100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Сайланып алып, сабылып жүр

 

Ауылдық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, олардың құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдар әкімдері сайлауы өткеніне үш айдай уақыт болды. Қоғамды демократияландыру бағытындағы бұл жаңа қадам арқылы қызметке кіріскендер біліктілігі мен қабілеті бүгінде жергілікті тұрғындар алдында сынға түсіп, танылатындай-ақ уақыт болса, осынау биік сенімді ақтай білу үшін іс-ізденісті ұштауға кең мүмкіндік бары да сөзсіз. Осыған орай қалың жұртпен тікелей жұмыс атқарушы мемлекеттік билік жүйесіндегі бірінші тармақ өкілдері қызметі барысы туралы ой қозғау жөн саналған еді. Байқалатындай, ел іші артқан үміт үдесінен шығуға үлгілі ұмтылыстармен қатар, міндетке самарқаулық әлі де бар екені аңғарылады.
Сөйтіп, осы күзге салым барша қауымды елең еткізіп, қоғамда үлкен қызығушылық туғызған сайлауда 202 әкімге істі жаңаша сипатта серпілтуге мүмкіндік берілді. Аудандық мәслихаттар депутаттарының басым дауы¬сына ие болушылардың 70 пайызы жергілікті басқару жүйесінде бұрыннан еңбек етіп келе жатқан, жағдайдың қыр-сырына жете қанық, тәжірибелері жеткілікті азаматтар саналады. Орташа жас шамасы 50-ге қарайлас, бәрі жоғары білімді екені қалау кімдерге көбірек көрсетілуін көрсетеді. Әрине, мәртебелі жұмыстың ыстық-суығына біраз жылдан бері ысылған жандарға танытылуы түсінікті. Сондай-ақ, құрамының 30 пайызға жаңартылып, талапшыл, мақсатшыл, өзгерістерге бейімшіл топпен толығуы өңір тынысына соны леп әкелуі күннен-күнге білініп келеді.
Бұл толқынның бірнешеуімен тілдескенімізде, мұндай жоғары жауапкершілікке толқыныстары тарай қоймағанымен бірге, оны абыроймен атқаруға талпыныстары таудайлығы, қайрат қайралуы танылды. Солардың бірі – Нұра ауданындағы Байтуған ауылдық округінің жас әкімі Ардақ Қасымов – «Бұған дейін де мемлекеттік қызметте шыңдалған тәжірибем баршылық болғанмен, пілдей бір ауыл басшысы тұрғысындағы міндет салмағын сезіне түсіп отырмын. Күнделікті тіршілікке қатысты бүкіл мәселелерді жеке бастамашылығым мен белсенділігім бойынша саралап шешу «жеті рет өлшеп, бір рет пішуді» қажет етеді. Ендігі жерде іскерлікке жүгіну ғана керектігін түсінемін. Ал бұған аудандық әкімдік тарапынан қолдау да, заңдылық негіз де жасалуы толық тірек», дейді ол.
Әкім ортаға салғандай, іс ауылдың тазалығы мен тәртіптілікті жақсартудан басталыпты. Айына кем дегенде бір рет жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге арналған кездесулер өткізіп тұру үрдіске айналыпты. Жаңақұрылыс бөлімшесіне ауыз су тартылуы тездетіліпті. Елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына байланысты дайындалудағы төрт жылдық даму бағдарламасы жақында тұрғындар жиынында таразыға салынбақ көрінеді.
Ал Жаңаарқа ауданы Ақтау ауылы тізгінін қолға алған Ахметжан Отарбаевтың да қадамы осылайша басталып отыр. Мұның алдында мектеп директоры болған ол өсіп-өнген ортасындағы жай-күйді бес саусағындай біледі деуге болады. Оның айтуынша, өз жұмысын алымды да шалымды қылуға бұрынғы әріптесіне қарағанда қолы ұзарған. Ауыл ішіндегі бірқатар жайлардың шешімін табу үшін кіріс көзін қалыптастыру құқына ие болу қаржылық дербестікті күшейтуге жол ашқан.
Заңға сәйкес келетін түрлі ақылы қызметтерді көрсету, ерікті және мақсатты түрде төлемдер жинау, сауда орны, тазалық тәртібін бұзушыларға айыппұл салу сияқты шараларға жұрт көзі үйренуде екен. Көптеген елді мекендерде қыста кірме жолдарды, көшелерді қардан, көктемде күл-қоқыстан тазарту әуре-сарсаңы көп мәселе болып келсе, бұдан былай қарай ауылдастар техникасын жалдап, еңбек шартын жасасып, жұмысқа жұмылдыру әкімдікке де, тұрғындарға да тиімді болмақ.
