүздерінен қуаныш та, қорқыныш та сезімдері байқалды. Үлкен ағаларымыздың жігерлі сөздерінен соң, сарбаздарымыз қайраттанып алғандай болды.
- Отан алдындағы борышты өтеу ер азаматтың міндеті деп санаймын. Біз әскерге бала боып кетеміз, жігіт болып келеміз. Онда көп нәрсені үйреніп, шынығып, өмірді ұғынып қайтамыз. Міне, мен әскерге баратындардың қатарында болғаныма қуаныштымын. Бүгінгі күн мен үшін ерекше. Артымда еріп жүрген азаматтарға менің жолымды берсін,-деді жас сарбаз Ә.Қаңтарбаев.
Біраздан соң, ҚР Мемлекеттік Әнұранымыз орындалып, барша жастарды патриоттық сезімге бөлегендей болды. Ауданымыздың №1 қазақ орта мектебі мен Гагарин атындағы орта мектептің жас сарбаздары алғашқы әскери дайындықтарын көрсетті.
Сол күні ауа-райы ызғарлы болғанына қарамастан, әскерге аттанғалы отырған сарбаздардың ізін басушы жас ұландарымыз АК-47 деп аталатын Калашников автоматының дүкенін жинаудан да тәжірибелері бар екенін көрсете білді. Оқушылардың әскери дайындық жұмыстарын ұйымдастырған қазақ орта мектебінің әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ғабдулла Әбдірахманов ағамыз. Міне, әскери қызметке деген алғашқы дайындықтың бірі осындай болуы керек.
Осындай әдемі көріністерден кейін патриоттыққа толы шарада өз әскери борышын атқарып, елге оралған сарбаздардың бірі – «Ұлан» ефрейторы Тілек Шибаев әскерге аттанғалы отырған жігіттерге тілек пен құттықтау сөзін жеткізді. Сондай-ақ, енді ғана әскерге аттанғалы отырған болашақ сарбаз, болашақ Отан қорғаушы Мұстафин кентінің тумасы Әнет Қаңтарбаевтың да жылы ниетін естідік.
Екі лебіз, өмірдің екі түрлі сынағына дайын азаматтар екенін байқатты. Шынымен де, керемет көрініс. Көз алдында есейіп, ер жігіт болған азамат пен енді ғана жастығын арта қалдырып, алдағы сынақтан сынбауға бел бууға дайын жас сарбазды көрдік.
Бойды шымырлатып алған соң, ойды қозғайтын патриоттық әндерге де кезек келіп жетті. Ауданымыздың мәдениет үйі қызметкерлері Қ.Талашев, З.Төлеубаева, А.Амантайұлы салтанатты рәсімнің реңін әсем әнмен әрледі. Олардың орындауындағы «Елім-ай» сынды патриоттық әндері әрбір сарбаздың жүрегіне сенім мен еліне деген сүйіспеншілікке толы сезімдер алып келгеніне сенімдімін.
Қазіргі таңда әскери қызмет азаматтар үшін абырой, бедел болып саналады. Әскери қызметкерлердің үстіне киген киімдерінің өзі неге тұрады десеңізші. Азаматтық келбетіне құйып қойғандай жарасым тауып, ерекше ер жігіттік мінезін ашатындай. Әскери қызметтің ерекшелігі ер азаматтың ерлігіне ерлік, мінезіне мықтылық қосатыны сөзсіз.
Қайда барсаңдар да ақ жол тілейміз, жас сарбаздар!Сендер - ертеңгі болашақ, Отан қорғаушыларсыңдар!
Ә.Орынтаева
Комментарии (0):
Комменатриев нет.