100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Жаңалықтар

Шешенқара ауылдық округі әкімінің есебі

 Құрметті ауылдастар! Өткен 2016 жылы елімізде айтарлықтай айтулы оқиғалар жеткілікті болды деп есептеймін.
2016 жылды еліміз үшін айтулы жыл, мереке жылы деп атауға құқымыз бар, себебі, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған әр түрлі іс-шаралар мереке күніне дейін жалғасты, 21-ші қарашадан бастап 15-ші желтоқсан аралығында «25 жұлдызды күндер» тақырыбында күн сайын ауылдық округ бойынша мерекелік шаралар өтті.
Шешенқара ауылдық округінде барлығы 99 765 гектар жер көлемінде орналасқан екі елді  мекендегі (Ащы-су, Шешенқара) 238 үй-жайда 919 адам тұрады. Олардың 465 еңбекке жарамды бөлігіндегі 448 адам жұмыспен қамтылған. Бұның ішінде 260 адам жалдамалы жұмыста болса, 188 адам өз шаруашылықтарында еңбек етеді. Жалпы жұмыссыз деп есептелінетіндер саны – 17 адам, оның ішінде 15 әйел жас баламен отыр. Жасына байланысты шыққан зейнеткерлер саны – 97. Мүгедектер қатарында – 46 адам. Оның ішінде :
1-топта – 1 адам;                  2- топта – 19 адам;                   3- топта – 21 адам;
Бала жастан мүгедектер саны – 3 адам;
Жеке оңалту бағдарламасымен қамтылғандар саны – 30 адам.
Жеке оңалту бағдарламасының мерзімі өткендіктен 4 – адам бұл бағдарламаға осы жылы кіреді. Жүйке жүйесінің ауытқуына шалдыққан 12 – адам бұл бағдарламаға кірмейді. 
Атаулы әлеуметтік көмекті 1 отбасы (5 адам) алады.
18 жасқа дейінгі балаларға толенетін жәрдем ақыны 16 отбасындағы 54 бала алып отыр.
Ауылда 1- Ауған соғысының ардагері, 18- тыл еңбегінің ардагерлері және Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан 1- азамат тұрады.
Ауылдық округ аумағында 1 – өндірістік кооператив, 1 – жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 22 – шаруа қожалықтарының жер телімдері бар. Жеке кәсіпкерлер саны – 10.
Өткен кездесулерде Сіздердің тараптарыңыздан айтылған өтініш-тілектердің орындалысына талдау жасасақ, бүгінгі күні шешімін тапқан мәселелер:
Е.А.Кудариновның күрес залына жаттықтырушы штатын беру туралы өтініші қарастырылып аудан басшылары тарапынан оң шешімін тапты.
Аудандық балалар мен жастардың спорт мектебінің мұғалімі Нариман Маратұлына қосымша жарты айлық төленіп біздің күрес залымызға жаттықтырушы міндеті жүктелді. Ол кестеге сәйкес аптасына 3 рет келіп жаттығу өткізуге тиіс еді, бірақ бүгінгі күні ауданнан бөлінген жаттықтырушы өз міндетін дұрыс атқарып жүрген жоқ. Егер жаттықтырушы осы ауылда тұрса жаттығулар уақытында өтіп күреске қатысушы жастар жоғары нәтижеге қол жеткізер еді. Өкінішке орай аптасына 3 рет келуге тиісті жаттықтырушы айына 3 рет келсе оның шәкірттерінен қандай нәтиже күтуге болады. Оның үстіне жастардың спортқа деген қызығушылығы жоғалады. Бұл мәселе аудан басшыларының назарына ұсынылды.
