Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Бұқар Жырау ауданына жұмыс сапарымен барып қайтты. Аймақ басшысы су тасқынына дайындық бойынша жиналыс өткізіп, аудан әкімінің есеп беру кездесуіне қатысты.
Жеңіс Қасымбекке Петровка ауылының жанында орнатылған жаңа гидробекет көрсетілді. Бұл жерде бірнеше өзеннен су ағыны тоғысып, көпір астынан өтеді. Мұндағы бақылау пункті жағдайды уақтылы бақылауға мүмкіндік береді.
- Халықты қорғау үшін бөгеттер мен бөгегіш біліктер орнатылды. Аудан аумағында 72 су шаруашылығы нысаны бар, - деді Бұқар Жырау ауданының әкімі Шағұрашид Мамалинов.
Жиналыста су тасқыны қаупі жоғары Садовое, Чкалово және Ғ. Мұстафин атындағы ауылдарда алдын алу шаралары талқыланды. Облыс әкімі атап өткендей, Самарқанд су қоймасынан суды уақытында және максималды көлемде жіберіп отыру қажет.
Аудан әкімінің айтуынша, су тасқынына дайындық жоспары әр елді мекен бойынша әзірленген. Қазіргі таңда қар шығару жұмысы қарқындатылды.