home Русский Қазақша Сайт картасы Кері байланыс WAP Нашар көретiндер үшін
100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Спорт

Қазақ күресіне азаттықтың үлесі
Ұлттық спорт түрінің бірі де бірегейі қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры терең тарихымен тұтасып жатыр десек, ежелден түрлі басқосулар мен тойлар қазақ күресінсіз өтпегендігі тарихтың сарғайған беттерінен белгілі. Көпшіліктің алдында күш сынасып, жеңіске жеткен балуандарды халық төбесіне көтерген. Бүгінгі күнде қара күш иесі қазақтың Қажымұқаны қазақ халқының тарихында ғана емес, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының құрамына кіріп үлгерген.
Дереккөздерге сүйенсек, «Қазақ күресі» бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп,  1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен ірі халықаралық турнирлер өткізілген. Ұлттық күрес Қазақстан егемендік алғаннан кейін тіптен жаңа серпін алып, 1991 жылдан бастап республикалық чемпионаттар мен біріншіліктер жыл сайын өткізіліп келеді. Сондай-ақ, 2005 жылы Ресейде (Алтай өлкесі) «Қазақ күресі» бойынша І Азия Чемпионаты, 2005 жылы қарашада Астанада ҚР Президентінің жүлдесіне «Қазақша күрес» бойынша ірі халықаралық турнир болып, оған әлемнің 25 елінен 100-ден аса спортшы қатысса, Монғолияда «Қазақ күресінен» ІІ Азия Чемпионаты және тағы басқа көптеген біріншіліктер мен тартысты белдесулер болып жатқандығы әріден келе жатқан қазақ спортының әлемде мойындалып отырғандығы деп білуге болады.
Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарында қазақтың осындай спортын дамытуды, оған буыны қатпаған балаларды баптауды көздеген шешенқаралықтар шағын ғана ауылдан қазақ күресінің көсегесін көгертетін спортшыларға арнап күрес залын іске қосқандығына бүгінде екі жыл уақыт болған. Осы уақыт аралығында күресте күш сынасып, аудан, облыстан жүлделі орындар қанжығалап, ел үмітін ақтаған азаматтар да шығып үлгерген.
Ауылдағы бос тұрған ғимаратты өндірістік кооперативтің басшысы болған Серік Өскенбаевтің (қазіргі әкім) бастамасымен, мұғалімдердің қолдауымен 2011 жылы «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылдығына» орай Социалистік Еңбек ері, ауданның құрметті азаматы  Иван Дүйсенбекұлы Садуақасовтың атымен атап, таза да жарық күрес залына айналдырған.
Егемендіктің 20 жылдығында ауыл халқына бұл үлкен тарту болған. Әсіресе, спортқа бейім балалардың қуанышында шек болмаған.
Қашанда өзінің спортқа жақындығымен, салауатты өмір салтын сақтап, жастарға үлгі көрсетіп келе жатқан Елбасының еліміздің спортына деген қамқорлығы да шексіз. Әсіресе, соңғы жылдары ауылдардағы спортты дамытуға үлкен көңіл бөліп, әрбір ауылда үлкенді-кішілі спорт алаңдары, кешендері салынып, пайданануға беріліп жатқандығы осының бір көрінісі болса керек. Алайда, осы күнге дейін көп кездестіре бермеген күрес залы шағын ғана Шешенқара ауылында ауыл азаматтарының күшімен іске қосылып, қазіргі таңда 30 бала дайындалатын 2 топ белсенді жаттығу үстінде болғандығы ауылдарда «елім» деп соғатын жүректердің барлығын көрсетіп, басқаларға да үлгі болып отыр.
Астына толығымен маттар төселген жарық та кең күрес залымен қатар, жаттықтырушы кабинеті,  жуынатын бөлмелеріне титан қойылып, бір сөзбен айтқанда жақсы спортшы болып шығуға барлық жағдай жасалынған. Ендігі кезекте жастарымыз жалқаулыққа бой алдырмай, тер төгіп жаттығып, додаларда топ жарса болғаны.
2011 жылы ашылған күрес залында жас спортшыларды Рүстем Есімханов жаттықтырса,  қазіргі таңда спорт шебері Орал Аяпбергенов жаттықтырып, ұлттық спортпен қатар, самбо мен дзюдо сынды спорт түрлерінен де шәкірттерін шынықтырып, өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін түгел пайдаланып, шалу,  жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің барлығын дерлік меңгерген кәсіби палуандар дайындап шығаруға еңбек етуде.
