Ақбел ауылдық округінде халық саны - 828 адам, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны - 422, жұмыспен қамтылған - 253 адам, өзін-өзі жұмыспен қамтыған - 165 адам, жұмыссыз ретінде тіркелген - 4 адам, жәрдемақы алатын - 11 отбасы, тұрғын үй көмегі - 1 отбасы, атаулы әлеуметтік көмек - 1 отбасы.
Округ аумағында 39 шаруа қожалығы және 3 жеке кәсіпкер тіркелген. Жыл қорытындысы бойынша округте 42 адам жұмыспен қамтылды.
Округте 8 тыл ардагері тұрады. Жеңіс күні, қарттар мейрамында мерекелік шараға шақырылып, ата-әжелерімізге көңіл бөлінеді.
Ауыл шаруашылығының негізгі бағыты - мал шаруашылығы болып табылады. 2016 жылы ірі қара - 2403 бас, қой-ешкі - 4464 бас, жылқы - 1000 бас тіркелді. Округ шаруа қожалықтары 1310 га көлемінде дәнді дақыл екті.
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында екінші бағыт бойынша өз кәсібін ашуға Калкишева Зауреш Картабаевна 3 мл.теңге көлемінде несие алды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 761 мың теңге қаражат бөлінген. Құрама ауылында балалар ойын алаңы жасалды және Ақбел ауылында 35 көше шамдарына электр үнемдеу шамдары қойылды.
2016 жылы қолма-қол бақылау шотына (КСН) 4 түрлі салықтан түскен қаражат 561,8 мың теңгені құрады. Оның 250,3 мың теңгесі көше жарықтандыру қызметін төлеуге жұмсалса, 110 мың теңгесі көше жарықтандыру шамдарын жөндеу жұмыстарына төленді. Қалған 201,5 мың теңге 2017 жылға ауыстырылды.
2017 жылы 6 түрлі салықтан түсетін қаржы 992 мың теңгені құрайды. Аталған қаржының 242 мың теңгесі көше шамдарын жөндеуге жұмсалса, қалған 750 мың теңге Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішті қоршауға жұмсалады. Жалпы округ бойынша ауыл көшелеріне 44 жарық шамдары орнатылған. Ақбел ауылында екі скважина, бір су қоймасы арқылы халық таза сумен қамтамасыз етіледі.
Кесте бойынша «Қарағанды-Ботақара-Ақбел» 84 маршрутты автобусы 2 мезгіл қатынайды. Ауыл тұрғындарына өте қолайлы.
Жыл басынан бастап ауылдық клуб үйінде әр мереке күндеріне арналған мәдени шаралар өткізіліп тұрады. Аталмыш шараларға ауылдың кәсіпкерлері, шаруа қожалықтарының басшылары демеушілік көрсетеді. Сонымен қатар модельдік кітапхана халыққа өз қызметін көрсетуде.
Қ.И.Сәтбаев атындағы мектепте 109 оқушы оқиды, мектеп жанында интернат жұмыс атқаруда. Ақбел және Құрама ауылдарындағы шағын орталықта 29 бала тәрбиеленеді. Қ.Сәтбаев атындағы мектеп асханасынан 60 бала тегін тамақтанады.
Дене шынықтыру және спорт түрлерін әрі қарай дамыту мақсатында ауылда күрес залы жұмыс жасайды. Қазіргі кезде 25 бала күрес секциясына қатысады. Аудандық, облыстық жарыстарда біздің палуандарымыз жүлделі орындарды иеленуде.
Округте 3 медбике жұмыс істейді. Ақбел ауылында бір медициналық пункт орналасқан. 2016 жылдың шілде айында жылжымалы флюрогрфия ауылымызға келіп қызметін көрсетті. Мектепте, мәдениет үйінде салауатты өмір салты насихатталып, әр түрлі іс-шаралар өткізіледі. 2016 жылы округ бойынша 17 бала туды.
Әкімдік ғимаратында ветеринарлық бөлімі жұмыс атқарады, талапқа сай материалдық-техникалық жабдықтармен және интернет жүйесімен толық қамтылған. 2016 жылға арналған ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар толығымен жүргізілді.
Қыс мезгілінде ауыл ішіндегі көше жолдарын қардан тазарту жұмыстары атқарылады.
Ақпараттық насихаттау тобы әр мемлекеттік мекемеде, мешітте халықпен кездесу өткізіп сыбайлас жемқорлыққа, діни экстремизмге қарсы дәрістер оқиды.
Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету аясында жыл басынан 271 өтініш түсті. Түскен өтініштер толығымен қанағаттандырылды.
Сонымен қатар округ аумағында ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын одан әрі дамыту, мал санын көбейту және асылдандыру жұмыстары жоспарлануда. Алабас ауылында қара малды бордақылау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр және егін шаруашылығын дамытуға инвестор келеді.
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өз кәсіптерін ашуға несие аламын деуші ауыл тұрғындарынан өтініштер қабылдануда.
2016 жылы халықтың сұрауына қатысты жиналыс өткізілді, өзекті мәселенің бірі - ауыл халқының малын бағу. Жиынның қорытындысы бойынша бақташылар сайланып, олармен келісім-шарт жасалды.
Ақбел ауылдық округінде ардагерлер кеңесі 5 адамнан құрылған. Жыл барысында ауылымыздың қарттары қоғамдық және мәдени іс-шараларға белсене қатысады. К.Базилов, Н.Бекмағамбетов ауыл көркемөнерпаздары. Маңызды мәселелерді шешу барысында ауылдың ақсақалдары ақыл- кеңесін беріп отырады. Әр түрлі мәселелер бойынша округ бөлімшелерінде халықпен кездесу өткізіледі.
Қазіргі кезде шешілмей жүрген мәселелер - мектеп ғимаратының спорт залын жөндеу, Құрама ауылындағы су мәселесін шешу, ауылдың ішкі жолы және Алабас ауылына баратын тас жолды жөндеу, ауылдағы клуб үйін жөндеу.
Ауыл тұрғындарын алдағы іс-шараларды бірлесіп атқаруға шақырамын.
А.Досмаков,
Ақбел ауылдық округінің әкімі