Жаңалықтар
| Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
|---|
| Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
|---|
Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асырудың маңызды міндеттерін анықтаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жыл сайынғы Жолдауымен мемлекет басшысы 17-ші қаңтарда халық алдында сөйледі.
Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ
Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жылда мұқият тыңдап келе жатырмын. Биылғы жылы да Қазақстан Президентінің ел болашағын жарқын қылуға, халық тұрмысын жақсартуға бағытталған Жолдауын тыңдап отырып, оның республикамыздағы өзекті мәселелерге байланысты айтқандары көңілімізден шықты.
Елбасымыздың биылғы халыққа арнаған кезекті Жолдауы елдік мәселелерге жан-жақты шолу жасап, алдағы мақсаттарымызды айқын көрсетуімен ерекшеленеді. Бүгінгі Президенттің Жолдауында «Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілген міндеттерге қалай жетудің жолдары айтылды. Елбасымыз мемлекетіміз бен қоғамымыз алдында тұрған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолындағы нақты міндеттерді атап берді.
2050 - Стратегиясы шамшырақ секілді, басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысы жақсаратындығын білдіреді.
Бүгінгі Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан - 2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет.
Биылғы Жолдауда білім-ғылым саласына да ерекше көңіл бөлінді. Білім сапасын көтеріп, мұғалімнің беделін арттыру, жалақыларын еселей түсуге Елбасы алдағы уақытта айрықша назар аударуды тапсырды Ел Президентінің пайымды саясатының арқасында білім қызметкерлерінің кешегіден бүгінгі жағдайы көш ілгері.
Еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етуге бағытталған Президент Жолдауында да білім беру мен білікті маман даярлау жүйесін дамытуға байланысты сөз болды. Стратегияның келесі онжылдығына қадам жасауда білім саласы мамандарының еңбектері де ерекше маңызға ие болмақ. Мұғалімдер жалақысын мерзімінен бұрын көтеру біздерге мол жауапкершілік жүктейді. Сонымен қатар, ұлт болашағы — шәкірттеріміздің жаңа технологиямен білім алуына да жағдайлар барынша жасалуда. Әрине, экономикасы мен әлеуеті күн сайын дамып келе жатқан еліміздің ертеңін ойлайтындар — білімді жеткіншектеріміз. Данышпан бабамыз Әл-Фараби: “Білімді болу — жаңалық ашуға қабілетті болу” деген екен. Бұл пайымның растығына және бүгінгі ұрпаққа да ой салатынына көз жеткізіп отырғандаймыз. Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ғасырлардың сынынан өткен ғұлама сөзінің заңды жалғасындай. Мұғалімдер мерейін үстем етіп, келешектен зор үміт күттірген Жолдауға қашан да қолдау көрсету — мұғалімдер қауымының үлкен міндеттерінің бірі болмақ.
Ал, мемлекеттік тілге келер болсақ, оны Елбасының әрбір Жолдауындағы әрбір сөзінен байқап жүрміз. Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Бұл - ұлттың ұйытқысы, деп атап өтті Елбасы.
Халықтың өмірін ұзарту, тұрмыс деңгейін жақсартуға аса мән беріліп отырған бұл Жолдауды іштей зерделеген адамға оның жыл сайын бірінен бірі асып түсетіндігі бірден байқалады.
Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды.
Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы.
Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.
Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият.
Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім.
Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.
Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Осы құндылықтар арқасында әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық. Бұл – біздің ұлы жетістіктеріміз. Қорытындылай келе, Елбасы:
Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. «Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі, дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік! деген қазақстандықтарға тілегін білдірді.
Қоғамдағы барлық саланы түгел қамтып сөйлеген Елбасының алғырлығына, қырағылығына, тапқырлығына таң қаласыз.
Бұл Жолдаудан мен осыны аңғардым. Еліміздің болашағы жарқын болсын.
С.Балпанов,
«ЖББ №1 ҚОМ» КММ директоры
Елбасы жолдауына орай
Мәңгілік ел – мәңгілік Қазақстан
Тәуелсіздіктің 22 жыл аралығындағы Елбасы өз Жолдауларында Қазақстанның дамуына, әлеуметтік мәселелеріне үлкен назар аударып отырды. Президенттің биылғы Жолдауындағы басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы.
«Мәңгілік Қазақстан» жобасы ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан - 2050» стратегиясы. Н.Ә.Назарбаев қазақ елінің ұлттық идеясына көңіл бөліп, біздің алдымызға көптеген міндеттер қойып отыр. Жолдауда Қазақстанды индустрияландыру, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарға медициналық көмек көрсету мен білім беру саласын жаңғырту мәселелеріне көңіл бөлінді.
