100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Жаңалықтар

Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс

БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ БОТАҚАРА КЕНТІНДЕ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БІРТУАР ПЕРЗЕНТІ — БҰҚАР ЖЫРАУДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

      Бұқар жырау ауданы жыл өткен сайын экономикалық-әлеуметтік және мәдени тұрғыда жылдан жылға дамып, көркейіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, ауруханалар салынуда. Сондай – ақ тарихы бай Бұқар жырау ауданында мәдени мұралар да жаңартылып бой түзеуде.

Бұқар жырау Қалқаманұлы суырып салма ақын, жырау,  Абылай ханның кеңесшісі жыраудың өмірі мен шығармашылық жолы Сарыарқамен тығыз байланысты. Сол себепті, бұқаржыраулықтар бүгінгі күнде Жыланды тауы бөктерінде бой көтерген Бұқар бабамыздың ескерткішінің ашылуы салтанатын асыға күткен еді.

Бүгін 19 қыркүйекте Ботақара кентінде облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтың қатысуымен Бұқар жырау Қалқаманұлының ескерткішінің ашылу салтанаты болды. Облыс әкімі барша бұқаржыраулықтар мен қонақтарды жырау ескертішінің ашылуымен құттықтады.

- Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен байтақ даламызды жаудан қорғап қалған батыр бабаларымызға, сол батырлардың ерен ерліктерін дәріптеген жырауларымызға қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды. Бүгінгі игілікті шара осындай орынды құрметтің нақты бір көрінісі болып табылады,-деді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков құттықтау сөзінде.

  Көрермен қауым назарына бүгін Қарағанды қаласы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры өнерпаздарының  дайындаған қойылымы көрсетіліп, Ботақара кентінің қазақ мектебінде  Бұқар жырау атындағы жыршы-жыраулар сыныбы ашылды.

Сонымен қатар, бұл күні аудан орталығының мәдениет үйінде Бұқар жырау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған фильмнің тұсаукесері болып өтті.

Мерекелік шаралар бұдан кейін танымал ақындар айтысымен жалғасты.  Республикаға белгілі ақындар Балғынбек Имашев, Серік Дүйсенғазин,  Мейірбек Сұлтанхан, Жансая Мусина, Дидар Қамиев және Айтбай Жұмағұловтар жұп болып айтысып, Бұқар баба, Ботақара елі мен жері, тарихы жайлы насихаттады. Айтыс барша көрерменнің көңілінен шықты. Айтыс Бекболат Тілеухан мен Алмас Алматов ағаларымыздың  жыр шашуымен,  домбырашы Ұлан Бақыжановтың керемет күйлерімен көркейе түсті.

Кешке мерекелік шара Қарағанды облыстық Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің "Мерей" ансамблі, әнші Сәкен Жанаяпов, домбырашы Ұлан Бақыжанов және жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концертпен жалғасты.

 

Бұқар жырау ескерткішінің авторы – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, мүсінші Бейбіт Мұстафин. Ескерткіш мемлекеттік комиссия ұсынысына сәйкес,  бетоннан жасалып, қола түстес бояумен боялған.  Мүсіндік композиция барлық техникалық талаптарға сай. Биіктігі 8 м. 40 см., тұғыры – 4 м. 20 см., ал салмағы 16 тонна.

- Бұл сәулеттік туынды арқылы біз еркіндікке ұмтылу идеясын, Бұқар жыраудың хандарға ақылшы, халқына басшы болған өр рухты өжет тұлға екенін көрсеткіміз келді,- дейді ескерткіш авторы Бейбіт Мұстафин.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы баба мүсінін жасау қолға алынып, республикалық конкурс жарияланған болатын. Жалпы саны 21 эскиз ұсынылған еді. Арнайы құрылған комиссияның қорытындысы бойынша Б.Мұстафиннің жұмысы лайық деп танылды.

 

Аудан әкімінің баспасөз қызметі  

 

фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото

Комментарии (0):

Комменатриев нет.

Добавить комментарий

Вернуться к списку новостей

© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Сайт разработан при поддержке официального сайта Mostbet - Букмекерская контора и онлайн казино в Казахстане.