100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Жаңалықтар

ҚУАНА ОҚИЫҚ

Былтырғы жылдан бері «Қазақстандағы орта мектептердегі әдебиеттердің оқытылуы туралы» мәселе  сөз болып келеді. Осы мақсатта Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Балалар оқуының Қазақстандағы картасы» атты жоба құрған болатын. Қазір осы жоба бойынша Қазақстанның бүкіл аймағында жұмыс жүргізілуде.

Биылғы жылы Қарағанды облысында да оқу-әдістемелік білім жетілдіру орталығының ұйымдастыруымен Бұқар жырау ауданында мектеп қауымдастығының «Оқуға деген қуаныш» атты әлеуметтік-педагогикалық жобасының жоспары құрылды. Жобаның көздеген мақсаты - оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятып, оқу мәдениетін және бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын арттыру, оқушылардың рухани адамгершілігі мен зияткерлігін дамыту.

Осы жобаға Бұқар жырау ауданынан «Елтай орта мектебі», «Үштөбе орта мектебі» және «Токаревка орта мектебінің» бастауыш сынып мұғалімдері мен оқушылары қатысады.

Аудан бойынша осы жобада көрсетілген іс-әрекеттерді ұйымдастырып, қадағалап жүргізуді Үштөбе орта мектебінің жоғары санаттағы бастауыш сынып мұғалімі С.Р.Рукавичникова қолға алды.

Жобаның жоспарын құрастырушылардың бірі жоғары санаттағы, 1-деңгейлік бастауыш сынып мұғалімі А.Анафина Елтай орта мектебінде қараша айының 13 күні алғаш  мұғалімдер қауымдастығымен біріккен ата-аналар жиналысын өткізді. Мақсат - «Оқуға деген қуаныш» әлеуметтік-педагогикалық жобасын іске асыру жоспарын енгізу туралы ата-аналарға ақпарат беру. Жиналысқа қауымдас Үштөбе орта мектебі және Токаревка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімдері мен кітапханашылары, мектеп басшылары және АӘК басшысы М.Касенуалиева қатысты. Ол жиналысты ашып, жобаға қатысушыларға сәттілік тілеп, жұмыстың нәтижелі орындалуына өз тілегін білдірді.

Жиналысты Елтай орта мектебінің ҒӘЖ жөніндегі орынбасары А.Анафина «Оқу сапасынан білім сапасына дейін» атты тақырыпта коучинг түрінде өткізді. Осы жоба бойынша ата-аналарға ақпарат беріп, мақсат-міндеттерін айтты. Жиналыста түрлі ақпараттық технологиялар қолданылып, ата-аналарға сауалнамалар берілді, қызықты ойын тәсілдері қолданылды.

Жиналыс барысында май шаммен  кітап оқылып, қариялар өткен өмірлерінен сыр шертті.   Осыған орай Токаревка мектебінің директоры М.Макаров бала кезден алған тәрбиенің арқасында әлі күнге дейін әдеби кітаптарды үзбей оқитындығын, кейінгі ұрпаққа кітаптың адам өмірінен алатын орны ерекше екендігін үнемі айтып отыратындығын және бұл жобаның өте орынды екендігін сөз етті.

Жиналыстың әсерлі болғаны соншалық, ата-аналар әр тапсырмада белсенділік көрсетіп, кітап оқуға келтіретін кедергілер жайлы өз ой-пікірлерін ашық айтты. Тақырыпқа сай оқымысты атақты адамдардың шапшаң оқу, есте сақтау қабілеттері туралы және кітап оқудың пайдасы туралы ақпараттық бейнебаяндар көрсетілді.

Жиналыс арасында барлық қонақтарға флешмоб қойылды. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдер А.Ағыбаева мен Н.Шабыкеева «Оқу құзырлығын арттыру: іс-тәжірибеден» атты шеберлік сабақ өткізді. Онда балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын әдіс-тәсілдер айтылып, көрсетілді. Ата-аналар бір сәтке болса да өздерін оқушы ретінде сезініп, балалық кездерін еске алды. Сабақ соңында ата-аналар балалардың кітап оқуына кедергі болатын жайттарды жою жолдарын біліп, қызықтыру тәсілдерін үйренді. Әр сыныптың ата-аналар кеңесінің төрайымдары сол күнгі алған сабақтарын үйде қолдануға  болатындығына көз жеткізіп, жиналысты ұйымдастырушыларға ризашылықтарын айтты.  Жобаға ұйымшылдықпен қатысатындықтарын айтып, қолдау білдірді.

Жиналыс соңында үш қауымдастық мектеп арасында дөңгелек үстел өтті. Қатысқан  қонақтар өткізілген жиналысқа сараптама жасап, алдағы жұмыстың бағдарламасымен танысып, талқылады. Бағдарлама бойынша осы жобаның орындалуы туралы семинар желтоқсан айында Үштөбе орта мектебінде өтілетіні айтылды.

Осындай ата-аналар жиналысы жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі С.Рукавичникованың басқаруымен қараша айының 20-сы күні Үштөбе орта мектебінде де өткізілді. Жиналысқа бастауыш сынып ата-аналары мен мұғалімдері және директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Ж.Құсайынова қатысты. Жоба мұнда да өз қолдаушыларын тапты. Ата-аналар балалардың салауатты өмір салтын қолдап, кітап оқуға деген құлшынысын арттырудағы игі бастамаларға жұмыла қатысатындықтарын айтып, жұмыстың  жемісті болуына тілек білдірді.    

Біз де жобаға қатысушыларға жаңа оқу жылында басталған осы іс-шараны сапалы  өткізіп,  қиын да қызықты кезеңдерден сүрінбей өтіп, көздеген мақсаттарыңызға жете беріңіздер дегіміз келеді.

А.Байдуллаева,

Үштөбе орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Вернуться к списку новостей

© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Сайт разработан при поддержке официального сайта Mostbet - Букмекерская контора и онлайн казино в Казахстане.