100%200%
Бұқар жырау ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

Жаңалықтар

Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс

Өнерлі орда – 45 жаста

Кешегі дархан даланы той-думанға бөлеген өнер көшбасшыларының ізін жалғаушы ұрпақты тәрбиелеп, өткен мен келешекті ән-жырмен, би-күймен жалғап жүрген өңіріміздегі киелі шаңырақ - өнер мектебі биыл 45 жылдық мерейтойын атап өтті. Шырмауы көп өмірді өнермен ұштастырған ұстаздар мен шәкірттер қауымы бұл атаулы датаға арнап есептік кешін өткізгелі жатқандығы ауданымызға тез тарап, қапы қалмаймын дегеннің баршасы мәдениет үйінің залына жиналды.

1973 жылы музыка мектебі атауымен ашылған бұл қара шаңырақтан түлеп ұшқан түлектердің алды Австрия республикасында қызмет етіп жүрсе,  ұстаздарының еңбегін ақтап, өнерін шыңдап жүргендері қаншама. Одан қалды Алматы, Астана, Қарағанды шаһарларында білімдерін асқақтатып жүргендері де баршылық.

Құмға сіңген судай болып өтіп жатқан уақыт аралығында өнер мектебінің еске алары, мақтанары көп. Үлгісі мен өнегесін бойына сіңіріп, «батпандай бағы мен ауыр салмағы бар» өнер жолында шәкірттерінің қанатын қатайтып, үлкен айдынға ұшырса, ертеңгі күні сол қатар қайта толығып жатады. Бүгінде Көкпектіден көтеріліп, Самарқандтан сарқырап, Петровкадан пейілденіп, Кернейден кернейленіп, Байқадамнан жайқалып, Құрылыстан құрылып, Новоузенкадан жарқырап, Новостройкадан бой көтерген филиалдары көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. «Бұлақ көрсең - көзін аш» демекші, тек қана кентіміз төңірегінде емес, ауылдық жерлердегі талантты жастарымыздың шыңдалып шығар ордасына айналған бұл филиалдар өз жұмыстарының нәтижесін көрсетіп те жүр.

Қиындық пен қызыққа толы өнер баспалдағына аяқ басқан бүлдіршіндеріміздің өнерін тамашалауға келген жұрт отыруға орын таппаса да, тік тұрып тамашалаудың өзіне разы болды. Кеш шымылдығы аудан әкімі Шагурашид Мамалиновтың құттықтау сөзімен ашылды.

- Ән-жырды, би-күйді қашанда жанына жақын көретін қазақ елі өнерпаздарын құрмет тұтады. Бүгінде ел ертеңі ұрпақтарымыздың бойына ананың ақ сүті арқылы тараған ұлттық өнерімізді өркендетіп жүрген ұстаздарымыздың ерен еңбегіне халық болып баға бересіздер. Өнер айдынына аққудай қалықтаған бүлдіршіндердің алғашқы қадамдарын жасатып жүрген асыл ұстаздар, тойларыңыз құтты болсын. Еңбектеріңіз жемісті болып, шәкірттеріңіздің жеңісін көре беріңіздер,- деген аудан басшысы өнер ордасының торқалы тойына арналған 250 мың теңгелік сертификатты табыстады. Сонымен қатар, білім беру саласының өркендеуі жолында адал қызмет етіп, жас ұрпаққа үлгілі тәрбие берген ерен еңбегі және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін жыр-терме сыныбының ұстазы Дидар Қамиев, бабамыздың 350 жылдығына арналған логотип авторы Амантай Акишев марапатталып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткелі отырған Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойына үлес қосқаны үшін екеуіне де 100 мың теңгелік сертификаты табысталды. Келесі кезекте жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегі үшін Айдар Идрисов, оқушылары халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты атанған Маржангүл Жұмадилова, «Балалар әлемді бейнелейді» байқауында оқушылары халықаралық ЮНЕСКО кітабына енген Ақерке Рахад марапатталып, мереке үстіне мереке орын алды.

