Жаңалықтар
| Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
|---|
| Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
|---|
Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсің менің қуанышым, шаттығым,
Сенсің менің тазалығым, пәктігім.
Әр адам өзінің тілін шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап құлағына сіңіруі тиіс. Себебі, тілін білген адамның бойында патриоттық сезім қалыптасады. Олар елге, ұлтқа пайдалы мәселелерді қозғап, жауапкершілікті сезінеді. Өйткені, мемлекеттік тіл елімізде аса маңызды да, ең өзекті мәселе.
Ростовка орта мектебінде 23-28 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының Тілдер күні мерекесіне арналған «Тіл – татулық тірегі» атты тілдер апталығы өтті. Бұл апталықта іс-шаралар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізілді. Аталмыш апталық аясында бекітілген жоспар бойынша мектебіміздің тіл мамандары Қазақстан Республикасында тұратын барша халықтың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қорғауға және дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралардың өтуіне белсене ат салысты.
Дүйсенбі күні апталықтың ашылу салтанаты болды. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Жиында сөз алған қазақ тілі әдістемелік бірлестіктің жетекшісі, осы жолдардың авторы оқушылар мен ұстаздарды апталықтың жоспарымен таныстырды. Шараны пән мұғалімдері Г.Төлеутаева, О.Орехова, О.Колесниковалар дайындаған оқушылардың үш тілдегі әдеби монтажы жалғастырды.
Тәуелсіздігіміздің тұғырына көтерілген жылдар ішінде елдің бірлігі артқандай. Елімізде ұлтымыздың ұлы тілімен қатар әлемдік тілдердің де құндылығы жоғары. Қазақ балаларының өзге тілді меңгергеніне қуанып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеп, білім алып жатқанын көргенде, бір жасап қаламыз.Ұстаздар қауымының басты міндеті-шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, болашақ ұрпаққа ұлағатты тәрбие беру. Осы мақсатта қазақ тілі пәнінің мұғалімдері А.Таймағанбетова қазақ тілінен пән олимпиадасын өткізсе, Г.Сұраубай, Р.Аманжолова «Туған тілім – тірлігімнің айғағы» атты мәнерлеп оқу сайысын өткізді. Сайысқа қатысушы оқушылар ұлы ақындардың тіл туралы өлеңдерін нақышына келтіріп, жатқа айтты. Сайыстың жеңімпаздары - бастауыш сыныптар арасында 3 сынып оқушылары Медет Назира мен Жакенов Абылай болса, 5-8 сыныптар арасында – 6 сынып оқушысы Тілейхан Күннұр мен 8 сынып оқушысы Жакенова Арайлым жүлделі орындарды иеленді. Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. Сондай-ақ «Ана тілім –ардақ тұтар алтыным» атты сынып сағаттары өткізіліп, мектебіміздің кітапханасында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері О. Колесникова мен О. Жақыпова «Язык – богатство народа» тақырыбында шығармалар байқауын өткізді. 5-6 сыныптар арасында «Турнир знатоков» атты ойынын орыс тілі пәнінің мұғалімі Е.Рахимова өткізсе, тарих пәнінің мұғалімі Қ.Абишева «Вовка в тридевятом царстве» мектеп тақырыбындағы мультфильмдерді көрсете білді. 25 қыркүйек күні ағылшын тілі мұғалімі М. Сакимбаева ашық сабақ өткізді. Атқарылған іс-шаралардың қорытындысы ретінде Г.Сұраубай, О.Пожидаеваның ұйымдастыруымен «Тіл - татулық тірегі» атты тілдер апталығының әдеби-танымдық кеші өтті. Мектебіміздің оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі М.Қабдікәрімова құттықтау сөзінде Елбасының данышпан саясатының арқасында елімізде қоныстанған барлық ұлттардың тілдерін, мәдениетін, сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында қол жеткізген айтарлықтай жетістіктерге тоқталып, маңызды апталықта белсенділік танытқан топтарды, жеңімпаз топтарды, жеке тұлғаларды атап, тіл мамандарына өз ризашылығын білдірді.
Оқушылар өздерінің музыкаға деген қабілеттерін аңғартып, ән мен жырдан шашу шашып, «Таңшолпан» би ансамблі қазақтың ұлттық биін шабыттана орындады. Хавкей Еркегүл өзінің қоңыр дауысымен көрермен қауымын таңқалдырды. 10-сынып оқушысы Тілеухан Маржанның орындауында ағылшын тіліндегі әні көпшіліктің ықыласына бөленді. Концерттік бағдарламаны Анарбек Мұхтар, Алена Сливкина, Алтынай Қойшыбаева жүргізді.
Түйіндей келе, бұл шаралар осы мерекемен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай өз жалғасын табады деп ойлаймыз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?» - деп тура айтқан. Олай болса, тілімізді қадірлей білейік!