Новости области
Қарағандыда қаланы толық жайғастыру жобаларымен байланысты кәсіпкерлердің проблемалары шешілуде

Қарағандыда жылдың соңына дейін толық жайғастыру жобаларын (ТЖЖ) түзету жүзеге асырылады. Мұны бұрыннан бері бизнес қауымдастығы талап еткен болатын, себебі кәсіпкерлер заңға сай алған жер телімдерінде өз кәсіптерін құра алмай дал болған. Бұл проблеманың шешу жолдары туралы облыс әкімдігі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері бойынша Комиссияның отырысында мәлімделді.
Естеріңізге сала кетейік, комиссия консультативтік-кеңестік орган мәртебесінде биылғы жылы аймақ басшысы Ерлан Қошановтың бастамасымен құрылған болатын. Басты мақсат – облыстағы бизнес климатты жақсарту. Комиссияның құрамына мемлекеттік орган, аймақтық кәсіпкерлер Палатасының өкілдері және танымал бизнесмендер енді. Бұл кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді шешуге арналған штаб іспеттес.
- Біз бірнеше жылдар бойы толық жайғастыру жобаларына қатысты проблемалар туралы айтып келеміз. Енді міне мәселе орнынан жылжи бастады. Қазір қала әкімдігімен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз, - деді комиссия отырысында Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Геннадий Жмук.
Бүгінгі таңда облыс орталығында кәсіпкерлер сатып алған жер телімдерінің 70-і заңнан тыс болып шықты. Оған кедергі болып отырғаны – ТЖЖ. Соның салдарынан бірқатар бизнес-жобалар тоқтап тұр. Оған қоса, сыбайлас жемқорлыққа негіз пайда болып отыр – заңдық әдістер таусылған соң, қауіптерге жол ашыла бастайды. Осыдан бір жыл бұрын Бас прокуратура заңның бұзылуын жоюға қатысты ұсыныс енгізген болатын.
- Шынымен де осындай жағдай пайда болды. Кәсіпкерлерде ТЖЖ-ға кірмеген жеке меншік құқығындағы жер телімдері бар. Бұл мәселені шешу үшін жер иелерімен жеке жұмыс жасап жатырмыз, - деді Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров. – 24 жер телімі бойынша заңнамаға сай мемлекеттік қажеттіліктер үшін еріксіз қайтару процесстері жүргізіледі. Олар ортақ пайдалану жерлеріне жатады. Ал 33 жер телімдері бойынша ТЖЖ-ға өзгертулер енгіземіз.
Кәсіпкерлерді мұндай тәсіл қанағаттандырады. Қала басшысына уәдесінде тұруға тура келеді.
- Жыл соңына дейін уақыт беремін. Бұл жағдайды өз бақылауымда ұстайтын боламын, - деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров шілде айында облыс әкімінің кәсіпкерлермен өткен кездесуінде берілген тапсырмалардың орындалуы туралы айтып берді. Барлық мәселелер бойынша жұмыс топтары құрылып, мәселені шешуге кіріскен.
Ол Қарағандыда жер аукциондары өткені туралы мәлімдеді.
- Жер сату аукциондарын өткізу мәселесі бақылауға алынды, - деді облыс әкімінің орынбасары. – Бүгінгі таңда Қарағанды бойынша 43 жер телімдерін саудалауға қатысты 2 аукцион өткізілді, жыл соңына дейін 70 жер теліміне байланысты 3 аукцион өткізілетін болады.
Кәсіпкерлердің монополистермен және тариф түзеушілермен қарым-қатынасы комиссияның жіті назарында қалып отыр.
Отырыста ұсынылған электр энергиясына тарифті дифференциациялау жобасы қызу талқыға түсті. Қызмет көрсетуші заңды тұлғалар үшін тарифті халықтың есебінен төмендете отырып, тұтынушылардың төлемдерін теңестіруді ұсынды.
Мұндай тәсіл облыс әкіміне мүлдем ұнамады.
- Меніңше бизнеске халықтың есебінен тариф құнын төмендету - бұл түбегейлі дұрыс емес шешім. Басқа да жолдары болуы керек. Өздеріңізде ішкі резервтерді іздестіріңіздер, басқа шешімдер табыңыздар, - деді Ерлан Қошанов.
Бұл тақырыпқа байланысты Қарағанды облысының Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Николай Абт та өз пікірін білдірді. Қазіргі таңда тарифтер бойынша негізгі ауыртпалықты шағын және орта бизнес өкілдері көріп отыр, деді ол. Бизнес-қауымдастық басшысы осы тізбекке ірі компанияларды жұмылдыру керектігін атап айтты. Бұл проблема бойынша жұмыс тобы шеңберінде басқа да шешімдер іздестірілетін болады.