Новости области
Ерлан Қошанов Қарағанды қаласының қоғамдық кеңесі мүшелеріне жолдардың сапасын бірігіп тексеруді ұсынды

Бүгін мәслихат депутаттары мен Қарағанды қаласының қоғамдық кеңесі мүшелерімен кездесу барысында аймақ басшысы жолдардың сапасы мәселесін көтерді. Оның айтуынша біздің облысымыздағы жол тораптары мен өтпежолдардың басым бөлігі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар өткен жылы жөнделген жол учаскілері де қайтадан жарамсыз болып қалған. Мердігерлердің мәлімдеуінше оған басты себеп – павлодарлық зауыттан алынған битумның сапасыздығында. Жолдардың тез тозуының тағы бір себебі – тиісінше қаралмайтынында. «Агродор» ЖШС директоры Наталья Мальчушкина Ерлан Қошановқа жаңадан салынған асфальтты дұрыс күтпегендіктен, ол мерзімінен бұрын бұзылуына әкеліп соғатынын айтып шағымданды. Ленин көшесі бір жыл бұрын ғана жөнделген болатын. Алайда тас жиектер үгітіліп, кейбір жол белгілері тіпті жоғалып кеткен.
- Біз жолдарды салғанда, бес жыл кепілдік берген болатынбыз, - дейді Наталья Мальчушкина аймақ басшысына. – Онда біз сапалы ұсақ тас-мастикалық асфальт төсеген едік. Ол ұзақ мерзім жатады. Алайда қазірдің өзінде асфальттің бүлініп бара жатқанын байқауға болады. Граниттен жасалған жиектастардың шеттері үгітіліп жатыр. Оларды қыста грейдерлер сырып өткен. Мүгедектерге арналған көлік қоятын орындардағы пластик бағаналарды алып тастаған. Олардың қажеті аз деп есептеген болуы керек. Қыс мезгілінде жолға тұз себеді, ол дегеніміз реактивті орта, асфальтты бұзады. Жол бетін металл қылшақтармен тырнайды. Біз кепілдік береміз, ал жолды басқа мекемелер қадағалайды. Біз өзіміз босақ басқаша қараушы едік сол жолдарға.
Ерлан Қошанов Наталья Мальчушкинаны тыңдап болған соң, бұл жағдайды қалай шешуге болатынын ойластыратынына уәде берді. Сондай-ақ аймақ басшысы жалпы облысымыз бойынша жолдардың жағдайы көңіл көншітпейтінін атап айтты.
- Мен қызметіме кіріскен күннен бастап жол мәселесімен айналысып келемін, - деді ол. – Қаланың көшелерімен, облыстың жолдарымен жүремін. Қай жерде қандай жұмыстар атқарылуы керектігін көріп жүрмін. Біз өткен жылы сапасыз павлодарлық битум алғандықтан жасалған жөндеу жұмыстарымыз текке кетті. Сондықтан павлодарлық битум күмән тудырады, әрине.
Келешекте мұндай қателіктер болмауы үшін қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкіміне жол жөндеу жұмыстарында қолданылатын құрылыс материалдарын тексеретін арнайы зертхана құруды ұсынды.
- Қазір біз, менің білуімше, сынамаларды сараптауға Алматыға жібереміз, - деді қоғамдық кеңес мүшесі Николай Абт. – Оның нәтижесі дайын болғанша мердігерлер асфальтты салып, жөндеу жұмыстарын аяқтап үлгереді. Нәтижесінде жол қаптамасы сапасыз болып шығып, аз уақытта бүліне бастайды. Суық пен ауыр салмақты көтере алмай қалады. Ондайға жол бермеу үшін кішігірім болсын жергілікті зертхана салуды ұсынамыз.
Облыс әкімі арнайы зертхана салу біздің облысымыз үшін өзекті екенімен келісті. Сондай-ақ аймақ басшысы қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттарға жөнделіп жатқан жолдарға барып, жұмыс сапасын қадағалауды ұсынды.
- Мен сіздердің бұл мәселені белсенді қарастырғандарыңызды білемін, - деді облыс әкімі. – Сол қадағалау жұмыстарыңызды жалғастыра берулеріңізді ұсынамын. Заңгерлермен кеңесіп, қоғамдық кеңес мүшелері жасалған жұмысты қабылдау актілерін енгізсе болады.
Кездесу соңында Ерлан Қошанов басқосуға жиналғандарға жемісті әңгіме мен орынды кеңес бергендері үшін алғысын білдірді.
- Мен мұнда осы секілді өзекті идеялар мен ұсыныстарды есту үшін келдім, - деді ол сөзін қорытындылай келе.