100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Жаңалықтар

Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс

«Бұқарекең жырлайды»

Қазан айының  30-шы жұлдызында Қарағанды қаласының С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының кіші залында Абылай ханның 300 жылдығына, Бұқар жыраудың 345 жылдығына  арналған «Бұқарекең жырлайды» атты облыстық ақын-жыршылар сайысы өтті. Жасындай жарқылдап көрінген Бұқар ұрпақтары бұл күні де Сарыарқаның сайын даласының бұрыш-бұрышында таланттардың көп екенін тағы бір дәлелдеді.
Қазақ халқының елдігі мен бірлігін сақтау жолында алты Алаштың басын бір Ордаға тоғыстырған хан Абылай болса, сол Абылайға ақылшы болып, сара жолды нұсқап, елдің жоғын жоқтап, мұңын жырлап «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау Қалқаманұлының жалынды жырлары бүгінгі ұрпақ үшін таусылмас дария көзі. Сол дариядан нәр татып, сусындап өнеге алған бір топ жас ел аға-апаларының игі бастамасымен додалы сайыста бас қосты. Облысымыздың аудандары, қанаттас қалаларынан 60-қа тарта үміткер қатысқан сайыстың тартысы мен барысын елге белгілі тұлғалар сараптап, әділқазылық етті.   
Биылғы жылы дәстүрлі шара ретінде үшінші рет өткізіліп отырған «Бұқарекең жырлайды» сайысына жыраулар мұрасын зерттеп жүрген профессор, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері Алмас Нұрмаханұлы Алматов төрағалық етсе, «Алаш» сыйлығының иегері Абзал Бөкенов, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының директоры Сансызбай Бекболатов, Бұқар жырау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Мүгүлсім  Шибаева таланттардың дарынын бағалауға ат салысты.
Сайыс Бұқар бабамыздың мұрасын зерттеп, осы салада талмай еңбектеніп жүрген Айтбай Ботпайұлы Жұмағұловтың жүргізуімен өтті. Алдын ала іріктеуден өткен сайыс үміткерлері үш номинация бойынша бақ сынасты. Жасына шектеу қойылмағандықтан, алты жасар баладан бастап, ел ағаларына дейін Бұқар жырларын мәнерлеп оқу, жыраулар поэзиясы үлгісінде жыр жазу, қолына домбыра, қобызын алып жырау мұрасын жырлау номинациялары бойынша өнерлерін ортаға салды. Кеш соңында барлық номинациялар бойынша қатысушылар алғыс хаттармен, түрлі дәрежелі дипломдармен, облыстық  мәдениет бөлімімен аудандық мәдениет бөлімі бірлесе отырып бөлген ақшалай қордың сыйлықтарымен және 2013 жылы Бұқар жырау ауданы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан «Бұқар жырауға тағзым» атты жыр жинақпен марапатталды.
Мәдени шараның шымылдығын ашып, құттықтау сөз сөйлеген  «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Рымбала Кенжебалақызы Омарбекова барша қатысушыларға сәттілік тілеп қана қоймай, Бұқар бабамыздың мол мұрасын насихаттаудың қаншалықты қажет және маңызды екеніне тоқтала кетіп, осыдан 20 жыл бұрын жыраудың 325 жылдығына, Бұқар жырау ауданының құрылу тарихына да бір сәт тоқтала кетті. Әрине, бұл аудан атынан сайысқа қатысуға келген барша үміткерлерге қанат бітіріп, рухты бабаның ұрпағы ретінде артылған үмітті ақтау қажеттігін тағы бір еске салғандай болды.
Бас-аяғы төрт сағатқа созылған мәдени шара жалынды жырларымен көрерменін серпілтсе, домбыраның күмбірлі үнімен арқасын қоздырды. Бірінші номинация бойынша Бұқар жыраудың жырын мүдірместен, төгілтіп жеткізген, мейлінше көп жырын жатқа айтқан сайыскер жеңіске жетті.  «Шаршы топта сөз бастау қиын» дегенге қарамастан, қиыннан қиыстырып, екпіндетіп-нөсерлетіп жыр оқыған жастарға қарап көз қуанды, құлақ құрышы қанды. Осы номинация бойынша ауданымыздың іріктеу сайысынан топ жарып шыққан Үміткер селосының орта мектебі оқушысы, ұлты басқа болса да, тілегі бір Путятина Кристина жүлделі үшінші орынға ие болып, көпшілік көзайымына айналды.
