Болашақ бәсекеге қабілетті мамандардың компетенттілігіне, іскерлік қабілетіне, қойылатын талаптардың жедел өсуіне байланысты өскелең ұрпаққа жан-жақты базалық және кәсіби білім беру, қабілеттерін есепке ала отырып, тұлғаны дамытуға бағытталған оқытумен қамтамасыз ету мемлекеттің мектептер алдына қойған басты міндеті.Осы міндетті мүлтіксіз атқарып отырған алдыңғы қатарлы мектептердің бірі – Ростовка орта мектебі.
Бұқар жырау ауданының «Ростовка жалпы білім беру орта мектебі» КММ биыл қазан айында бес жылға дейінгі мерзімге мемлекеттік аттестаттаудан өтіп, 2014-2015 оқу жылын қуанышты көңіл-күймен бастады. Бұл мектептегі педагогикалық білім мен атқарылып жатқан іс-шаралардың барлығы 348 оқушыға және шағын орталықта тәрбиеленуші 65 балаға сапалы білім мен тәрбие беруге бағытталады. Мектептің педагогикалық құрамы 76,7% жоғары білімді, 23,3% орта арнайы білімді, ұжым бойынша біліктілік сапасы жоғары және бірінші санаты мұғалімдер 48,3% . Осындай білікті педагогтардан оқитын оқушылардың білім сапасы 68% озаттар саны 88 оқушы, екпінділер 112 оқушы. Мектеп оқушылары әртүрлі облыстық, республикалық, Халықаралық сайыстарға, олимпиадалар мен интеллектуалдық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. Соңғы оқу жылында 75 оқушы Республикалық және Халықаралық интернет-олимпиаданың жеңімпазы болды. «Ақбота» сайысынан 30 оқушы жүлделі орынға ие болса, 7 оқушы «Бастау» сайысынан жүлделі орындарды иеленді, 6 оқушы Республикалық «Зерде» зерттеу жобалары сайысының жеңімпазы. Бұл мұғалімдердің біліктілігінің жемісі, ұстаз еңбегінің еш кетпейтінінің көрінісі.
Педагогтар біліктілік деңгейлерін көтеру үшін «Өрлеу» БАҰО АҚ Қарағанды қ. филиалында курстардан өтіп отырады. 8 мұғалім жаңа форматтағы 3-айлық деңгейлік курстан өттті, олар коучинг сабақтар өткізіп біліктіліктері мен білімдерін әріптестерімен бөліседі.
Мұғалімдердің еңбегі еленіп аудан, облыс, республика деңгейінде алғыс хаттармен, дипломдармен марапатталып отырады. Жыл сайын тағайындалатын аудан, облыс Әкімінің сыйлығын Ростовка мектебінен 12 мұғалім жеңіп алды. Мектеп директоры Н.М.Умирбаев «Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті қызметкері», «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің, Қазақстан Республикасының 10-жылдық мерейтойлық медалінің иегері, 2006 жылғы «Білім беру саласының үздік менеджері» атты республикалық конкурстың лауреаты, 2011 жылы «Білім беруді дамытудағы ерекше қызметі үшін» номинациясы бойынша облыс Әкімінің 1000000 теңге сыйлығын жеңіп алды. Директордың орынбасарлары Амралина Қ.А., Оспанов Қ.А. «Үздік пән мұғалімі» номинациясында облыс Әкімі сыйлығының иегерлері. 2012-2013 және 2014 жылдары «Мұғалім мамандығына адалдығы үшін» номинациясы бойынша аудан Әкімінің сыйлығын Салыгина Н.В., Иошина С.М., Оспанов К.А., Оспанова Б.Ж., Жайлаубай Н., Маханова А.К., Аманжолов Е.М., Барташевич Л.Ю., Қозбағарова Г.Б. иеленді. Көп жылдар бойы мектеп директорының оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасары қызметін атқарып келе жатқан білікті математик ұстаз, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің құрмет қағаздарының иегері М.К.Кабдикаримова 2014 жылы тамыз кеңесінде «Білім саласына сіңірген еңбегі үшін» Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды. Мектептің өз шәкірттері жас маман болып қайта оралып, сабақ беріп, бұрынғы ұстаздарынан кәсіби тәлім-тәрбие алып жүргені де мектеп іргесінің құт-берекесінің айғағы.
