Новости области
Ержан Нұрлыбаев: «Екі емхананы бәсекелестік ортаға беру - ойластырылған шешім»

Қарағанды облысында екі медициналық ұйым бәсекелестік ортаға берілетін нысандар тізіміне енгізілді. Таңдау Қарағандының № 2 және Теміртаудың № 2 емханаларына түсті. Емдеу орындары бес жыл мерзім ішінде сатып алу құқығымен сенімді басқаруға тапсырылады.
Алғашқы сатылым 29- шы тамызға белгіленді. Денсаулық сақтау ұйымдары бойынша кәсіпкерлер қажет пе деген мәселе сонда белгілі болмақ. Пишахтинскі мен Қарағандыда орналасқан емханалардың бастапқы бағасы - 911,8 млн теңге.Теміртаудағы емхананың құны жоғарырақ – 1,3 млрд теңге. Активтердің бағасын тәуелсіз мамандар белгіледі.
Сатып алушылардың алдына шарт қойылып отыр. Басты талап- медұйымның негізгі бағыты мен жұмыс орындарын сақтау, тұрғындарға кепілдік көлеміндегі тегін медициналық көмек көрсету. Сонымен бірге, инвестор күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, материалдық-техникалық жабдықтауға қаржы салуы қажет.
«Таңдау неге бұл екі мекемеге түсті, шешім қалай қабылданды» деген сұраққа облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев жауап берді.
- Сіздер Елбасының жеке кәсіпкерлікке, оның ішінде денсаулық саласындағы бизнеске де жағдай туғызу туралы тапсырмасын білесіздер. Осыған орай, біздің медициналық ұйымдарды да бәсекелестік ортаға беру жөнінде дайындық шараларын өткізудің қажеттігі туралы шешім қабылдадық. Бұл әбден ойластырылған шара. Неге біз осы емхананы таңдадық? Өйткені, бұлар жабдықтарды жаңартуға, жөндеу жұмыстарына инвестиция тартуға мұқтаж. Материалдық-техникалық жабдықтар мен қызметкерлердің мамандығын көтеруге де қаржы қажет. Басқарушы компания қаржы атқарылымы мен басқа да міндеттемелерден тыс, өз клиенттерінің денсаулық сапасының көрсеткішін қамтамасыз етуі керек. Бұл емханалардың әрқайсысы 60 мыңнан аса адамға қызмет көрсетіп келеді.
- Кез-келген уақытта біздің басқарманың өкілдері, немесе мемлекеттік актив және сатып алу басқармасы мекемеге келіп, мемлекет мүлкі қаншалықты тиімді пайдаланып жатқанын көруге құқы бар. Денсаулық сақтау басқармасы тұрақты түрде бекітілген тұғындардың денсаулық сапасы бойынша көрсеткіштерін бақылау жүргізіп отырады,-деді Ержан Нұрлыбаев.
– Бұл ұйымдар сенімді қолға өтуі үшін біз сенімділік басқарма түрінде аралақ кезең жолын таңдадық. Сатып алушы компания алдымен өзінің қабілеттілігін көрсетуі қажет.