Бұлар күнделікті қат-қабат істердің басы ғана. Алдағы түйінді түрлері шаш етектен екені де үркітпейді. Соның ішінде негізінен жылқы, қой түлігін өсіретін шағын шаруашылықтар күшін біріктіріп, іріленуге бет бұрдыру көзделеді. Малы қоралас, мүддесі үндес жандарға берекені бірлесе қалап, табысты иық тірестіре еселеудің жеңілдігі мен пайдасы түсіндіріліп қана қоймай, нақты шаралар жобасы белгіленген. Аймақ басшысының ауыл әкімдерімен өткізген кездесуінде 1 қарашаға дейін штаттық кестеге сай мамандармен қамту, коммуналдық меншікке берілетін мүліктің инвентаризациясын жасау, жастардың елдік, патриоттық сезімін жану сияқты алға қойған тапсырмасынан өрбіген істер ауқымы одан сайын зор. Бұл ретте жаңадан сайланған жергілікті басшылардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған семинарға барлық әріптестеріндей қатысып оқулары ойдағы істерге күш берген.
Мұндай талпыныстағы әкімдер жұмыстарын көптеп айтуға болады. Әйткенмен, нәтижесін уақыт көрсетеді десек, оған әзірге ертерек. Ең бастысы, көбінің бойында жауапкершілікті бағалап, соның қадірін жете түсіну бар. Гәптің бәрі осында.
Осынау тақырыпты сөз етіп отырғанымызда, өмірде әттеген-айлар аз ба, мына-дай жайды айналып өте алмадық. Әлде сайлау алдында үміткерлердің тұрақты мекені ескерілмеді ме, әлде сайлау ережесінде нақты көрсетілмеді ме, кейіннен белгілі болғанындай, таңдалған 202 әкімнің 131-і ғана өз ауылдастары ортасында тұратындар болып шықты. Тиісті ауылдық округтен тысқары жерлерден сайланғандар бүгінде таңертең келіп, кешкісін аудан орталығындағы үйіне қайтып жүр. Ұдайы жол үстіндегі, үнемі басқа жаққа алаңдаулы адамның жұмысында не береке болушы еді деуші тұрғындар реніші жөнсіз еместігі ойлануды керек ететіні анық.
Ендігі бір қызық жайт, кейбір әкімдердің сайлана салып, іле Мемлекеттік қызмет туралы заңнама мен мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс кодексі талаптарын өрескел бұзу фактісі бойынша әкімшілік жазаға тартылуы болып отыр. Мәселен, Шет ауданындағы Үңірек ауылына қайта басшы болған Темірғали Беркімбаевтың қызмет бабындағы орынсыз қиғаштығы ай өтпей жатып мәлім болып, облыстық Тәртіптік кеңесте қаралды. Сөйтсе, ол бұған дейін аталған мекен тұрғынының жайылымдық жер алу үшін қатарынан 4 рет жазған өтішінін құлаққа да ілмепті. Ережеге сәйкес оған жазбаша жауап та қайтармаған. Қарапайым азаматтың мүддесіне селқостық қылықтан аудандық әкімдік хабарсыз болмаса да, соған қарамастан, жауапты буынға сайлануына ұсыныс жасауы таңдандырады. Сөгіс беріліп, еңбек кітапшасына қызметіне лайық еместігі жазылған жаңа әкім міндетін жалғастырып жатыр.
Жалпы, мемлекеттік қызметшілер тарапынан жұртшылық тілегін түсіністікпен қабылдап, арыз-шағымдары бойынша жылы әңгімелесуге тарту орнына, келген бетінде теріс айналып, дөрекелік көрсету фактілері аз емес. Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданы және Саран қаласы әкімінің орынбасарлары Бейсен Үсенов, Гүлмира Беделбековалардың қабылдауға кіргендерді тұқыртып немесе қарамағындағыларға дауыс көтеріп сөйлеуі Тәртіптік кеңес талқысына жеткен жайлардың бірі.
Жауапты қызметті атқарушыларға талап жоғары. Жұрт соларға қарап бәрін бағалайды. Сенім салмағы жүктелгендерге өзгерісті тереңдетуге ынта-ықылас өсе түсер уақыт қой қазір.

Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.
16.11.2013ж.
 


Ақпаратты орналастыру уақыты: 23 Қазан 2018 13:37
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 23 Қазан 2015 13:37
Қарағандыда мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін облыс әкімінің сыйлығы табысталды 05 Қыркүйек 20:40
Қарағанды жастары Алтын Орда ескерткіштерін аралайтын экспедицияға аттанады 05 Қыркүйек 18:34
Қарағандылық бокс жаттықтырушысы Шешенстан марапатына ие болды 05 Қыркүйек 17:20
© 2021 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»