100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Мемлекет- бизнеспен қуатты

 

Жаңа нысан ашылды
Кәсіпкерлік - біздің қоғамымыздың қозғаушы күші. Үкіметіміз әрбір азаматқа өз кәсібін ашуға қажетті жағдайдың барлығын жасап отыр.«Ерінбеген – етікші болады» демекші, қандай да бір кәсіпті игеріп, өзін де, жанындағыларды да жұмыс орнымен қамтыған азаматтардың саны күннен-күнге көбейіп келе жатыр. Осының көрінісіндей болып  Тәуелсіздік күні қарсаңында Доскей ауылында  «Диас» автокөлік жөндеу сервисі ашылып, ауыл тұрғындары үшін қуаныш әкелді.
Осынау нысанның ашылу құрметіне жиналған туған-туыс, дос-жаранмен қатар аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Т.Дүйсебаев, «Парасат Сервис» ЖШС басшысы Е. Қойайдаров, М.Жұмашев,  анасы Зинаш Адамбайқызы, С. Жүнісов т. б. жиналған қауым толқыды, жүрекжарды тілектерін айтты. Азаматтың бастаған ісіне ақ жол тіледі. 
Барлық істің сәтті аяқталуы ауыл азаматтарының бірлігі мен ынтымақтастығына байланысты. Біз кәсіпкер Саят Жүнісовті әңгімеге тартқанымызда  ол ең алдымен азаматтар арасындағы түсіністікке, мақсаттың бірлігіне тоқталды.
Ауыл әкімі Дархан Ілиясұлы Жақыпбектің атына өзінің ризашылығын білдірді. Көптеген шаруаларды ақылдасып, бірге шешімін табатындарын, достарының да көптігі, бір-біріне қолының ұшын беретінін де тебірене айтқан еді. 
Өмірбаян парақтарына үңілсек, Саят Сағындықұлының анасы Зинаш Адамбайқызы Жүнісова мемлекеттік қызмет ардагері, өмірінің ұзақ жылдарын адамдардың тұрмысы мен тіршілігінің ауыртпалықтарын бөлісіп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға арнаған. Жолдасы Сағындық қайтыс болғаннан кейін, балаларының тәрбиесі, оларды қиындыққа толы жылдардан алып шығу, білім әперу, отау қылып шығару – бәрі де анасының иығына түскен. Аналарына қолқанат болып өсіп келе жатқан балалары Тахир мен Саят үнемі қабағына қарап, еңбек етуге, әрбір тиынды ұқыпты жұмсауға үйренді. Бір-біріне мейірімді, аналарына, туған-туыстарына қайырымды болып өсті. Мектеп бітірді, жоғары білім алды.
«Толған ай тураған етпен бірдей» демей ме халқымыз. Күн артынан күн, ай артынан ай жылжып, өмір көші тоқтамады. Аналары зейнет демалысына шықты, балалары жеке отау құрды. Заман талабына сай түрлі кәсіпті меңгерді. Ағасы Тахир ауыл орталығында адамдарға қызмет көрсету мақсатында «Достар» кафесін ашып, халыққа мінсіз қызмет көрсетсе, қарындасы Динара Кәкімова «Наурыз» дүкенін ашып, адамдардың тіршілігіне қажетті керек-жарақты ұсынса, бірнеше салада – дәнекерлеуші, слесарь, құрылыс тараптарынан көптеген тәжірибе жинаған Саят Сағындықұлы көлік жөндеу шеберханасын ашуға ниеттенеді. Бала кезден тату-тәтті бірге өскен достары қаржылай көмек көрсетіп, жетпеген сомаға шағын несие ресімдеп, ауыл тұрғындарының көз алдында заманауи талаптарға сай сервис бой көтерді.
Айрандай ұйыған отбасының азаматы бастаған,  Айгүл атты өмірлік қосағы қостаған, үлгілі отбасында Аружан атты жауқазын, Нұрлан мен Диас атты ұлдар өсіп келеді. Ауылдастарының игілігіне қызмет  көрсету орнын, жұмыссыздарға жұмыс орнын ұсынып отырған әкенің балаларына берер тәлімі өте көп. Еңбекқор әкеден, ұлағатты анадан  ұяда алған тәлімін болашақта жүзеге асырып, олар да халықтың қалаулысына айналады деген сенім орнады біздің жүрегімізде.
Саят Сағындықұлының алдына қойған мақсаттары көп. Болашақта жастарды салауатты өмір салтына бастайтын спорт залы, монша салуды жоспарлаған. Сауапты істің оңымен жүзеге асуына біз де тілектеспіз.


Ақпаратты орналастыру уақыты: 23 Қазан 2018 13:37
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 23 Қазан 2015 13:37
© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Яндекс.Метрика
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»