«Ресурстық орталықтардың» мақсаты заманауи білім беру үшін материалдық-техникалық жағдайлар мен пәнге деген қызығушылықты арттыратын ұтымды ақпараттық әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы оқушылардың оқу материалын толық меңгеруіне және шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған жетістікті, белсенді және саналы түрде әрекет етуіне жағдай жасау болып табылады.
Оқушыларға сапалы білім беру үшін мектепте барлық жағдай жасалған. Барлық оқу кабинеттері заман талабына сай, эстетикалық тұрғыда жабдықталған. Кабинеттердің ақпараттық-технологиялық жағынан жабдықталуы, яғни компьютерлер жүйесі, Интернет желісі, интерактивтік тақта, электрондық оқулықтар ме флипчарттар т.б. оқушы мен мұғалімнің жұмыс жасауына толық мүмкіндік береді. Мұның бәрі балалардың жақсы білім алуына, білімдерін нығайтуына зор әсер етеді.
Мектеп оқушылары жыл сайын ҰБТ-ге 100% қатысып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді. Жыл сайын 100% түлектер Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен оқуға түседі. Мектеп 2003 жылдан бастап «Ресурстық орталық» инновациялық жобасы бойынша, 2004 жылдан бастап Республикалық «12-жылдық оқыту» эксперименттік жоба бойынша жұмыс істейді. Ғылыми жұмыс бойынша директордың орынбасары А.К.Маханованың жетекшілігімен жұмыс істейтін мектеп оқушыларының ғылыми қоғамы үздіксіз ізденіспен жұмыс істейді. Жыл сайын Ростовка РО ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оқушылардың үздік жобалары аудан, облыс көлемінде қорғалады және жүлделі орындарды иеленуде. Әдебиет қайраткерлеріне арналған дәстүрлі «Абай оқулары», «Мағжан оқулары», «Ахмет оқулары» сияқты сайыстардан біздің мектептің оқушылары аудан көлемінде алдыңғы орындарды иеленсе, облыстан 2-3-орынға ие болып жүр. Бұл тұрғыдан Анарбек Мұхтар, Өмірбек Жарқынгүл атты талапты балалар мақтанышымыз.
Мектептің тәрбие жұмысы үнемі алдыңғы қатарда тұрады, 155 оқушы түрлі мәдени-спорттық секцияларға қатысады және жарыстарда жетістіктерге жетіп отырады. Атап айтқанда, «Жас талап» жол қозғалысының жас инспекторлары үйірмесі, қолөнер мен көркемсурет үйірмелері, «Таңшолпан» ән-би ансамблі, «Қазақ күресі», баскетбол-волейбол, шахмат-шашки, әскери-дағдыларға баулу үйірмелеріне оқушылар аса қызығушылықпен қатысады. Тәрбие жұмысы бойынша директордың орынбасары Қ.А.Амралина жетекшілік ететін «Жас талап» ЖҚЖИ командасы бірнеше жыл қатарынан аудандық сайыстан 1-орын, облыстық сайыстан 2-орынды жеңіп келе жатыр.