Е.Чекулаеваның жол тазалауға ақшаның бөлінбей отырғаны туралы ренішіне, аудан әкімі Н.С.Кобжанов бөлінеді,- деп жауап берген. Осы жауап өз шешімін тапты, тиісті ақша бюджеттен бөлінді.
Ж.Ж.Салыков өз сөзінде жұмыстың жоқтығы туралы айтқанда, аудан әкімі: «биыл ауылда жұмыс орыны ашылатынын, тек күте тұруын»,- сұраған еді.
Бүгінгі күні Ж.Ж.Салыков  «Пролетарский» өндірістік кооперативінде  механизатор, әрі конторда от жағушы міндетін қоса атқаруда.   
Ал шешімін таппаған бір ғана өтініш – ол аудан әкімімен болған кездесуде айтылған «Қарағанды – Егіндібұлақ» бағытындағы автобустың ауылымызға екі бағытта кіріп-шығуы туралы.
Бүгінгі күні «Қарағанды-Бесоба» бағытындағы автобус  кесте  бойынша  аптаның бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі күндері Қарағандыдан Бесобаға барар жолда, ал жұма, сенбі, жексенбі және дүйсенбі күндері Бесобадан Қарағандыға барар жолда Шешенқараға кіруге тиісті болса да түрлі себептерді (тұрғындардың таксилермен кететінін, автобустың бұзылып келе жатқанын, автобуста бос орын жоқтығын т.б.)  айтып  көп жағдайда кірмейді. Кейде автобус бұзылып 2-3 күн мүлде жүрмейді.
Жалпы автобустың жүргізушісі Шешенқараға кіруге құлықсыз, өз сөзімен айтқанда «Кей жағдайларда Қарағандыда Шешенқараға баратын кісілер отырғандықтан, Бесобаға баратын кісілер симай қалады, ал автобус Бесобаның кісілерін тасыса ғана өз-өзін ақтайды, сондықтан Сіздерге «Қарағанды-Белағаш» бағытындағы автобустың кіргені дұрыс, себебі ол үлкен автобус және Белағаш Сіздерге жақын»,-дейді.
Бұл автобус мәселесі 3-4 жыл көлемінде күн тәртібінен түспейтін шешуі қиын мәселе болып тұр.
Биылғы жылғы бір қуанарлық жағдай ауылымызға инвестор келіп «Пролетар» өндірістік кооперативін (ӨК) сатып алып, бүгінгі күні ауылымыздың 27 адамын жұмыспен қамтып отыр.  
Ауылымызда негізгі қолдаушылар болып тұрған «Пролетар» өндірістік кооперативі (ӨК) басшысы Актаулов Жарас, «Темір Агро» ЖШС басшысы Жунусов Данияр, «Виктория» ШҚ басшысы Глянц Николай, «Надежда» ШҚ басшысы Чекулаев Сергей және  демеушілік жасаған Ботақара кентіндегі жеке кәсіпкер Сұлтанғали, ауылымыздың тұрғындары: Ахметов Сымбат пен Падалко Анатоли, ауылымыздың кәсіпкерлері: Адамбаев Нұрдаулет, Кушнарчук Вячеслав, Дүйсенғалиев Самат, Джапарова Гүлшара, Кириченко Бенита, Канина Светлана, Тұрғанбаев Советай сонымен қоса мемлекеттік мекемелер: әкімдік, мектеп, мәдениет Үйі, модельді кітапхана, мал дәрігерлік пункт ұжымдарына  басқа да қолдау көрсеткен ауыл тұрғындарына барлық әлеуметтік, мәдени-көпшілік шараларды өткізуге өз үлестерін қосқаны үшін өз атымнан алғыс айтамын.
Ерім дейтін Елі болмаса – Елім дейтін Ер қайдан шығады,- деген аталы сөзді шығарған халқымыз Ерлерін ұмытпаған, ұлықтаған.
Биыл Жеңіс Күні мерекесіне орайластырылып  Шешенқара ауылындағы христяндар қорымында Ұлы Отан Соғысының ардагері Левадный Михаил Никитовичтің мәйіті жатқан жердің темір қоршауы сырланып басына ескерткіш тас орнатылды.
