home Русский Қазақша Сайт картасы Кері байланыс WAP Нашар көретiндер үшін
100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Елбасының «Болашақ» бағдарламасына 20 жыл

 

Ұмытылмас  сәттер.
Ұлт болашағы - өткеннің елесіне, одан алынған сабақтардың көрінісіне тәуелді. Талай ауырлықты басынан өткерген қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың соңғы он жылдығы үлкен қуанышты, халқымызға сын болар сынақты және арман болған азаттықты әкелді. Ғасырдан да ұзақ уақыт өзгенің айдауында жүріп, түрлі зобалаңды басынан өткерген қазақ халқы үшін қуанышты күндермен бірге ертеңгі күнге деген ұмтылыс, өз алдына ел болу деген мақсат тұрды. Сол мақсат жолында бұқараны келешектің көшіне бастаған нар тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Арада ондаған жылдар өтті. Мемлекетіміз аяғына тік тұрып, тоқсаныншы жылдардың қиындығы өткеннің елесі болып артта қалды. Сол жылдары егемендікпен жарыса өмірге келген тәуелсіз елдің құрдастары қазір жоғары оқу орындарын бітіріп, бірі ауылда, бірі қалада еңбек жолдарын бастады.
Тәуелсіздіктің құрдасы болып, жас Қазақстанмен өсіп, өмірге келгендердің бірі – мен. Бұл мен үшін, менің құрдастарым үшін де өте қуанышты жағдай. Себебі, тәй басып, «қаз» тұра бастаған шағымыздан бастап, ел өміріндегі елеулі оқиғалармен қатар қадам бастық, есейдік. Соның бір мысалы, алғаш мектеп табалдырығын аттап, әліп таныған жылы елордамыз Астанаға ауысып, қазақ елінің тарихындағы жаңа дәуір басталды.
Жаңа Астананың даңқын асырып, абыройын асқақтатын оның білімі, мәдениеті, рухани әлемі. Осыны алдын ала болжаған көреген Елбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1996 жылы Сарыарқа төсіндегі ұлттық университеттің негізін қалау туралы бұйрыққа қол қойды. Оны белгілі түркітанушы ғалым Лев Николаевич Гумилевтың атымен, барша түркі елдерінің білім орталығы болсын деген ниетте, түркі халқының көне жәдігері «Күлтегіннің» көктасын төріне орнатып, Еуразия университеті деп атады. Қазір университет шетелдік оқытушы-профессорлар қауымымен тікелей байланыс орнатып, заманауи білім берудің озық үлгілерін оқу процессінде қолданып, білімді жастарды дайындау жолында Елбасының сенімін ақтауда. Мен де сол білімді жастардың қатарында болуды армандап, 2009 жылы Қарқаралы қаласындағы орта мектепті үздік тәмамдап,  Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті атандым.
  Алғаш рет еліміздің жүрегі Астананы, оның ғаламат ғимараттарын, өзімдей жастардың ұлтжандылығын көріп, таң-тамаша қалдым. Бас-аяғы екі он жылдықтың ішінде әлем таныған мемлекеттің негізін қалаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатына, көрегендігіне деген шексіз құрмет сезімі пайда болды. Қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің Президенті Сауытбек Әбдірахманов бірінші курста дәріс оқитын. Сонда «Біз егемендік алған алғашқы жылдары тәуелсіздігімізді таныған елдерге ресми сапарға бару үшін қаржыны қарызға алатынбыз» деген сөздері есімде қалыпты. Ел басшылығына келіп, жан-жаққа шашыраған шаруашылықты қалпына келтіріп, абдыраған халыққа жол көрсетудің, әлем елдері алдында дербес мемлекеттің пайда болғанын мойындата білудің қаншалықты күш-жігер мен маңдай терді қажет ететінін елестетудің өзі қиын. Сөзсіз, барлығы Елбасымыздың қажырлы еңбегі мен маңдай терінің жемісі.
Елбасымыздың бастамасымен тұрғызылған Астанада, тікелей Нұрсұлтан Әбішұлының бұйрығымен ашылған университетте оқи жүріп, ел тарихындағы игілікті шаралардың куәсі болдық. Бізге, жастарға, көрсетілген зор сенім мен құрметтің дәлелі болар, елорда төрінде дүркіреп өткен ЕҚЫҰ саммитіне, Азия ойындарына және өзге де елеулі шараларға еріктілер қатарында қатысуға мүмкіндік алдық. Бұның өзі келешекте елін сүйер, оны мақтаныш ете алар азаматтарды тәрбиелеудің мықты мектебі. Әлі есімде, саммиттің ашылу салтанатының алдында барша студенттер Президент кортежын күтіп алғанбыз. Сол кездегі желтоқсанның ызғарына қарамастан, сырттан бақылап тұрған студенттер Елбасының бейнесін, оның «Бейбітшілік және келісім» сарайына қарай нық басқан әрбір қадамын болашаққа жасалған қарышты қадам ретінде қабылдап, жас Отанымыздың әлемдік аренада арта түскен беделі кеудемізді қуаныш болып кернеді.
