Новости области
Арнайы мемлекеттік комиссия «Қазақстан» шахтасында орын алған төтенше жағдай мен қазаның себептерін тексеруде

Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «Қазақстан» шахтасында 31 тамыз күні таңертең ертемен апат орын алуына орай жұмыс тоқтатылды.Үш адам қаза тапқан забойда апат салдарын жою жұмысы жүріп жатыр. Болған жағдайды тексеру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл жөнінде шахтада жедел өткізілген баспасөз мәслихатында хабарланды.
-31 тамыз күні қайғылы оқиға болып, салдарынан «Қазақстан» шахтасының үш проходкашысы қаза тапты. Таңғы сағат төрттен кейін автоматтандырылған газдан қорғау операторы кезекші диспетчерге 332 Д6-1-3 желдеткіштердегі метанды бақылау құрылғыларынан ақпараттардың жоғалып кеткенін және шахтаның батыс желдеткіш оқпанында метан газының деңгейі жоғарылап кеткенін хабарлады. Шахта басшылығы тарапынан оқиғаны жедел анықтау туралы шара қабылданды. Забойға екі әскерилендірілген апаттық-құтқару отряды мен учаске кен шебері шақырылды. Таңғы алтылар шамасында аталған забойдан үш проходкашының жансыз денелерін тапты,-деді «Қазақстан» шахтасының директоры Александр Забелин.
Алдын ала мәліметтер бойынша, апатқа газ бен көмірдің кенеттен атылуы-газдық динамикалық үдеріс құбылысы себеп болған.
- Бұл қандай газдық динамикалық үдеріс құбылысы, оны тексеріс жүргізіп жатқан арнайы комиссия анықтайды. Қазіргі жағдайда метан газының артуы болған жоқ,бақылау құрылғылары әдеттегідей қалыпты жұмыс істеп тұрды, - деді шахта директоры.
Анықталған мәліметтер бойынша,апатты жағдай кезінде шахтада 136 кенші болған, оның 129-ы өз бетімен жоғарыға көтерілген.
- Ауысым түнгі екіде болды. Қайтыс болғандар забойдан әлдеқайда алысырақ, қазылған көмір үстінен табылды. Олар көмір үйіндісінің астында қалған жоқ.Қаза болу себептері сот-медициналық сараптамалардан соң анықталады,-деп түсіндірді Александр Забелин.
Сонымен бірге, шахтаның төрт жұмысшысы ауруханаға жеткізілді. Компанияның хабарлауынша, олардың өмірлеріне қауіп жоқ.
Кен орнындағы апатты жағдай 614 метр тереңдікте орын алған. Шахта басшысының айтуынша, бұл забой былтыр іске қосылған, бұрын ешқандай метан концентрациясының артуы байқалған емес.
- Шахта жұмысы тоқтатылды. Қазір апат болған учаскені желдету жұмысы аяқталуға жақын,-деп хабарлады директор.
Құтқарушылардың мәліметі бойынша, олар келгенде апат орын алған учаскедегі метан газының концентрациясы 70%-ға жеткен.
- Іздеу-құтқару жұмыстарына Қарағанды мен Шахтинскінің «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің» 7 бөлімшесінің 9 бірлік техникасы мен 60 адамы жұмылдырылды,-дейді облыстың ТЖД басшысы Ибрагим Құлшымбаев,- ақпаратты алысымен, облыс әкімі Ерлан Қошанов бірден шахтаға келіп жетті. Аймақ басшысы апатты жою жөніндегі штабты құрып, қаза болғандардың отбасына көмек көрсету туралы жедел тапсырмалар берді. «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы қаза болғандардың отбастарына толық көлемде көмек көрсетілетіне сендірді. Компания жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру шығынын өз мойындарына алады.
Адам шығыны орын алған оқиға бойынша Шахтинск ІІБ іс қозғады. Іс сотқа дейінгі тексеру бірыңғай реестрінде тіркелді.
-Орын алған жағдай және оның себептерін анықтау жөнінде арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл ведомстволық мекеме, оның құрамына компания және өндірістік қауіпсіздік, еңбек инспекциясы секілді тиісті қызметтер өкілдері кірді.
Заң бойынша комиссияға жұмыс істеуге он күн берілген,- деп хабарлады Ибрагим Құлшымбаев.
Шахтада апатты жою штабы жұмыс істеп жатыр.
«Қазақстан» шахтасында қаза тапқандар:
Рустам Ренатович Ахметжанов;
Валерий Валентинович Руденко;
Максим Сергеевич Шебанов.
Қайтыс болған проходкашылар 31, 34 және 37 жаста.
Үш отбасында 6 бала әкесіз жетім қалды. Қаза болғандардың отбастары мен жақындарына көңіл айтамыз.