| Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
|---|
Желтоқсаннан басталған жеңісіңнің алауы.
Көзден аққан ыстық жас мұз боп қатқан,
Жүректегі бұлқыныс жеңіп шыққан.
Ел еркіндігін алғалы биыл 21 жыл. Қазақтың кеше Ақ ордасы болса, бүгінде әлем таныған Елордасының қақ төрінен орын тепкен «Тәуелсіздік символы» егемендіктің 20 жылдығында Ботақарадағы Жыландының баурайынан ойып тұрып орын алды.
16 қаңтарда сол стелаға толықтырулар енгзіліп, биікке самғаған самұрықтың бір қанатына Олжабай мен Нияздай халық батырларының, екінші қанатына Қаныш, Әлкей, Шапықтай ғұлама ғалымдарымыздың ескерткіштері, қақ ортасында «Қазақ елі – мәңгілік жасасын» деген Президенттің сөзі жазылған аркамен «Тәуелсіздік алаңына» айналған кешеннің ашылу салтанатына куә болдық.
Жыланды тауының баурайында еркін қалықтаған самұрық құсы тәуелсіздігіміздің символын білдірсе, осы тәуелсіздікке жету жолында батырлардың, ғалымдардың еңбегі мен қазақтың бағына біткен патшасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерін айқын көрсетіп тұрғандай.
Қаңтардың қақаған боранына қарамастан, белгіленген уақытта алыс-жақыннан келген батыр, ғалымдардың ұрпақтары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және бұқаржыраулықтардың қарасы аз болмады.
«Озған халық өзінің тарихын таспен жазады, тозған халық тарихын жаспен жазады» дегендей, еңселі еркіндік алған 21 жыл ішінде қазақ халқы өзінің арғы-бергі тарихын зерделеп, тасқа жазып жатқандығының бір көрінісі бұл. Өткен тарихты, бабаларымыздың ерлігін болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге қылып, өшпестей етіп тасқа жазуға атсалысып отырған Қарағанды облыстық тілдер басқармасы мен Бұқар жырау аудандық әкімдігі екендігін айта кеткен ләзім.
Қарлы боранға қарамастан, ата-бабаларын ұлықтап, ескерткіш мүсін қойып жатыр дегенді естіген ұрпақтары да Ботақараға қарай ағылды, жүректері қуанышқа толды. Алыс-жақыннан келген сыйлы қонақтар мен бұқаржыраулықтарды қолына найза ұстаған бүгінгі күннің Олжабай мен Нияз батырлары мен арулары қарсы алды.
Нияз батырдың ескерткішін ашу батырдың жетінші ұрпағы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, облыстық қазақ тілі қоғамының төрағасы Темірғали Көкентай ағамызға, Олжабай батырдың ескерткіш мүсінін ашу ұрпағы Мырзакәрім Адашевке, Қаныш атамыздың ескеркішін ашу Алматыдан арнайы ат терлетіп келген Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық мұражайының директоры Бақытжамал Айтмұхамбетоваға, Әлкейдей ғұламаның ескеркішін қызы Дәнел Әлкейқызына,
Шапық атаның мүсінін ашу мәртебесіАлматыдан арнайы келген қызы Марал Шапыққызына бұйырды.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Айтжан Жүніспеков:
- «Тәуелсіздік алаңының» құрылысы осыдан бір жыл бұрын басталып, бүгін толыққан түрінің ашылуына куә болып отырсыздар. Батырлар мен ғалымдардың мүсіндерінің осы алаңнан бой көтеруінің өзінде үлкен мән-мағына жатыр. Бұндай ескерткіштің ашылып жатқандығы ел тәуелсіздігінің арқасы,- дей келе барша жиналғандарды осынау айтулы күнмен құттықтады.
Сонымен қатар, Қарағанды облыстық тілдер басқармасының бастығы Хамит Омаров та қол бастаған батырлар мен ғылым-білімнің кенін ашқан ғалымдар еңбегінің ел үшін қаншалықты маңызды екендігіне тоқталып, ел тарихындағы қиын-қыстау замандарда осы батырлар мен кемеңгерлердің арқасында бүгінгі тәуелсіздікке жеткенімізді, осындай көрнекті тұлғалардың ескерткіші болашақ ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге болары сөзсіз екендігін айтты.
Ақ жаулықты аналарымыз, бөрікті де көрікті қыздарымыз шашу шашты.