Мектеп директоры Нүриден Марякұлының тікелей басшылығымен мектептің жертөлесінде «Сұңқар» әскери-спорттық сауықтыру кешені 2005 жылдан жұмыс істейді, мұнда күрес залы, тренажер, шахмат-шашки клубы, лыжы клубы, теннис, тир залдары жұмыс істейді. Клубтың құрамында 100-ге тарта оқушы спортпен айналысып, әскери өнерді үйреніп, аудан, облыс, республика көлемінде жеңімпаз атанып жүр. Мектебіміздің мақтанышына айналған «Сұңқар» клубы бүгінде облыс пен республика көлемінде әскери-спорттық ойындардың үздік командасы ретінде танымал. АӘД мұғалімдері Оспанов Қ.А. пен жас маман Айтышев Е.Т. жетекшілігімен «Сұңқар» клубы аудандық «Ұлан» сайысында I-ші орын, облыстық «Жауынгер-2008» облыстық байқауында I-ші орын, облыстық әскери-патриоттық ойындарда I-ші орынды иеленді. 2010 жылы 20-25 шілдеде әскери-спорттық және патриоттық клубтар арасында Қарағанды қаласында өткен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Отан қорғаушы-2010» I-ші Республикалық Форумында I-ші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. 2012 жылы Астанада республикалық әскери-спорттық клубтар сайысында және Республикалық әскерилендірілген кросстан Щучинск қаласында Қарағанды облысының намысын қорғап алдыңғы орындарға ие болды. 2013 жылы Семей қаласында өткен республикалық «Жас ұлан» әскери-спорттық ойындарының финалында I I-ші орынды иеленді. 2014 жылы көктем-жаз айларында «Сұңқар» әскери-спорттық клубы төрт рет түрлі жарыстарға қатысып облыс намысын қорғады және 1- орындарға ие болды.
2010 жылы мектеп жанындағы интернат аясында қолда бар материалдардан жылыжай кешені, гүлзарлар, жеміс-жидек бақшасы салынды. Биылғы оқу жылында интернат жертөлесін жөндеуден өткізіп, мектептің өлкетану мұражайын ашу мақсатында қызу жұмыс жүруде. Бұл оқушылардың ғылыми-эксперименттік, зерттеу жұмыстарын жасауы үшін зертханалық кешен және шығармашылық шеберхана болып табылады.
Ростовка орта мектебі «Ресурстық орталық» инновациялық жобасы бойынша тірек мектеп дәрежесінде 2003 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2010 жылдан бастап Ростовка ОМ республикалық «Ресурстық орталық» эксперименттік алаңына енгізілді. Ресурстық орталыққа қарасты Киров ОМ, Андренниковка НМ, Краснонива НМ мектептерінің ұжымы экспериментті жетістікпен жүзеге асыру үшін жемісті еңбек етуде.
Осыған орай 2013 жылдың сәуір айында «Ресурстық орталық мәселелері» бойынша Қарағанды қаласында өткен Республикалық семинардың практикалық бөлімі Ростовка Ресурстық орталығының тірек мектебі - Ростовка орта мектебінде өткізілді. «Ресурстық орталық» жобасын жүзеге асыру арқылы ауылдың шағын мектептерінің білім сапасын жақсарту, мамандар мәселесінің шешімін табу және кәсіби бағдар беру, бейіндік оқыту міндеттері іске асырылуда. Екі күнге созылған тәжірибе алмасу бөлімі Ростовка Ресурстық Орталығының оқу зертханасы бойынша практикалық жұмыстарымен тәжірибе алмасу мақсатында республикалық семинарға қатысушыларды Ростовка орта мектебі лайықты қарсы алып, тәжірибе алмасты.
Мектептің жеткен жетістіктері мен табыстары, тәрбиелеп шығарған шәкірттері мен оқытушы ұстаздары туралы айта берсе бір мақалаға ауыр жүк болар еді. Қорыта айтсақ, Ростовка орта мектебі аудандық рейтинг бойынша үнемі бірінші орында, Президентіміздің жыл сайынғы Жолдауларында білім беру саласына қойылатын талаптар мен міндеттерді орындау үшін, келешек ұрпақ игілігі үшін бар күш-жігері мен ақыл-парасатын аянбай жұмсап жүрген Ростовка педагогикалық ұжымы үнемі биік белестерден көрініп жүр.
Г. Біләлова
Ростовка ОМ кітапхана меңгерушісі