Бұқар жырау ауданының сүйікті ұлына айналған Дидар ағамыздың жырдан шашу шашқан арнауы «Ағайын, тойларыңыз құтты болсын, Қазақтың дүбірлеткен кең даласын» деп бастағанда залда отырған тыңдарман бір шаттанып қалды. Қасиетті жұмада өнерлі ұл-қыздарын сахна төріне шығарған киелі шаңырақтың бұл қадамын жақсылыққа жорып, «Он екі айдың сұлтаны құтты болсын, күндердің сұлтанымен қатар келген» деген сөзіне әр нәрсеге аңғарымпаздылықпен қарайтын айтыскер ақынның сөздері құлағымызға жағымды естіліп, бойымызға ерекше күш-қуат сыйлап жатқандай болды. Арнау орындалып жатқанда әр ауылдан келген филиалдардың оқушылары тізіліп отырғанда «Жетпіс адам желпініп күй тартқанда, барлығымыз аямай қол соғайық» деп арнау аяқталып, «Көксерек», «Нар агачи» күйін бір адамдай домбыраға салған оқушылар  айрандай ұйыған бірлігін көрсетті.  Жиналған көрермен күй ырғағымен бірге шапалақтап, сахнадағы 70 шәкірт пен шымылдық сыртында қобалжумен жүрген ұстаздардың ерен еңбектеріне осылайша алғыс айтып жатты.

- Осыдан 45 жыл бұрын Қайрат Айкеновтың бас болуымен ашылған мектебіміз бүгінде үлкен өнер ордасына айналды. Араға жылдар салып мектебімізде сыныптар ашылып, өнерлі жастарымызға өнегелі білім беріп отыр. Бүгін біздің қуанышымызға ортақтасып отырған барша көрермен қауымға, кеш қонақтарына алғыс айтамын,- деді Б.Ермухамбетов.

Әсем күйден кейін өнер мектебінің ұстазы Зағыпран Жотай мен әнші, сазгер Амангелді Ахметжановтың «Қалай» әні ұсынылып, көрерменің көңілін көтерді. Бұл кеште халықаралық республикалық байқауларының лауреаттары «Шұғыла» би тобы «Волшебная сказка», «Қазақ биі», «Өзбек биі», «Летка-енка», «Татар биі», «Андижан полькасы» билерін орындады. Өз балдырғандарының жеткен жетістіктерін топ жетекшісі Эльмира Қыстаубаеваның еңбегі деп бағалайтын ата-аналар қауымы өзгеше ықыласпен әр биді тамашалап, қолдау көрсетті.

Шұғылалық қыздарымыздың әсем билерімен қатар вокал сыныбындағы әнші қыз-жігіттеріміздің «Шіркін-ай», «Нарисуй» әндері қандай десеңізші?! Құлақтан кіріп, бойымызға тараған ән ырғағы ән әлемінде танылып жүрген аға-әпкелерімізден кем түспесі анық. Ал, Чайковскийдің «Неаполитанская песенкасын» орындаған көкпектілік Дания Бакил жетекшісі Ирина Урамаеваның еңбегін ақтап, әуезді әуен сыйлады.

Барша қазақ елі айтыстың өкіл әкесі атанған Жүрсін Ерман ағамыздың жүйрігі деп таныған Дидар Қамиев ағамыздың дарабоздары дәстүрлі айтыстың, облыстық «Ақберен» сайысының бас жүлдегері Нұрлыбек Төкенов пен Елбасымыздың жалынды жастық шағының куәгері теміртаулық ақын, облыстық айтыстардың жүлдегері Жанарыс Тілеубек от ауызды, орақ тілді, алтын таңдай, күміс көмей ағаларының ізін басқан қос ұлымыздың әзіл-қалжыңы аралас айтысын халық ыстық ықыласпен қарсы алды.

Былтырғы жылы ашылған «Рауан» спорттық-сән би сыныбы халықаралық «Весений кубок-2018» байқауының жүлдегері атанып үлгерген, Нурия Климованың жетекшілігінде түрлі мерекелік кештерден көріп, балапандарымыздың өнеріне тамсанып та жүрміз.