Жыраулар поэзиясының ерекшелігі қоғам шындығын жырлауында, оны қаймықпай-қайтпай толғауында екені белгілі. Осы орайда, Абылай бейнесін ашып, оны Бұқарша жырлап, қоғамымыздың өзекті мәселелерін ортаға салған екінші номинация үміткерлері көпшілік алғысына ие болды. «Үрей мен үміт» атты жыр шумақтары арқылы Сұлтан Дәулетханұлы бір үрей, бір үмітін алмастырып, халықтың көкейіндегіні дөп басып, 25 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен 3-ші орынды иеленді. Бұқар жыраудың «Бірінші тілек тілеңіз» деп басталатын жыр жолдарын өздерінше өрбіткен өрендердің тілегі елдік мұрат-мақсатымызбен ұштасып жатқанын көріп, қуандық, тебірендік.
Жырау жырларын домбырамен жеткізген жыршылар сайысы көрермендердің көңілінен шығып, құлақ құрышын қандырды. Бұл номинация бойынша Жаңаарқа ауданынан келген жалынды жыршылармен бірге өзіміздің аудан өнерпаздары да жыр өнерін өз деңгейінде насихаттай білді. Осы сайыста Ақбел ауылынан Жасұлан Базылов жүлделі 3-ші орынды иеленсе, бас жүлдені жеңіп алған, ауданымыздың Жаңақала ауылының тұрғыны, Қарағанды мемлекеттік техникалық-гуманитарлық колледжінің І курс студенті Дания Жакупова белгілі жыршы Алмас Алматовтың қолынан марапатқа ие болды.
Мәдени шараға төрағалық еткен Алмас Нұрмаханұлы:
- «Бұқарекең жырлайды» сайысы өткізіліп келе жатқан үш жылда жас жыршы-термешілердің шығармашылық лабораториясына айналды. Демек, мектеп жасындағы баладан бастап, аға буынға дейін Бұқар жырау жырларын жырлап жатыр. Бұл өз кезегінде оның шығармашылық зертхана ретінде қалыптасып, ел игілігіне қызмет жасауы жолында мол үлесін қосатыны айқын. Айтыскер ақын, жыршы Айтбай Жұмағұлов сынды азаматтар басы-қасында жүрген бұл шараның елге берері мол. Оның жоғары деңгейде аталып өтіп жатқаны үшін облыстық мәдениет бөліміне, Бұқар жырау ауданына алғысым шексіз. Осы орайда айта кететіні, Бұқар жырау ауданы аталып отырғаннан кейін, болашақта Бұқар жырау мектебі ашылу керек. Яғни, дарынды ұл-қыздар сол ортадан сусындап, академиялар мен консерваторияларға жол тартуы тиіс. Себебі, Бұқар жырау қазақтың бір жырауы ғана емес, оның мұралары тарихтың бір жәдігері ретінде сақталып, насихатталуы керек. Негізгі мақсат-міндет сол.
- Жалпы, «Бұқарекең жырлайды» ақын-жыршылар сайысын өзіңіз мұрындық болып республикалық деңгейге көтеру ойыңызда бар ма?
- Ол жөнінде айтылды. Айтылып та жатыр. Бұл тек келешектің еншісіндегі шаруа, - деп ағынан жарылды.
Әрине, Бұқар бабаның қасиетті мұрасы қалай әспеттелсе де, ел иглігіне ғана бағытталмақ. Қарағанды облысының Нұра, Жаңаарқа, Бұқар жырау сияқты аудандарынан қатысқан жырсүйер өрендермен бірге қала басындағы, Теміртау қаласындағы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, тіпті ұстаздар қауымының белсене қатысуы өте қуанышты. Сайысқа қатысушылардың бірі Бұқарша «Қазақ қайда барасың? Батыс жақты бетке алып» деп жырлағанындай, жат мәдениеттен тамыр тартқан ұрпақтан гөрі, жыраудың жалынды жырынан нәр алған жас ұрпақтың ұлтжанды, елсүйер азамат болып қалыптасары сөзсіз.

Комментарии (0):

Комменатриев нет.

Добавить комментарий

Вернуться к списку новостей

© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Сайт разработан при поддержке официального сайта Mostbet - Букмекерская контора и онлайн казино в Казахстане.