Ашылғанына аз ғана уақыт болғанымен, алғашқы жемісін беріп үлгерген күрес залында жаттыққан  Ернат Болысқан, Рауан Рымқұл, Ерқанат Төлеухан сынды «қара күштің һас шебері боламыз» деген жас спортшылар аудан, облыс көлемінде жүлделі орындармен оралып, күрес залының өскелең ұрпақ үшін, қазақ спорты үшін қаншалықты маңызды екендігін дәлелдеп отырғандай.
Осы идеяға мектеп ұжымымен бірге қолдау көрсетіп  келе жатқан Шешенқара орта мектебінің директоры Амангелді Қоянбаевтің сөзіне қарағанда, ауылдық жерде ұлттық спортты дамытып, «баланы-жастан» дегендей, ауыл жастарын жастайынан спортқа дайындап, балалардың бос уақытын пайдалы өткізулеріне де үлкен жағдай жасау ұлттың жарқын болашағына үлкен ықпал етпек.
- Мектепте балалардың барлығы бірдей сабақты жақсы оқып, үздік оқушы болуы мүмкін емес. Бірі білімге, бірі өнерге, енді бірі спортқа бейім болады. Сондықтан да әр баланың талантын дер кезінде ашып, жастайынан үлкен спортқа баулып, дәл осы спорт арқылы патриоттық сезімді бойына сіңіріп өсірсек, ертең ауылдарды көтеретін нағыз білекті де білімді азаматтар шығатындығына еш күмәнім жоқ. Спортпен айналасып, жеңіп те, жеңіліп те көрген баланың психологиясы да мықты болып қалыптасады. Бұзақылықтың барлығы көшеде не істерлерін білмей жүрген балалардан шығады. Сондықтан да ауыл жастарын, әсіресе жасөсіпірімдік шақтағы өтпелі кезеңде балаларды дұрыс бағытқа бастап, барлық асып-тасқан күш-жігерін спортқа жұмсағандары дұрыс, - дейді елдің болашағына алаңдайтын мектеп басшысы А.Қоянбаев.
Иә, шынымен де жастарды спорт арқылы барлығына тәрбиелеуге болады. Спортты жанына серік етіп, күнделікті қажырлы дайындықтан өтіп, өзін-өзі жеңе білген бала тек спортта ғана емес, өмірде де үлкен жетістіктерге жететіндігіне еш күмән жоқ. Сонымен қатар, спортпен айналысқан баланың ақыл-ойы да ерте жетіліп, таным-түсінігі өзгеріп,  психологиялық жағынан да мықты, дене бітімі, денсаулығы дұрыс салауатты өмір салтын сақтайтын, елін сүйетін жақсы тұлға болып шығуына үлкен ықпал етпек.
Алдағы уақыттарда осы залда басқа да спорт түрлерін дамытып, жаттығушылардың санын арттыру мақсаты қойылған.
Осыдан тура екі жыл бұрын тәуелсіздіктің 20 жылдығында үлкен салтанатпен ашылған ауылдағы спорттың қара шаңырағы биыл өзінің екі жасын тойлап отыр. Халық үшін маңызды, бабалардың, кешегі Қайрат пен Ләззаттай қыршын ұл-қыздарының қаны мен аналардың көз жасымен келген Тәуелсіздік күніне орай әртүрлі спорттық шаралар ұйымдастырып, еліміздің кірпіші болып қаланатын жастарды патриот қылып тәрбиелеуде де үлкен жұмыс атқару үстінде десек артық айтқандық емес.  
Спорт шебері Орал Аяпбергенов жаттықтыратын шешенқаралық жас спортшылардан ел болып үлкен үміт күтіп, алдағы додаларда қазақтың көк туын әлемде желбірететін білекті де жүректі споршылар, мықты азаматтар шығуын тілейміз.
К.Бейғамқызы


Ақпаратты орналастыру уақыты: 23 Қазан 2018 13:37
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 23 Қазан 2015 13:37
Қарағандыда мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін облыс әкімінің сыйлығы табысталды 05 Қыркүйек 20:40
Қарағанды жастары Алтын Орда ескерткіштерін аралайтын экспедицияға аттанады 05 Қыркүйек 18:34
Қарағандылық бокс жаттықтырушысы Шешенстан марапатына ие болды 05 Қыркүйек 17:20
© 2021 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»