Уақыт жылжып, сол кездегі студенттер қазір бір-бір маман иелері атанды. Жан-жаққа тараған курстас достарымның бірі «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша, енді бірі «Болашақ» бағдарламасы негізінде білімін шыңдап жатыр.
«Болашақ - жастардың қолында» деп, ел жастарына зор үміт артатын, олардың ғылыми потенциалына үлкен сеніммен қарайтын Елбасының білім жолындағы көреген реформасының бірі – қазақ жастарының шетелдік үздік білім ордаларында білім алуына жағдай жасау болатын. Осы орайда, көптеген қазақ жастарының арманына айналған атаулы «Болашақ» бағдарламасы 1993 жылдан бастап іске қосылды. 20 жыл ішінде 8 мыңнан астам қазақ жастары шет елде білім алып, елге оралып, білікті маман ретінде түрлі қызметтер атқаруда. Елімізді әлемге тағы бір қырынан танытатын Нобель сыйлығының иегерлері де солардың ортасынан шығар. Кім біледі?  Тілге тиек еткеніміз, Елбасымыздың білім саласындағы істерінің бірегейі ғана.
Диплом алған жастарға қолдау көрсететін, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы өз алдына, жер-жердегі елді мекендерге жаңа тыныс дарытқан «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасының игілігі бір төбе. Атаулы бағдарлама негізінде салынған мектептерден білім алған оқушы ертеңгі ел игілігіне қызмет ететін азамат болары анық. Елімізде атқарылып жатқан ізгілікті шаралардың шарапаты баршамызға тиіп жатыр. Соның бір ұшқынындай, диплом алған соң білім беру саласына жұмысқа тұрған жолдасым екеуміз қазір кезекті мемлекеттік бағдарлама негізінде үй алуды мақсат етіп отырмыз. Әрқайсымыз өз мамандығымыз бойынша жұмыс істеп, табысқа жетіп, балаларымыз мақтанатын, сыйлы ата-ана болуды ойлаймыз. Ел тыныштығын ойлаған Елбасының сарабдал саясатының арқасында халықтың тұрмысы көш ілгері заманда  жастарға одан артық не керек?
2011 жыл. Кезектен тыс Президент сайлауында жеңіске жеткен Нұрсұлтан Әбішұлы елорда жастарымен кездесу өткізді.
«Қазақстан» спорт кешенінің алып залында жүздеген жас жиналды. Ерболаттың «Мен қазақпын» деп аспандаған даусымен ашылған кездесу жастардың рухын асқақтатып, еліміз үшін мақтаныш сезімін бойымызға ұялатты.
Шара жүргізушілері «ортаға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шақырылады» деп хабарлады. Қарсы алдымыздан бойын тік ұстаған, шашын ақ қырау басқан Елбасы шығып, зал төріне өтті. Қол созым жерден өткен Президенттің нар тұлғасына қарап, бойымды кернеген шаттық пен қуаныштан жүрегім лүпілдеп, аузыма тығылғандай болды. Теледидардағыдай емес, тебірене сөйлеген бұл жолғы Елбасының әр сөзі санама құйылып, көкірегіме сәуле шашқандай әсер қалдырды.   
Араға жылдар салып, үлкен өмірге қадам бастық. Еліміз әлі де жас болғанымен, тәуелсіздік құрдастары біртіндеп үй болып, ата-ана атануда. Алайда, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сол кездегі «Балалар, сендер, Қазақстанның нағыз азаматы болу керексіңдер» деп тебірене айтқан жанашырлыққа толы сөздері санамда жатталып қалыпты. Осы сөздерді өмірлік қағида етіп ұстаған әрбір қазақстандық ортасына сыйлы, мақсат-мұраттарына қол жеткізген тұлға болары сөзсіз.
Назерке Әбікеева
газет тілшісі


Ақпаратты орналастыру уақыты: 23 Қазан 2018 13:37
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 23 Қазан 2015 13:37
Қарағандыда мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін облыс әкімінің сыйлығы табысталды 05 Қыркүйек 20:40
Қарағанды жастары Алтын Орда ескерткіштерін аралайтын экспедицияға аттанады 05 Қыркүйек 18:34
Қарағандылық бокс жаттықтырушысы Шешенстан марапатына ие болды 05 Қыркүйек 17:20
© 2021 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»