Информационный портал аппарата акима
Бухар-Жырауского района
Бұқар жырау ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы
Ғабиден Мұстафиннің 110 жылдық мерейтойы
«Ғабең деп Сарыарқасы ән салады» «Күн шалмас қараңғы көңілді сөз шалады, күн жылытпас сұм жүректі сөз жылыта алады»,- деп Ғабиден Мұстафин өзі айтқандай, жазушы қаламының ұшынан туған асыл сөздерімен қаншама адамның жүрегін жібітіп, өмірге жол сілтеп, ал қаншасының көкейіндегі ойды дөп басып жеткізе білген еді. Міне, осындай қара сөздің хас шебері, қазақтың маңдайына туған дара тұлғасы Ғабиден Мұстафиннің 110 жылдық мерейтойы туған жері Ғ.Мұстафин кентінде тойланып өтті. Осыдан 10 жыл бұрын жазушының 100 жылдық тойы да туған жері Токаревка кентінде тойланып, осы елді мекенге Ғабиден Мұстафиннің есімі берілсе, бүгінде ұлыларын ұлықтаған ұрпақтары Ғабеңнің атына көше, мектеп аттарын беріп жатқаны белгілі. Мерекелік шара Бұқар жырау ауданының әкімі Шагурашид Мамалинов, Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы Хамит Омаров және Мәуен Хамзин, Жансая Жарылғапов, Айтбай Жұмағұлов, Жандос Смағұлов сынды ардақты азаматтардың кент кітапханасындағы «Даланың дархан класигі» атты кеңейтілген кітап көрмесін тамашалаудан бастау алды. Сондай-ақ, қонақтар мәдениет үйіндегі мұражайда қойылған жазушының қолтаңбасы бар кітаптар, аудан, кент тарихы, Бұқар жырау, А.Байсалбайұлы, Ғ.Мұстафин т.б. басқа да дара тұлғалармен қатар, ауданның құрметті азаматтары жайлы құнды ақпараттармен танысты. Шараның құрметті қонақтарының қатарында жазушының бауыры Ғазали Мұстафин мен келіні Балапан Мұстафина да бар. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудан көркемөнерпаздары күшімен дайындалған «Асыл аға – алып тұлға» атты салтанатты шара Ғ.Мұстафиннің «Миллионер» романы негізінде сахналанған көрініспен ашылды. Асыл өнеріміздің бірі - айтыстың шебері, жерлесіміз Айтбай Жұмағұлов жыр арнауын домбыраға қосты. Жетекші Н.Боцманның «Эдельвейс» үлгілі би ансамблінің бишілері сахнаға көрік берсе, бұлбұлша сайраған кішкентай әнші Еркежан Мәдениетованың әсем даусынан жұртшылық әннің қалай аяқталғанын да байқамай қалған сыңайлы. Жұмағали Елжановтың жүрегінен шыққан «Асыл аға – алып тұлға» әнін Қайролла Майемеровпен қосылып орындады. Сондай-ақ, мерекелік шараға барын салған Доскей ауылының халық ұлт аспаптары оркестрі, мәдениет үйінің әншілері Қ.Талашев, З.Төлеубаева, А.Амантайұлы, Н.Максимовалар әуелете ән салып, мереке сәнін келтірді. Ал, С.Құсбекованың «Жазушының жары болу оңай ма?» шығармасын Н.Әбдірахманова оқыса, Ғ.Мұстафин кентінің оқушылары «Ғ.Мұстафиннің көрікті ойларын» ортаға салды. Тыңдармандар асыл сөзді ойларына тоқыды. Аудан басшысы Ш.Мамалинов: « Ғ.Мұстафиндей ұлы тұлғаның біздің ауданда туғаны -үлкен мәртебе. Бүгінгі шара асылымызды ардақтап, барымызды бағалаудың бір көрінісі іспетті»,- дей келе, барша жұртшылықты құттықтап, ақ тілектерін арнады. - Ғабең еңбек жолын қара жұмыстан бастағанына қарамастан өмір философиясын терең меңгерген дана жазушы, - деген Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы Хамит Омаров дәстүрге айналып үлгерген жазушы атындағы жас қаламгерлер облыстық байқауын да айтып өтті. Артынша сахнадан орын алған байқаудың әділқазылары М.