Мемлекеттік тілді дамыту, тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды деп көрсетілді. Сондықтан Елбасымыз «оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деп анық белгіледі. Жолдау әрбір Қазақстан азаматының өмірін жақсартуды көздейді.
«ХХІ ғасырдың Қазақстаны – талантты, еңбекқор, толерантты халықтың небәрі екі онжылдықта «нөлден» бастап құрған елі. Бұл – біздің бәріміз мақтан тұтатын ортақ жемісіміз! Бұл – біздің шексіз сүйетін ұлы туындымыз!» - деген Президентіміздің сөздері барлық қазақстандықтардың, жастарымыздың патриоттық сезімдерін оятып, мақтаныш сезімдерін күшейтеді деген сенімдемін. Мәңгілік еліміздің Тәуелсіздігін сақтау - бүгінгі жастардың қасиетті міндеті.
Б.Елубаева,
Дубовка жалпы білім беру орта мектебі
Жолдау талқыланды
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбында Заречный орта мектебі директорының басшылығымен дөңгелек үстел өткізілді. Оның барысында мектеп директоры О.Сейфуллин мектепте білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда ұстаздарды ауқымды жұмыс күтіп тұрғандығын баса айтты. Себебі, 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан, оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін үйрете алатын білікті мамандар дайындауымыз қажет. Келешекте біздің оқушыларымыздың білім деңгейі Н.Ә.Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізуіміз керек. Біздің оқушыларымыз үш тілді жақсы меңгеруі қажет.
Біздің берген біліміміз оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығына сай болуы тиіс.
Сонымен қатар оқу-тәрбие ісінің орынбасары Б.Кәрібекова, тәрбие ісінің орынбасары А.Ғабитова, тарих пәнінің мұғалімі Д.Тяжин өз ойларын ортаға салды.
Б.Байғотанова,
Заречный орта мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі
«Мәңгілік ел» - ұлттық идея
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы –- егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат.
Осы стратегиялық құжатта Президентіміз мемлекеттік қызметтің барлық саласын қамти отырып, тәуелсіз Қазақстанымызды дамытудың, әрбір қазақстандықтың, әрбір отбасының, жастардың және келешек ұрпақтың мүддесін қорғаудың нақты жолдарын ұсынды.
Бұл жолдағы негізгі бағдарымыз – «Қазақстан – 2050» Стратегиясын орындаудың жеті бес жылдық кезеңді қамтитын маңызды міндеттерін атап көрсетті. Әр кезең сайын экономиканың жаңа белестерін бағындыру әрбір бес жылдықтың нақты нәтижесі болып табылады. Әсіресе, индустриялық-инновациялық даму, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, білім-ғылым салалары осы Жолдаудың ең салмақты тұстары екені сөзсіз.
Елбасының Жолдауында әдеттегідей әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінді. Соның ішінде, студенттердің шәкіртақысы, денсаулық, білім, әлеуметтік қорғау және «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы, мүгедектікке және асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақылардың өсетіндігі атап айтылды. Ал ең бастысы, еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жарияланды.
Сондықтан бұл Жолдау – жоспарлау саясаты, ұзақ мерзімді даму мен экономикалық өсуді мақсат еткен мықты мемлекетіміздің тағы бір Стратегиялық жоспары.
Бұл жоспар біздің дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатымызға жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Жолдауда айтылғандай, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында Елбасының айналасына бірігу «Мәңгілік ел» мұратымызға жетудің берік негізі болып табылады.
М.Базылов,
аудандық мәслихаттың депутаты
Жолдау жолданды – халық қолдады
Қазақстан халқына 18 рет жолданып отырған кезекті «Қазақстан - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Елбасының Жолдауы ерекше.
Ол ерекшелік – қазіргі замандағы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді, яғни Мәңгілік ел құруды көздейтін ұзақ 2050 жылға дейінгі Стратегия, оның жүзеге асырудың 10 ілкімді идеясы. Мәңгілік ел болу үшін қазақстандық патриотизмді, инновациялық жобаларды, геология, археология, көлік, энергетика, экономика салаларын, ғылым-білім, шағын және орта бизнесті дамыту тетіктерін жан-жақты баяндап, ел келешегі - жастарға үлкен сенім арта отырып, әр қазақстандықты үлес қосуға шақырды.
Қазақстан халқын бір мақсат пен мүдденің аясына жинаған Елбасы кемел келешектің, жарқын болашақтың негізін бүгіннен қалауға шақырады. «Стратегия – ол күннен күнге, жылдан жылға еліміз бен қазақстандықтардың өмірін жақсарта түсетін нақты тәжірибе жүзіндегі істердің бағдарламасы» деген Елбасының бұл жаңа Жолдауы Қазақстанның тәуелсіздігін мәңгілік ету жолында бағдары айқын, мақсаты биік, мүддесі жоғары бағдарламалық құжат екені анық.
Сондықтан да жұмылған жұдырықтай бірлік пен шыдамдылық, жауапкершілік арқасында аталмыш Жолдауды жүзеге асыруға біз - кітапхана қызметкерлері де бір кісідей ат салысамыз. Өйткені мемлекет басшысы айтқандай, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан». Оған қоғам болып ынтымақтаса кіріскенде ғана жемісті жеңіске жете аламыз.
Майгүл Асқарова,
кітапхана қызметкері,
Ботақара кенті
Елбасы Жолдауы – халыққа қолдауы
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауы ел экономикасына, әлеуметтік салаларға бағыт беріп, айқын мақсат қоятын бағдарға айналған. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы да халықты тұтастық тұғырына біріктірген құнды құжат.
Мемлекетіміздің бір жыл ішіндегі аяқ алысы мен тыныс-тіршілігі қорытындыланып, келер жылдың айқын міндеттері жүктелетін Жолдаудың жүгі ересен. Атқарылар істің ауырлығын көтере білу мен оны жүзеге асырудағы ел Президентінің сара саясаты «Мәңгілік елге» айналуымыз үшін қажет басты факторлардың бірі. Ұзақ мерзімді жоспарларды қоя отырып, Елбасымыз барша халықты бір мақсат аясына жұмылдырады. Сонымен қазақ елінің рухы мықты, керегесі берік, шаңырағы биік бола түспек.
Елімізде қалыптасқан дәстүр бойынша, Президент Жолдауынан халық жақсылық күтеді. Алға қойған мақсаттармен алысқа ұмтылудың қажеттігін сеpзінеді. Дамыған отыз елдің қатарына кіру үшін ел экономикасының тірегі болатын шағын және орта кәсіпкерлікті қолға алып, мемлекеттік арнайы бағдарламалардың көмегімен жер-жерде жаңа іс бастады.
Мал және егін шаруашылығын кәсіп еткен біздің аудан үшін «Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік елге айналуға тиіс» деген жолдар үлкен міндет артып отырғандай. Ауданымыздағы шаруа қожалықтарының мал тұқымын асылдандырып, дәнді дақылдардың тиімді түрлерін өсіруді қолға алып жатқаны – ірі өңірлік аумаққа айналудағы қадамдардың бірі.
«Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы» демекші, кәсіпкерлікті қолға ала отырып, аудан тұрғындары өздерін жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Жеңілдетілген мемлекеттік несиенің нәтижесінде шағын ауылдарда ашылып жатқан шаштараз, монша, наубайхана сияқты кәсіпкерлік нысандар біраз адамды жұмыспен қамтып, ауыл тұрғындарының тіршілік жасауына жағдай туғызып отыр.
Елбасы шаруа қожалықтарының қысқа мерзімді нәтижелерді қанағат тұтпай, ұзақ уақыттық жоспарлар құра білу қажеттілігін де назарға алған. «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновацияық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан, бүгінгі фермерлер тек уақытша ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануы тиіс» деп, өзара бәсекелестік артып келе жатқан салада жеңіске жету үшін үздік технологиялық әдістерді, техниканы қолданып, әлемдік стандарттарға сәйкес жұмыс жасау керектігін айтады.
Көз қорқақ, қол батыр демекші, бойындағы үрей-қорқынышын жеңген қаншама қазақстандық бүгінде өз ісін бастап, дөңгелетіп отыр. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға алақан жайып отырғандар саны азайып, «екі қолға бір күрек» деп, бірі мал шаруашылығында, бірі қызмет көрсету, енді бірі мемлекеттік қызметтерде жұмыс атқарып жатыр.
Биікке ұмтылған сайын бойымыз жазылып, тынысымыз ашыла түседі емес пе?! Сол сияқты Қазақстанның «Мәңгілік елге» айналуы жолындағы талпынысымыз ұлтымызды бір мақсат жолында жарқын болашаққа бастап отырғаны сөзсіз.
Н.Әбікеева