home Русский Қазақша Сайт картасы Кері байланыс WAP Нашар көретiндер үшін
100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Уақыт алға шақырады

«Әйелдің жан - дүниесі – өте нәзік те күрделі әлем. Бірақ оның бойындағы нәзіктіктің тасасында ұлы күш бар. Ол күш жер бетіндегі тірлікті жалғастырады, ұрпағын, махаббатын, елін-жерін қорғау жолында әйелді адам айтқысыз қиындыққа қарсы тұрғызады».          
Белгісіз философтардың тұжырымдамасынан
Қай мемлекеттің болмасын, басты байлығы – адам, оның денсаулығы. Әлеуметтік жағдайы жақсы, жан - жақты қорғалған адам қолға алған ісін жеріне жеткізеді, сонысымен қоғамға, елі мен жеріне пайда келтіреді. Ал еңбек адамына жанашыр, жол нұсқаушысы әрине, ауыл кеңесі қызметкері.
Мемлекеттің халыққа деген жанашырлығы оның жыл сайынғы бағдарламаларынан көрінеді. Бағдарламалардың орындалу барысын үнемі назарда ұстап, қарапайым еңбеккерлердің ерен еңбегін көпшілікке жария етуші – мемлекеттік қызметші.
Дина Әлімжанқызы Әбілдина аталмыш қызметте 10 жыл еңбек етеді. Әрбір қимылы мен әрекетінен маманның сөздің емес, істің адамы екенін көргендей болдық. Жан - жағындағылармен қарым - қатынасынан жылы бір шуақ еседі.
Мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуға тиіс қасиеттер жөнінде сөз қозғағанымызда ол: «Ең алдымен шыдамдылық, адамға деген жанашырлық керек» деп жауап берген еді. Петровка ауылында ешқандай өнеркәсіп жоғын, жастардың, орта жастағылардың көбінесе вахталық жұмыстарда еңбек етіп, отбасын асырап жатқанын тілге тиек етті. Село орталығында, Жаңақала, Жастілек ауылдарында тұрақтап қалған тұрғындарының бар мәселесін шешу – осы әкімшілік қызметкерлерінің міндетіне кіреді.
Жалпы өмірде адамдардың қарым - қатынасынан туындайтын, көзге көрінбейтін бір шілтер бар дегенге өз басым сенемін. Жұмыс бабында айтылған әрбір сөз басқа адамның құлағына, жүрегіне жылы тиюі керек. Әрбір нәрсенің өз орны, реті болады. «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» деп тегіннен – тегін айтылмаса керек. Бір ауыз сөз адамның жігерін көтеріп, еңбек етуге, жасампаздық әрекеттер жасауға шақыруы керек.
Адамның жүрегіне жол табатын осындай жандардың ұйымдастырушылығы мен село орталығында жыл бойына өтіп жататын айтулы мерекелер шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлердің демеуімен өтеді. Күнпарақтағы мерейлі күндер ағыл - тегіл дастарқан мен ән - күйдің аясында өтеді. Былтырғы Бұқар баба тойының ең бір әдемі сәті – сәйгүліктер жарысы өткізілген күні ауыл еңбеккерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қазақтың ақ шаңқан киіз үйін тігіп, алыс – жақыннан келген қонақтарға иіліп, қызмет көрсетті. Ал Жаңақала бөлімшесінің оқушыларына білім беріп жатқан мектеп ұжымы «Қарттар күні», «Әйелдер мерекесі», «Жеңіс күні» сынды атаулы мерекелерге орай тұрғындарға дастарқан жайып, ән мен жыр, биден шашу шашады.
Округ аумағында 300 зейнеткер, 101 мүгедек, 56 оралмандар отбасы өмір сүріп жатыр екен. Олар зейнетақымен, жәрдемақымен уақытылы қамтамасыз етілген. Адамның қимыл - қозғалысын растайтын, қорасындағы малының санын тіркейтін, тұрғын үй жәрдемақысы, басқа елден келгендердің азаматтық алу туралы, жалпы, бар құжаттар Дина Әлімжанқызының қолынан шығады. Жанарынан жылы шуақ төгілген қызметші өзіне тиесілі жұмыс ауқымын ерекше ықыласпен орындап, үйіне жақсы көңіл - күйде қайтады.
Сәл шегініс жасасақ, Дина Әлімжанқызы өмірге үш бүлдіршін әкелген ана. Біршама жасқа келіп қалған ененің күтімін өз мойнына алған. Ұядай шаңырақ астында немересі Аружанын аялаудан жалықпаған ақ әже облыс орталығында білім қуған студенттер – Рустам мен Русланның тілеуін тілеп отырады. Дина Әлімжанқызының өмірлік жары Уәли аға өнер адамы, түрлі аспаптан сыңғырлаған әуен төгілтіп, ән шарықтататын өнерпаз. Әрбір арайлап атқан таңның отбасына береке мен бірлік әкелгенін біз де қаладық.
90-жылдар өзінің бедерін қалдырмаған ауыл жоқ.  Бүгінде бұл ауылда жастардың басын қосатын жердің жоқтығы басшылық арқасына аяздай батады. Мемлекетіміздің атаулы бағдарламаларды іске асыруға бағытталған шаралар сатылап жүзеге асырылуда. Бір жылда ауылда мектеп, аурухана, мәдениет ошағы бірден бой көтере алмайды. Мұны жергілікті тұрғындар түсіністікпен қабылдауы қажет.
Ауыл төңірегінде селолық дәрігерлік амбулатория, кітапхана, тәртіп сақшысы бар. Балаларды білім жолына бастайтын мектеп алыстан көз тартады.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген дана халқымыз. Кішісі үлкенді тыңдаған, үлкені – жарқын болашаққа жол бастаған, еңбегі Отанын гүлдендіруге арналған жандардың қадамдары қарышты болсын әрқашан!
Қ.Ахметова

 


Ақпаратты орналастыру уақыты: 23 Қазан 2018 13:37
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 23 Қазан 2015 13:37
Қарағандыда мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін облыс әкімінің сыйлығы табысталды 05 Қыркүйек 20:40
Қарағанды жастары Алтын Орда ескерткіштерін аралайтын экспедицияға аттанады 05 Қыркүйек 18:34
Қарағандылық бокс жаттықтырушысы Шешенстан марапатына ие болды 05 Қыркүйек 17:20
© 2021 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»