Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында қала күніне арналған "Қазыналы, кенді қала" атты көрме ашылды. Онда 50-ден астам экспонат қойылған. Бұл - Қарағанды дамуының кезеңдері туралы мұрағаттық құжаттар мен материалдар.
Экспонаттардың арасында — шахтерлік жабдықтар мен кеншілердің арнайы киімдері, геологиялық құрал-жабдықтар, сондай-ақ алғашқы құрылысшылар мен қоныс аударушылардың тұрмыс заттары бар. Көрме Қарағандының өңірдегі көп салалы және индустриялық орталық ретінде қалыптасуын көрсетеді.
- Экспозиция қаланың қалыптасуы мен дамуының барлық тарихи кезеңдерін көрсетеді. Онда мұражай қорынан жәдігерлер мен қарағандылықтарға берілген заттар жинақталған, - дейді көрменің кураторы, музейдің аға ғылыми қызметкері Гүлмира Қонақбаева.
Көрменің ашылуына "Қайда, қайда? Қарағандыда!" дөңгелек үстелі орайластырылды. Оған ғалымдар, өлкетанушылар, Қарағанды көмір бассейнінің ардагерлері, алғашқы құрылысшылар, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысты. Спикерлер облыс орталығының тарихы мен құрылысы туралы айтып берді.
- Алғашқы құрылыстар, қоғамдық ғимараттар ескі қала аумағында пайда болды. Жаңа қала 1935-1936 жылдары құрыла бастады. Мұнда тау техникумын, облыстық атқару комитеті ғимаратын, "Октябрь" кинотеатры ғимаратының құрылысы басталды. Содан кейін жазғы театр, Кеншілер мәдениет сарайы салынды. Соңыра қала тығыздала бастаған соң, ол Оңтүстік –Шығысқа қарай жылжытылады. Федоров су қоймасынан Майқұдыққа дейінгі аумақ - бұл ауқымды қала құрылысы ансамблі. Қарағанды өз бетінше өмір сүреді — бұл еліміздіғ көмір пеші секілді және ғылыми орталығы, жаңа технологиялар орталығы, - деді көрменің ашылуында ҚарМТУ сәулет кафедрасының доценті, Қарағанды облысының Сәулетшілер одағының мүшесі Сергей Лебедев.
Мұражайда атап өткендей, көрме мен дөңгелек үстелдің мақсаты - облыстың тарихи-мәдени мұрасын сақтау және насихаттау, туған өлке тарихына ұқыпты қарауды қалыптастыру және жас ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу.
"Қазыналы, кенді қала" көрмесі ақпан айының соңына дейін облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өтеді.