Новости области
Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары облыстық мешітте акция өткізуде

Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары 12-ші қаңтарда облыстық «Әнет баба» мешітінде тұрғындарды жұмысқа орналастыру және тегін оқуларға жөнелту туралы бағдарламалармен таныстыру мақсатында акция ұйымдастырды.
- 2017 жылдың желтоқсан айының басында бізге дін істері жөніндегі агенттік мамандары мешітте жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныспен келді. Біз бір келісімге келдік, содан бері біздің қызметкерлер апта сайын әр жұмада облыстық «Әнет баба» мешітінде күндізгі сағат 12.00 мен 15.00 аралығында осы акцияны өткізеді,-дейді «Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ баспасөз хатшысы Мөлдір Омарханова.
Аталмыш шараны өткізу үшін мешітте арнайы бөлме де бөлінген. Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары тұрғындарға жұмысқа орналастыру бойынша мемлекеттік бағдарламалармен, мекенжайлық әлеуметтік көмек бағдарламаларымен таныстырады, кеңестер береді. Әлеуметтік жұмыс орындары, жастардың тәжірибесі, кәсіби білім мен қоғамдық жұмыстар жайлы баяндайды. Және де осы бағдарламалар жайлы толық ақпараттар қамтылған парақшаларды таратады.
Мөлдір Омарханованың сөзінше, бұл шара өз нәтижесін беруде: «Осындай түсіндіру жұмыстарынан соң азаматтар бізге келіп бағдарламалар жайлы сұрастырады, тегін қайта оқыту курстарына жазылады».
Өткен жұмада Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары 70-ке жуық адамға кеңестер берген.