Жаңалықтар
Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
---|
Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
---|
Қарағанды облысында он жас кәсіпкер ауылдар мен кенттерде бизнестерін дамыту үшін гранттарға ие болды. Гранттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі Абайда ауыл жастарының ХІV форумы аясында өтті.
Форумға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, облыстық басқармалардың, аудан және ауыл әкімдіктерінің жетекшілері мен өңірлік жастармен жұмыс жасау орталықтарының басшылары, жас ауыл кәсіпкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Форум барысында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды түсіндіру мақсатында жастарды жұмыспен қамту, жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған басқа да бағыттарда семинарлар өткізілді.
Сонымен қатар, форум барысында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту және қолдауға облыс әкімінің грантын табыстау рәсімі өтті.
- Бүгін біз форум аясында жақсы әңгіме құрдық, қызықты сұрақтарды талқыладық,- деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.- Болашақта тағы жиналамыз деген үміттемін. Жастар – ел болашағы. Сол себепті келесі жылдан бастап біз грант көлемін екі есеге, миллион теңгеге дейін көтеруді шештік.
Биыл 10 адам грант иегерлері атанды:
- Азамат Қанышев (Ботақара ауылы);
- Станислав Моцный (Көкпекті ауылы);
- Дина Талюкенова (Атасу ауылы);
- Саян Ақыжанов (Жанатоған ауылы);
- Нұржан Еркін (Қарқаралы қаласы);
- Әйгерім Асилова (Кертенді ауылы);
- Мақпал Жанғарашова (Киевка ауылы);
- Ақбөпе Қоқанова (Кертенді ауылы);
- Қарақат Қанатбек (Ақсу-Аюлы ауылы);
- Арайлым Оразбекова (Ақшатау ауылы).
Грант көлемі 200 000 мен 500 000 теңге аралығында болды. Бұл қаржыға жастар өз істерін дамытпақ.
Мысалға, Нұржан Еркін, 2009 жылдан бері аяқ киім жөндеумен айналысады. Енді ол өз ісін кеңейтпек, себебі аудан бойынша жалғыз өзі осы іспен айналысуда.
- Бізге білдек қажет, грантты сол құрылғыны сатып алуға жұмсаймыз. Қазір ұлым бәрін қолмен жасайды, білдекпен біраз жеңіл болар еді. Және басқа да керек-жарағымызды аламыз,-дейді Нұржанның анасы.
Тағы бір грант иегері Әйгерім Асилова өз ауылында аспаздықпен айналысуда. Ол да ұтып алған грантына өз ісіне қажет заттарды сатып алмақ.
Ауыл жастарының форумын өткізу Қарағанды облысында дәстүрге айналған. Шараның басты мақсаты – ауыл жастарының өзекті мәселелері мен сұрақтарын ортаға салып, шешу жолдарын қарастыру, аталған бағыттағы атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен іс-әрекетін үйлестіру, жастарды әлеуметтік қолдау. Сонымен қатар, форум – ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды түсіндіру.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі