“Сулы жер - нулы жер”дейді көреген халқымыз. Су - бар тіршіліктің көзі, су бар жерде тазалық бар, береке, молшылық бар. Ауданымыз үшін ауыз су мәселесі негізгілердің бірі болып отыр.
Жуырда іссапармен Үштөбе селолық округінде болып қайтқан болатынбыз. Селолық округте әкімнің қызметін Елтай Жамантайұлы Сарғызов атқаруда. Басшы бізге біршама уақыт бөліп, су құбырын тартып жатқан “Компания Нұр Ай строй” ЖШС-нің жұмысы жайында әңгімелеп берді.
-17-мамырдан бастап осы күндерге дейін аталмыш компания су құбырының 3 километрін тартып үлгерді. Степногорск қаласының “Арыстан” труба зауытынан шығарылған 160 диаметрлі құбыры жер астына төселді. Су жүргізудің заңдылығы бойынша трубалар жер бетінен 2 метр 70 сантиметр төмен болуы тиіс. Барлық жұмыстар аяқталған соң, тартылған құбыр 20 сантиметр қатты жермен бекітілуі тиіс. Қазіргі уақытта Камская, Шоссейная көшелеріндегі жұмыстар аяқталуға жақындап, бригада Садовая көшесіне қарай бет алды. Осы жұмыстар жүзеге асырылып жатқан кезде мердігерлер тұрғындарға судан тарықпауы үшін 30 колонка орнатып береді. Колонкалардың бір-бірінен ара қашықтығы 80 метрді құрайтын болады. Бұрғылаудың көлденең бағыты әдісін қолданудың арқасында асфальт жолдардың бұзылуына жол берілмейді.
Осы уақытта 27 колонка қойылған, оның 21-і өрт сөндіру құрылғысымен жабдықталған. 3 су айдайтын мұнара орнатылып, осының нәтижесінде село ауыз сумен де, бау-бақшаның күтіміне керекті судың мөлшерімен қамтамасыз етілмек. Жұмыстардың барлығын ардагерлер кеңесі, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары қадағалап отырады. Олар көшелерді аралап, ненің дұрыс, ненің дұрыс істелмей жатқанын көріп, талқылайды, мердігерлерге ақылдары мен кеңесін айтады. Бригаданың жұмыс қарқыны жақсы, қазан айында осы жұмыстар аяқталмақ. Техника қазіргі заман талабына сай. Мердігерлер бригадасының прорабы Еркін Әбілқасымұлы Төлеубаев.
Осы жұмыстардың бәрі дұрыс көзқараспен, үлкен жауапкершілікпен атқарылса, село тұрғындары болашақта үйлеріне су кіргізіп алып, қала халқымен бірдей жағдайда өмір сүреді деп үміттенеміз.
Әңгімені жазып алған: Қ.Ахметова
Комментарии (0):
Комменатриев нет.