Новости области
Облыс әкімі Ә. Құсайынов мәдениет басқармасы бастығын тағайындады
3 ақпанда облыс әкімі Әбілгазы Құсайынов мәдениет саласы қызметкерлерінің активін өткізіп, онда кадрлық өзгерістер туралы хабарлады.
.jpg/")
Әбдірахманов Ержан Ахметұлы 1953 жылы дүниеге келген. 1976 жылы Өскемен педагогикалық институтын, 1988 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын, ал 2005 жылы Тұран университетін аяқтады. Біліктілігі бойынша музыка және ән сабағының мұғалімі, опералық және концерттік әнші, оқытушы, экономист.
Мәдениет пен өнер саласында 30 жылдан аса уақыт еңбек етті. Қаскелең қаласының Мәдениет үйін басқарды, республиканың музыкалық қоғамының басшысы, Қазақстан кинематографистер Одағы басқармасының хатшысы болды.
2006-2009 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас директоры қызметін атқарды.
2009 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің орынбасары, Алматы қаласы мәдениет басқармасының бастығы болды. Тағайындалғанға дейін осы қаланың ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып келді.
Әбілғазы Құсайынов Қарағанды облысының тек индустриалдық орталық қана емес, сонымен бірге еліміздің аса ірі мәдени орталығы екендігін де атап айтты. Қасиетті Сарыарқа жері - мәдени дәстүрлерге бай құтты мекен. Өңірде мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театры салынды, «Жол картасы» бойынша Станиславский атындағы драмалық театр, қалалар мен аудандарда көптеген кітапханалар мен клубтар күрделі жөндеуден өткізілді. Облыс орталығының алаңдарында Тәуелсіздік стеласы, Бұқар жырау, Қазыбек би, Қаныш Сәтбаев, Қасым Аманжолов сынды аяулы тұлғаларға еңселі ескерткіштер тұрғызылды. Осының бәрі – аймағымыздың мәдениет саласын дамытудың қомақты көрсеткіші болып табылады.
Облыс әкімі мәдениет басқармасының жаңа бастығының және жалпы активтің алдына ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауынан туындап отырған бірқатар міндеттерді қойды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі