Жаңалықтар
Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
---|
Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
---|
Келесі айдың басынан бастап Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру бағдарламасы әрекет ете бастайды. Барлық қазақстандықтар өз табыстарының бір бөлігін арнайы құрылған қорға жіберіп отырады. Ал әлеуметтік қорғалмаған азаматтар үшін мемлекет төлейтін болады.
Қазіргі таңда сақтандыру пакетіне қандай қызмет түрлері кіретіні белгілі. Ол – медико-санитарлық көмек, жоспарлы медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медбикелік күтім және паллиативті көмек (дерті жазылмайтын науқастардың сиптоматикасы мен ауруын басу).
Мемлекет болса, өз кезегінде, сақтандыруы болмаса да барлық азаматтарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге кепілдік береді. Сонымен қатар жоспарлы егулер мен онкологиялық аурулар, туберкулез, қант диабеті және басқа да әлеуметтік маңызды дерттерде көмек көрсетуді өз мойнына алады.
Біз сіздерге міндетті медициналық сақтандыру бағдарламасы туралы білу керектігін естеріңізге саламыз.
Қашан басталады?
Міндетті медициналық сақтандыру 2017 жылдың 1 шілдесінде басталады. Осы кезден бастап қазақстандықтар қорға ақша аударады. Бағдарлама аясында медициналық қызметтер 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап көрсетіледі. Қаржының жиналуына шамамен жарты жыл уақыт қажет, содан кейін ол медициналық мекемелер арасында бөлінеді.
Міндетті медициналық сақтандыру кімге қатысты?
Жаңашылдық тек Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға ғана қатысты.
Қанша төлеу керек?
Ресми жұмысқа орналастырылған азаматтар үшін еңбекақының бір пайызы аударылады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем сомасы 1,5%-ға, 2020 жылы 2%-ға, ал 2022 жылдан бастап 3%-ға артады.
Ал өз бетінше төлейтіндер үшін жарна сомасы айына 1414 теңгені немесе жылына 16 968 теңгені құрайды.
Сақтандыруды қалай және қай жерде төлеуге болады?
«Қазпоштаның» кез келген бөлімшесінде немесе екінші деңгейлі банктерде. Ай сайын да, жылына бір рет толық соманы төлеуге болады.
Мемлекет кім үшін төлейді?
Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына жататындар сақтандыру төлеуден босатылады:
• балалар;
• «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналар және «Батыр ана» атағы бар аналар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені иегерлері;
• ҰОС қатысушылары мен мүгедектері;
• мүгедектер;
• жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;
• интернатта оқитын және тәрбиеленетін тұлғалар;
• техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беретін мекемелерде, сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі резидентурада күндізгі оқу түрінде оқитын тұлғалар;
• бала тууына, бала асырап алуына, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста отырған тұлғалар;
• жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баласын тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін әйелдер;
• зейнеткерлер;
• әскери қызметкерлер;
• арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері;
• құқық қорғау органы қызметкерлері;
• сот үкімімен жазасын өтеп отырған тұлғалар, қауіпсіздігі төмен мекемелерді қоспағанда;
• уақытша ұстау және тергеу изоляторларында жатқан тұлғалар.
Жұмыс беруші кім үшін төлейді?
Жұмыс беруші қызметкермен ресми еңбек келісімшарты жасалған жағдайда оның айлығының бір пайызын аударып отыруға тиіс.
Кім өзі төлеуге тиіс?
Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар міндетті медициналық сақтандыру қорына өз бетінше жарналар төлейді. Олар: жеке кәсіпкерлер, заңгерлер, нотариустар, адвокаттар және т.б.
Мен үшін кім төлейтінін қалай анықтаймын? Мемлекет пе, жұмыс беруші ме?
Халықтың қай санатына жататыныңызды анықтау үшін емханаға тіркеліп, маманнан egov.kz порталы арқылы сіздің статусыңызды тексеруін сұрауыңыз керек.
Өз статусымды egov.kz порталы арқылы өзім тексере аламын ба?
Иә. Өз статусыңызды egov.kz порталында «Жеке кабинеттен» көріп, анықтай аласыз. Ол үшін электронды сандық қолтаңбаңыз болуы керек.
Жеке кәсіпкер статусы жоқтар не істейді?
Экономиканың бейресми секторының өкілдері – жұмыс істейтін, бірақ еңбек келісімшарты немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендер, мысалы – таксистер, фрилансерлер, қызмет көрсету саласының қызметкерлері, ресми түрде жұмысқа орналаспағандар ЖК тіркеуге немесе жұмыссыз ретінде тіркелуге тиіс.
Егер статусым анықталмаса не істеймін?
Егер өз статусыңызды анықтай алмасаңыз, онда ХҚКО жүгіну керек. Онда халықтың қандай санатына жататыныңызды анықтауға көмектеседі, сәйкесінше, сақтандыру үшін кім және қалай төлеуге тиіс екендігін айтады. Ал ауыл тұрғындары аудандық әкімдікке жүгінеді.
Мемлекет жұмыс істейтін студенттер, зейнеткерлер мен мүгедектер үшін төлей ме?
Иә. Аталған санатқа жататындардың жұмыс істейтініне қарамастан, олар халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының өкілдері болып табылады.
Әлі ЖОО-ға немесе колледжге түспеген мектеп түлектеріне сақтандыруды өз бетінше төлеу керек пе?
Жоқ. Мектеп бітіргеннен кейін мемлекет үш ай бойы сақтандыруды төлеуді жалғастырады. Осыдан кейін егер азамат өз оқуын жалғастырмаса, ол сақтандырууды өз бетінше төлейді.
Шетелде тұратын ҚР азаматтарына сақтандыруды төлеу қажет пе?
Шетелде тұратын Қазақстан азаматтары да өзінің міндетті сақтандыруының есебіне ең төмен еңбекақы мөлшерінің (1414 теңге) 5 пайызынан бастап төлейді.
Сақтандыру аясында медициналық көмек қайда көрсетіледі?
Міндетті медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасаған еліміздің кез келген емханасында.
Сақтандыру аясында көрсетілетін қызметтер көлемі еңбекақыға байланысты ма?
Жоқ. Барлық ҚР азаматтары мен оралмандар үшін міндетті сақтандыру аясында еңбекақыға, сәйкесінше, қорға аударылатын пайызға байланыссыз медициналық қызметтердің бірдей көлемі қарастырылған.
Сақтандырудан бас тарта аламын ба?
Жоқ. Медициналық сақтандыру Қазақстанның барлық азаматтары үшін міндетті.
Сақтандыру полисі әрдайым өзіммен бірге болуы керек пе?
Жоқ. Бағдарламада полистер, карточкалар немесе басқа да растау құжаттары қарастырылмаған. Жеке куәлігіңіз болса жеткілікті. Статусыңыз бен сақтандырудың жағдайын ЖСН арқылы тексеруге болады.
Сақтандыруды төлемегенім үшін айыппұл қарастырылған ба?
Иә. Аударымдар мен жарналарды төлемегені, уақытылы немесе толық төлемегені үшін ескерту жасалады. Әкімшілік өндіріп алу салынғаннан кейін жыл бойы қайта төлемеген жағдайда, шағын кәсіпкерлік субъектісіне немесе коммерциялық емес ұйымдарға төленбеген аударымдардың сомасынан 20 пайыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 30 пайыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 50 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады.
Міндетті медициналық сақтандыру туралы қосымша ақпаратты қайдан аламын?
Толық ақпаратты 955-559 телефоны бойынша Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының колл-орталығына хабарласуға болады.