Бабалар жолы – баға жетпес мұра
Отыз күн ойын, қырық күн күн тойын жасайтын дархан халықтың тойы бұдан әрі қарай мәденит үйінде «Бұқар жырау ауданының тарихы» атты жаңа кітаптың тұсаукесері мен республикалық ақындар айтысына ұласты.
Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Асхат Әли:
- «Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесі қарсаңында тәуелсіздік стеласы бой көтерген болатын. Бұдан кейін аудан тұрғындарының тілегі бойынша, аудан әкімдігінің бастамасымен биылғы жылы «Тәуелсіздік алаңының» ашылуына куә болдыңыздар. Бұл алаң батырлардың, ғалымдардың, ақын-жыраулардың ел еркіндігі жолындағы еңбектерін ұрпақ санасында мәңгі жаңғыртып отыруға қызмет істейтін маңызы ерекше нысан болып табылады. Бұл ескерткіш тек өткен күндердің белгісі ғана емес, Қазақстан халқының тәуелсіздік жылдарында қол жеткен зор табысының, оның болашаққа деген асқарлы шыңдарының символы болып табылады. Адамдардың бірлігі нығайып, тәуелсіздік мәңгі, мықты болсын»- деді.
Жерлесіміз, белгілі айтыс ақыны Айтбай Жұмағұлов өзінің халыққа арнауында ауданның жетістіктерін жырға қосып, «ағайын, сен не деген бақытты едің, жерұйықтай жерде тұрған» деп бұқаржыраулықтардың мерейін асырып, әсерлі өлеңін арнады.
Тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес өз сөзінде:
-«Бүгінгі соңымызда келе жатқан өрендер ата-бабасынан үлгі алып өсулері керек. Өздерінің туып-өскен жерлерінде қандай батыр, қандай ғалым, айтулы тұлғалар туғандығын білулері керек.
Олжабай батыр 18 ғасырдағы ірі тұлғалардың бірі. Батырдың зираты Ерейментау баурайында. Сондай-ақ бүгін тұсауы кесіліп жатқан «Бұқар жырау ауданының тарихы» атты кітап аудан тарихының хатталуын көрсетеді» -деді.
Нияз батырдың жетінші ұрпағы Темірғали Көкентай:
-«Бүгін Бұқар жырау елінде үлкен бір тарихи оқиға болып отыр. Бұл шараның халық үшін маңыздылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұқаржыраулықтардың бабамызға ескерткіш орнатып жатқандығына үлкен алғысымды білдіремін. Былтырғы жылы Осакаровка ауданында ғылыми конференция өткен болатын. Биыл ескерткіші ашылып, нұр үстіне нұр болып жатыр»-деген болатын.
Ә.Марғұланның қызы Дәнел Әлкейқызы өзінің ерекше қуанышын жеткізіп, қазақ халқына көп еңбек сіңірген әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті. Ескеркіштің ашылып, аудан тарихын, тарихи тұлғаларын қамтитын кітаптың шығып жатқандығы халықтың ұлттық намысын көтеретін оқиға деп бағалап, ауданның гүлденіп, көркейе беруіне тілектестік білдірді.
Қ.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайының директоры Бақытжамал Айтмұхамбетова да өз сөзінде қазақ елі тарихында айтулы күн деп, осындай тойды өткізіп жатқан Бұқар жырау ауданына, халқының жағдайын, болашағын ойлайтын әкіміне үлкен алғысын білдіріп, Алматыдағы академиктің мұражайына шақырды.
Ал, Шапық Шөкиннің қызы Марал Шапыққызы әкесі жайлы тың деректерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға, мәдениет бөліміне үлкен алғысын білдіріп жатты.
476 бетті қамтып, бүгінгі күнде 1000 данамен жарық көрген «Бұқар жырау ауданының тарихы» кітабы жайлы кітап авторларымен қатар, белгілі тарихшылар да сөз алды.
Тарихшы-этнограф, кітап авторларының бірі Темірғали Аршабек кітапты жазу барысында Қытай, Ресей далалық этнографиялық зерттеулер қолданылғандығын және бұл кітаптың болашақ ұрпаққа тағылымы жоғары екендігін атап өтті.
Ал, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнография институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов бұндай құнды кітап үшін 1000 дана аздық ететіндігін және бұл кітап барлық мектептерде болуы керектігін айта отырып, оны шешудің бірден-бір жолы электрондық нұсқасын тарату екендігін алға тартты.