Ауылымыздың Пискунов көшесіндегі Пискунов Алексей Васильевичке орнатылған ескерткіш белгі жаңартылып, қоршаудың есігінен ескерткіш белгіге дейін тас тротуар жасау басталды, бірақ қүн суытып, қар жауып кеткендіктен бітпей қалды.
Биыл осы ескерткіш белгіні бітіріп Жеңіс Күні ашуды жоспарлап отырмыз.  
Енді ауылдық округтегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқтала кетсем:
1. «Аймақтарды дамыту» бағдарламасына сәйкес бөлінген қаражатқа, 848000 теңге және  «Еңбек пен қамту жол қартасы - 2020» бағдарламасының 1-бағытына сәйкес бөлінген 2000000 тенге қаражатқа 2016 жылы ауылымыздың орталық көшесінің жолы амбулаторияға дейін жөнделді. Қолма-қол бақылау шотына (КСН) түскен қаражат 953 мың теңгені құрады. Оның 278 мың теңгесі көшені жарықтандыру шамдарының қызметін төлеуге жұмсалынды. Қалған 675 мың теңге 2017 жылға ауыстырылды.
2. 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес Шешенқара ауылында 2014-2018 жылдары су құбырын әр үйге кіргізу жоспарланған. 2015-2016 жылдары су қоры зерттелді, 2017 жылы жоба дайындалып, 2018 жылы су құбыры тартылады.
3. «2011-2015 жылдарға арналған Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында 2011 жылы мектеп жанынан күрес залы ашылып, пайдалануға берілді. Бүгінгі күні осы күрес залында дайындалған оқушылару аудандық, облыстық деңгейдегі белдесулерде жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр. Жоғарыда айтып өткендей жаттықтырушы мәселесі дұрыс шешімін таппай тұр. Мектепте, амбулаторияда, мәдениет үйінде салауатты өмір салты насихатталып, әр түрлі іс-шаралар өткізіледі.
4. «Қол жетімді баспана – 2020» бағдарламасына сәйкес ауылдық округ бойынша 5 адам баспана алу кезегіне жазылған. Оның ішінде бір бала жеңілдікпен берілетін баспанаға қол жеткізді.
5. «Еңбек пен қамту жол қартасы - 2020» бағдарламасының 2-бағыты бойынша Шешенқара ауылының тұрғындары С. Дюсенгалиев жылқы сатып алып қымыз өндіру мақсатында  – 3 000 000 теңге,  М.Тусупов ірі қара мал сатып алып өсіру үшін – 2 000 000 теңге  несие алып  кәсіптерін ашып отыр.
Осы бағдарламаның 3-бағыты бойынша екі жас жігіт дәнекерлеуші мамандығын алып шықты.
Бүгінгі күнге дейін өз мәнінде пайдаланылмай келген ауылдық округ аумағындағы 8 шаруа қожалығының 11 815 га жері мемлекетке қайтарылды.
Елді мекен жерінен жер алып мал өсіруге ниет қылған ауылдық округтің 5 тұрғынына малдарының санына сәйкес, тұрғындардың келісімімен маусымдық пайдалануға, уақытша 4 жыл 11 айға, 4300 га жайылымдық жер берілді.
Мал соятын қасапхана ашуға жер сұраған Шешенқара ауылының тұрғыны Садыков Мейрамға берілетін жердің орыны келісілді. Ол құжаттарын ХҚКО-ға тапсырды.
«Дана» шаруа қожалығы Шешенқара ауылында арнайы сүт қабылдау пункітін ашуды қолға алды.
Ауылдық округте өртке қарсы, су тасқынына қарсы, қыс айларындағы тосын жағдайларға қарсы іс-шаралар жоспары дайындалып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен келісілді.

