| Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
|---|
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, күні бүгінге дейін су тасқыны салдарынан зардап шеккен көкпектіліктерге еліміздің түкпір-түкпірінен қолдау көрсетіліп, гуманитарлық көмек келіп жатыр.
Қасиетті жұма күні осындай сауапты істің тағы біріне куә болдық. Ол күні Қарақаралы ауданынан ұсақ мал жеткізілсе, бүгін міне 2010 жылы осындай қайғылы оқиғаны басынан кешкен Қызылағаштықтар он тонна азық түлік әкелді. Оның ішінде ұн, күріш, сұйық май, шай, макарон, гречка, қант, пияз, кәмпит, минералды су т.б. бар.
Көмекке келген Алматы облысы Ақсу ауданының өкілдері зардап шеккен халықпен кездесіп, түсіндіру насихаттау жұмыстарын жүргізді.
Қызылағаш ауылдық округінің әкімі су тасқынынан кейінгі Қызылағаштағы жағдайы және құрылысы жайлы айтып берді:
- Біздің ауылда 2010 жылы осындай ірі табиғи апат болды, су – тілсіз жау демекші, бәріміз ауылды көркейту, қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмыла атсалыстық. Міне, осы бірлігіміздің арқасында тікелей Елбасымыздың тапсырмасымен 4 айдың ішінде 565 үй салынды – дейді Сәулеш Мажитқызы Амитова.
Қызылағаштықтар су апаты салдарынан қаза болған адамдарға арналған мемориалдың басына барып, құран оқытып, үлкендердің батасын алып жолға шыққандарын айтты.
Тұрғындар атынан ауыл мешітінің имамы, жатақхана тұрғындары, ауыл ақсақалдары келіп, алғыс тілектерін білдірді.
Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Асхат Әли сөз сөйлеп, барша көкпектіліктердің атынан алғыс айтты:
- Көкпекті ауылының тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсеткен үшін барша қызылағаштықтарға және осы сауапты істің бастамасына мұрындық болған Ақсу ауданының әкімшілігіне шынайы алғысымды білдіремін – деді Асхат Әли.
Өз тарапынан Бұқар жырау аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Төлеген Ргебаев Ақсу аудандык Нұр Отан партиясының филиалы төрағасының бірінші орынбасары Даулетбекова Күләйхан Тұрсынбекқызына зор алғысын білдірді:
- Табиғи апаттың құрбаны болған халықтың әл-ауқатын ойлап, Ақсу аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының осындай іс-әрекеті, Қазақстан Республикасы Президенті, Елбасымыздың салған сара жолының ізбасарлары екендігінің тағы да бір дәлелі – деді Төлеген Ргебаев.
Зардап шеккен тұрғындардың арасынан жиналған бір топ волонтерлер тиелген жүкті гуманитарлық көмек қабылдау және беру пунктіне түсіріп, іріктеп, көше-көшелерді аралап, тұрғындарға карточка арқылы тарата бастады.
Сөз соңында Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Сәулеш Мәжитқызы: «Еңбек етіп, бірігіп жұмыс жасау керек. Қазір Аллаға шүкір Қызылағаш ауылы жайнап күннен күнге дамып келеді. Сіздер де ертең-ақ сондай дәрежеге жетерсіздер» - деп, көкпектіліктерді еңбекке, бірлікке шақырып, өздерімен бірге ала келген «Көкпектіліктерге арнау» атты өлең жолдарын ұсынды.
«Көкпектіліктерге арнау»
Айналайын Көкпектілік қырандарым,
Бауырластар, үлкен-кіші шынар бағым.
Жай-күйіңді бізге ұқсас естігенде
Мен бұл жақта жай тауып жүре алмадым!
Өткен іске ешкім қарсы тұра алмайды,
Дәл сырыңды біздей ешкім ұға алмайды.
Тірілерге тәңірім жар болсын деп,
Дұға тілеп, Қызылағаш ұрандайды.
Қызылағаштай жаңа жайлап желегің,
Шуақ болып келешекте көрерің,
Азда болса көптей көріп, ағайын,
Қабылдағай Ақсу ауданы мен Қызылағаштың көмегін!
Авторы: Аблкашев Болат –Қызылағаш ауылы
Мәдениет үйінің қызметкері.
Бұқар жырау ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Комментарии (0):
Комменатриев нет.