Білім беру ісінің үздігі Қабдығани Батталов қуанышын жеткізіп, Олжабай батырға арналған өлеңін оқыды.
Ауданымыздың сыйлы азаматы, зейнеткер ұстаз Ғалымтай Бақтиярұлы бұл күнді ақ түйенің қарны жарылған күн деп бағалап, көптеген құнды деректерімен бөлісті.
Сондай-ақ келген қонақтардың көпшілігі аудандағы мәдениет саласының жоғары деңгейіне осы саланың басы-қасында жүрген Сәуле Шибаева апамыздың еңбегі де зор екендігін атап өтті.
Ауданымыздың қоңыр дауысты әншісі Азамат Амантайұлы Иманжүсіп Құтпанұлының әнін нақышына келтіре орындап, халық қошеметіне бөленді.
«Өткенсіз ел, тарихсыз жер болмайды» атты кешенді шара республикамызға белгілі ақындардың айтысына ұласты.
Бұқар жырау аудандық мәдениет үйінде былтыр да белді ақындарымыз айтыс сүйер қауымның құлақ құрышын қандырған болатын. Биылғы жылы да түркістандық Еркебұлан Қайназаров, қарағандылық Айтбай Жұмағұлов, Тілеген Әділов, Дидар Қамиев, астаналық Балғымбек Имашев, алматылық Сара Тоқтамысова сынды белді ақындарға деген халықтың қошеметі айрықша болады. Еркебұлан Қайназаров пен Тілеген Әділовтың жұбы бірінші болып айтыс шымылдығын түрсе, Дидар Қамиев пен Сара Тоқтамысованың әдемі айтысы сөз додасының нүктесін қойды. Ал, филология ғылымының кандидаттары Айтбай Жұмағұлов пен Балғымбек Имашевтің айтысы да халық жүрегінен ерекше орын алды.
Тілеген Әділов: «Арқаның атырабын ән қылайын, тыңдарманның шөлін бір қандырайын» дей келіп Бұқардың елі бұлбұлым деп жырласа, Еркебұлан Қайназаров Бұқардың елін осынау үлкен тойымен құттықтап, жырдан тілек жаудырды.
Айтбай Жұмағұлов келер жылы Бұқар жыраудың 345 жылдық тойы болады деп астаналық қарсыласын тойға шақырса, Балғынбек Имашев: «Бұқардай алашқа ортақ баба тойын ауданда емес, Елордада дүркіретіп өткізейік», - деп жақсы ой тастады.
Соңғы болып шыққан Сара Тоқтамысова мен Дидар Қамиевтің айтысы бір жағынан жарасымды қыз бен жігіт айтысы болғанымен, ауқымды мәселелер де көтеріліп отырды.
«Болар елдің баласы бірін бірі батыр дер» демекші Дидар Сараның жақында «Дарын» мемлекеттік сыйлығын алуымен құттықтады. Ал, Сара ақын өз кезегінде «Дарынды» беріп жатса айтысты бағалағаны дей келе, барлық мақтау-марапаттардан халықтың қошеметінің жоғары екендігін әсерлі жеткізді.
Халықтың қуанышын бөлісуге келген алты ақын да бұл тойдың сәнін кіргізіп, айтыссүйер қауымның құлақ құрышын қандырды. Жан-жақтан келген жыр дүлдүлдері Бұқар жырау ауданының басшылары болып, халық болып істеп жатқан игі істерін жырға қосып, бұқар жыраулықтардың мерейін көтеріп тастады.
Айтысты филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов ағамыз жүргізді
Айтыс соңында ақындарды марапаттап, ескерткіштері қойылған 5 тұлғаның атындағы сыйлықтар тапсырылды.
Қ.Сәтбаев атындағы жүлде Еркебұлан Қайназаровқа, Ә.Марғұлан атындағы жүлде Тілеген Әділовке, Ш.Шөкин атындағы жүлде Дидар Қамиевке, Олжабай батыр атындағы жүлде Айтбай Жұмағұловқа, Нияз батыр атындағы жүлде Балғымбек Имашевке, Бұқар жырау атындағы жүлде Сара Тоқтамысоваға бұйырды.
Тағылымы мол, келер ұрпақтың өткенін білуге салынған көпірдей шара соңы көкке атқан отшашулармен аяқталды.
К.Бейғамқызы
Комментарии (0):
Комменатриев нет.