Өнер мектебі дегенде тағы бір қуанып айтарымыз - ауданымыз төңірегінде Қорқыт атамыздың ізбасарларының санының артуы. Соның ішінде Ксения, Любовь, Земфира сынды балапандарымыздың болуы тек қуантып қана қоймай, төбемізді көкке жеткізеді. Соның дәлеліндей, Гүлмаржан Сұлтанбекованың жетекшілігіндегі тобы мен “Планета талантов“ Сибирь зажигает звезды» атты Новосибирскі қаласында өткен халықаралық байқауында бірінші орын, республикалық «Сәлем Астана» атты фестиваль байқауында бас жүлдеге ие болған «Кербез» қобызшылар ансамблінің орындауындағы қобыздың қоңыр үні мәдениет үйінің төрінде қалықтап, кешегі басымыздан кешкен ауыр жылдары көз жазып қала жаздаған өнерімізді қайта жаңғыртты десек, артық айтпағанымыз болар.

Әр күйден, әр әннен, әр биден ерекше әсер алған көрермендер балапандай болса да Алатаудай арманды арқалап жүрген Көкпекті мен Байқадам филиалдарынан жиналған бүлдіршіндердің ән шашуы орындалған сәтте, орындарынан ұшып тұрардай әсерде болды. Балдай тәтті тілімен халық әнін орындаған балапандардың дауысына сүйсінгендердің көбісі тіл-көзден аман жүріңдер деп ақ тілектерін айтысып жатты.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, халықаралық, республикалық, аймақтық фестивальдардың лауреаты, журналистер одағының мүшесі, театр және кино актері, режиссер Сламбек Жұмағалидың жетекшілігімен ашылған театр сыныбы оқушыларының орындауындағы монолог пен көрініс астарлы ойды салса, гитарасын серік еткен Новоузенка ауылы, Анатолий Невзгоданың жетекшілігімен келген баян, гитара ансамбльдерінің өнері тыңдарман қауымды тамсандырмай қоймады. Зал арасынан «браво» деген дауыстар естіліп, керемет көңілдегі ботақаралықтар қол соғудан еш жалықпады. Ал, өнер мектебінің ұстаздарынан құрылған вокал тобының «Наз қоңыр», «Тұнық махаббат» әндері мен кештің шымылдығын жапқан «До, Ре, Ми» әні қошеметтен кенде қалған жоқ. 45 жылдық аясында Дидар Қамиевтың сөзіне, Медет Қалиевтің әніне, Темірбек Сыздықовтың нотаға түсіруімен жазылған мектептің әнұранының тұсауы кесілді.

Бұл күні төрден орын алған құрметті қонақтар кеш соңында өз әсерлерімен бөлісіп,  бірден тарқамай сурет сыныбының ұсынған көрмесін тамашалады.

Таңда шығар Шолпан жұлдыз құсап жарқ етіп жанған әр бүлдіршіннің өнерін бір орыннан тапжылмастан тыңдаған көрермен жұма күні жанымызды жадыратқан, Ботақара баурайын дүбірлеткен кеш болды деп айтысып жатты. Солардың бірі, 70 жастағы әжеміз Мағрупа Әлімбаева немересінің өнерін тамашалап қуанғанымен, осындай есте қалар кештен ерекше әсер алғанымен бөлісіп, жаратушы Алланың балапандарымыздың бойына сый қып берген талантын өсіріп, дамытып, әр елде, еліміз төңірегіне көрсетіп жүрген ұстаздарға алғысын жаудырды. Көпке дейін ел аузында жүрер кеш ұсынған өнер ордасының бізге ұсынар жаңалығы көп болсын дейміз.

Б.Жакешова

 

фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото
фото

Комментарии (0):

Комменатриев нет.

Добавить комментарий

Вернуться к списку новостей

© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Сайт разработан при поддержке официального сайта Mostbet - Букмекерская контора и онлайн казино в Казахстане.