Білім беру саласы.
2016-2017 оқу жылы бойынша Шешенқара орта мектебінде барлығы 33 мұғалім қызмет етеді. Қазіргі уақытта 1-11 сыныптар бойынша 30 бала тегін тамақтанады. Мектепке дейінгі балалар тәрбиеленетін орталықта 24 баланы екі тәрбиеші мен екі қүтуші қарайды. Ащы су теміржол бекетінен 8 оқушы мемлекет есебінен ұйымдастырылған автокөлікпен Шешенқара орта мектебіне барып-келіп оқиды.

Денсаулық саласы.
Ауыл тұрғындары ауылдық дәрігерлік амбулаторияда күндізгі стационардан ем қабылдайды. Есепте тұрған науқастар және жаңа туған балалар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

Мәдениет саласы.
Ауылдық мәдениет үйінде 10 көркемөнерпаздар үйірмелері және «Шалқыма» қазақ ұлттық бұрышы мен «Березка» орыс-украин этно-мәдени ұлттық орталығы жұмыс жасайды. 2016 жылғы жоспарланған мерекелік іс-шараларға тоқталсақ - Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған«Отаным алтын бесігім», «Горжусь тобой Казахстан», «Қазақтың батыр қыздары», «Бүгініміз баянды,болашағымыз жарқын» , «Тәуелсіздік белестері», «Қазақстан ортақ үйіміз», «25 жұлдызды күн» - атты тақырыптық кештер  және 14-30 жас , 30-50 жас аралығында «Шешенқара дауысы» байқауы ,  балаларды қорғау күніне  «Кішкентай арулар» сайысы өткізілсе , Әлейхан Бөкейхановтың 150 жылдығына «Алаштың Алиханы», «Тар жол тайғақ кешкендер», «Тарихқа тағзым» атты тарих сағаттары, ал Қарағанды облысының 80 жылдығы аясында «Қарағанды облысының құрдастары», «Песня о Караганде» - атты тақырыптық сағаттар және күнтізбелік мерекелік шаралар жастарға арналған «Что? Где? Когда?» , «Білгенге маржан», «Алтын сақа» - атты интелектуалдық ойындар, дөңгелек үстелдер, би кештері өткізілді.
Жеңіс күні, Қарттар күні ардагерлер мен басқа да зейнеткерлерге,
8-наурыз күні «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапаттарына ие аналарға арнайы дайындалған ән-күй бағдарламалары көрсетіліп, мерекелік дастархан жайылды. 1 желтоқсан  Тұңғыш Президент күніндегі мерекелік шарада мектеп ғимаратында ардагерлер бөлмесі салтанатты түрде ашылды.Мұнда негізгі қаржыландырушы болған өз мүмкіндіктерінше демеушілік жасаған шаруа қожалықтары басшыларына, жеке кәсіпкерлерге, басқа да өткен іс-шараларда демеушілік жасағандарға алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар Мәдениет үйінде Елбасының жолдауын халыққа насихаттауға , терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бағытында ақпараттық сағаттар жүйелі өткізіліп тұрды.
Модельді кітапханада 10 998 кітап қоры бар. Оқырмандар саны – 600. Кітап берілімі – 9 500.
Барлық әлеуметтік, әкімшілік ғимараттарға жеткілікті көлемде көмір түсірілген, амбулатория, мектеп пен мәдениет үйі ғимараттарында жылу жүйелері қалыпты жылу беріп, жұмыс істеп тұр.
     Мал дәрігерлік пункт пен Учаскелік инспектордың жұмысы туралы өздерінің есебі болғандықтан олардың жұмысына тоқталған жоқпын.
Үстіміздегі жылы алдымызда тұрған өзекті мәселелер:
1. Нұра өзенінің үстінен өтетін көпірдің жөндеу жұмыстарын бітірту.
2. 3-разъезд бен Шешенқара ауылының арасындағы жолды комуналды меншікке қарату.
3. Жалға алған 3853 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерін пайдаланбай отырған 5 шаруа қожалығының жерін мемлекетке қайтару.
4. Нұра өзенінің су жайылатын жағасын биіктету үшін арнайы жоба жасауға қаражаттың көзін табу.
5. Шешенқара ауылы тұрғындарының өтініші бойынша автобус мәселесін шешу.
6. Қатты қалдықтар төгіндісін (ҚҚТ) заңдастыру мәселесін шешу.
7. Қолма-қол бақылау шотына (КСН) 2017 жылы, 6 салықтан түсетін 1 млн. 221 мың.теңге қаражатына Ащы су мен Шешенқарадағы иесіз төгінділерді шығарту, көшенің жарығына қажетті лампалар мен фотодатчиктер, магнитті қосқыштар сатып алып жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.  Бүгінгі күнге дейін ауылдық округ бойынша орнатылған 67 көше шамдарының 17-сі ғана жанып тұр: Шешенқара ауылында – 15 шам, Ащы су теміржол бекетінде – 2 шам.
2017 жылы атқарылатын істердің ауқымы өздеріңіздің ұсыныс, талап-тілектеріңізден кейін тағы да айқындала жатар.
Ал енді осымен есебімді аяқтаймын. Сұрақтарыңыз болса жауап беруге әзірмін. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!


Шешенқара ауылдық округінің әкімі                              С.Т.Ускенбаев

 

 

Вернуться к списку новостей

© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Яндекс.Метрика
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»