Хамзин байқауға қатысқан үміткерлердің ішінен бүгінгі заманның Ғабеңдері шығар деген сенім білдірсе, Жансая Жарылғапов байқауға қатысқан шығармалардың барлығына дерлік талдау жасап өтті. - Қазіргі кезде әлемдік ғалымдар том-том романдардың орнына 50-60 беттік романдар шығады дегенді алға тартып отыр. Міне, сондықтан біздер жастардың шығармаларын бағалау барысында әдебиетке келген посмодернизм ағымының және әдебиеттің барлық талаптарына сай келуін де аса назарға алдық,- деген Ж.Жарылғапов 1-орынды қанжығалаған Алмаз Мырзахметовтың «Жазушы», 2-орын алған Сұлтан Дәулетханұлының «Галстуксіз мұғалім», 3-орын алған Әділ Жакулаевтың шығармаларымен қатар, байқауға қатысқан 23 шығарманың әрбіріне өзіндік бағасын беріп, пікірін білдірді. Сондай-ақ, проза жанры бойынша сайысқа түскен талапкерлердің біршамасы арнайы «Жанрлық ізденіс» «Балалар прозасы», «Детективті проза» номинацияларын Б.Алтынбек, Ғ.Маликов, Е.Ермағамбетовтер иеленсе, қалған талапкерлердің барлығы алғыс хаттармен марапатталды. Облыстың барлық дерлік аймақтарынан келген үміткерлер жас та болса, өзіндік қарым-қабілеттерін көрсетіп баққан сыңайлы. Әдебиеттің жілігін шағып, майын жеген Ж.Жарылғапов жастардың қаламының ұшталып келе жатқанын, дегенмен әлі де болса, орынды сынмен жөндейтін тұстарының бар екендігін де ескертіп өтті. Ұлы жазушының көзін көріп, қолынан шай берген келіні Балапан әже мен бауыры Ғазали ағаға ұйымдастырушылар шапан жауып, гүл шоқтарын ұсынды. Ал, жазушы ұрпақтары өз кезегінде шараға ұйытқы болған еліне алғыстарын жаудырды. Тіпті, текті әулеттің келіні Балапан әжеміз ән де салып берді. Көзкөрген ұрпақтарын сөзге тартып, ол кісінің ашылмаған қырларын білуге тырыстық. Бауыры Ғазали Мұстафин: «Ғабиден ағамыз Алматыда тұрғанда қонаққа барып тұратынмын. Сол кезде ол кісінің тынымсыз еңбегіне қайран қалатын едім. Түні бойы жазу үстелінде отырғанына қарамастан, таңертеңінде ерте тұрып алатын. Өзіне Алматының әсем табиғатынан күш ала ма, жаяу жүргенді, спортпен айналысқанды жақсы көретін еді. Тағы бір қасиеті әрбір сөзін ойланып, байыппен айтатын. Көп сөйлемейтін. Сол кісінің ықпалы болды ма, жасым 83-те болса да, спортты жансерік етіп келем», - деп ағынан жарылды. Той соңында көлемі шағын, мазмұны мығым болған шығарма авторы Алмаз Мырзахметовтың пікірін білген едік. Көбіне әдебиетте жаңалық, жаңашылдық болғанын қалайтын ол, негізінен, жапон әдебиетіне ұқсастыра жазатындығын айтты. Ал, екінші жүлделі орынды иеленген жерлесіміз бұқаржыраулық Сұлтан Дәулетханұлы «Галстуксіз мұғалім» әңгімесінің кейіпкерлері өмірде болған соң да шынайы шыққан болуы керек дейді. Жалпылай айтқанда, жылдан-жылға талапкерлердің саны да, сапасы да өсіп келе жатқанын байқауға болатындай. Аға ұрпақты өнеге етіп, заманына сай қаламы ұшталған жазушыларымыз көбейе беруіне қашанда тілектеспіз. Мерекелік шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болып отырған Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Бұқар жырау ауданының әкімдігі болса, кештің өз деңгейінде өтуіне үлес қосқан жүргізушілер М.Асқарова мен Т.Іргебаевты да атап өткен орынды. Мереке соңында аудан басшысы, жазушы ұрпақтары, байқау жеңімпаздары, ұйымдастырушылар жиналып естелік суретке түсті. Ұлты үшін еңбек еткен ұлы жазушыны ұлықтау - бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Қаншама ғасыр, қаншама заман өтсе де, баба есімі, артында қалған мәңгі өлмес мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіндігі сөзсіз. К.БЕЙҒАМҚЫЗЫ
Вернуться к списку новостей
Комментарии (0):
Комменатриев нет.