100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Тәуелсіздікке тағзым

«Бәрін де тарихтың сый-сыбағасы деуге болар, алайда жан жүрегіңнің аңсары болған азаттықты ешкім де сыйға тарта алмайды. Азаттық дегеніміз -   әлемдік тарих толқынында өзінің субъектілік құқығын сезінетін және оған жауап бере алатын халық болмысының жалғыз ғана үлгісі»   Н.Назарбаев,

«Тарих толқынында», Алматы, 1999, 54-бет.

Бар ғұмырын «жерұйықты» іздеуге сарп еткен, аты аңызға айналған Асан Қайғы бабамыз қазіргі Еуразия төрінде орын теуіп, ұшы-қиыры жоқ дархан даланың төскейінде төгілген ғажайып қала Астананың ұшқынын көргенде, өмірлік арманының жүзеге асқанына көзі жетер еді. Сол даланың ғасырлар қойнауынан бабалар үнін жеткізген, кешегі мен бүгінгінің сыр сандығын арқалаған жалғыз аманаты – ел тәуелсіздігі, ұлт азаттығы болатын.  Сондықтан біз үшін Тәуелсіздік өткенге  мәңгілік  - тағзым, болашаққа алары мол – тағылым.
Қазақстан байырғы әлемдік өркениеттің тоғысында, әлеуметтік және экономикалық, мәдени және идеологиялық байланыс арасындағы көліктік күретамырлар қиылысында, Еуразия құрылығындағы ірі мемлекеттік қалыптасулар ортасында бой көтеріп отыр. Саралаған сана болса білер, бұның бір артықшылығы болса, бір кемшілігі де бар. Қытай мен Ресейдей қос алыптың бел ортасында қабырғасы қайысып кетпей, өз талаптарын анық қойып, демократиялық даму жолына түсу біздің ел үшін оңай болған жоқ. Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағының қанаты астында «алма піс, аузыма түс» деп үйренген қоғам нарықтық заманның қатты қаһарынан біраз қиналды. Қиналып барып, ширықты.
Сол жылдардан бері қоғамдық түрлі өзекті мәселелер, соның ішінде тіл, діл сияқты халықтық күретамырлар қайта жандану жолына түсті. Әрине, газет бетіне бір рет жарқ етіп шыққан мақала немесе теледидардағы хабардан мәселе өзгеріп кете қойған жоқ. Алайда, көптеген жылдар бойы жабулы қазан күйінде келе жатқан күрмеулі түйіндердің шеті ағытылып, бұқараға жол тартты. Соның ішінде, ХХ ғасырдың басында қазақтың бөлек ел болып, түтін түтетуін арман еткен Алаш зиялыларына деген құрмет сезімі тұтанып, көпшілік назарына ұсынылды. Олардың мұралары зерделеніп, қазіргі таңда доктор, профессор болып отырған аға-апаларымыздың зерттеулері нәтижесінде еңбектеріне дұрыс баға беріліп, жер-жерден ескерткіштер көтерілді. Бұл да бір атқарылған жұмыстың жемісі, өткенге деген құрметтің белгісі.
«Қасым ханның қасқа жолының», «Есім ханның ескі жолының», Тәукенің «Жеті жарғысының» біздің тәуелсіз еліміздегі жалғасы 1995 жылы ұлттық референдумда қабылданып, Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы өмірге келді. Оның өзі биылғы жылы ат жалын тартып, бой тоқтатар кәмелеттік жасқа толды десек  қателеспейміз. Себебі, осыған дейін өзгертілген, қосылған заң баптары мен тармақтарында сан жоқ болса да, уақыт өте келе ол да бір саралы жолға түсер. Ата Заңымызда аталған құқықтық мемлекет болып, ұрпаққа қара қылды қақ жарған Конституцияны табыстау, болашаққа берген мол тағылым емес пе?
Атадан балаға мұра болып, ұлттық діліміз бен тіліміз бүгінгі күнге жетті. Әрине, ешбір ұлт жер бетінде бір сәтте пайда болған емес және болмақ та емес. Олардың әрқайсысы өзінің тарихи даму жолында түрлі асулардан өтіп, қиындықтарды бастан кешкені мәлім. Сол заңдылық шеңберінде еліміз де екінші мың жылдыққа аяғына тік тұрған, алға қойған мақсаттары мен талаптары бар мемлекет ретінде қадам басты. Үкімет отырыстарында талқыланған түрлі әлеуметтік бағдарламалар халықтың жағдайын жақсарту мақсатында ел арасына жол тартты. Солардың нәтижесінде шалғайдағы елді мекендерде ауруханалар мен мектептер салынып, халықтың рухани әл-ауқатын арттыру жолында көптен ұмыт болған мәдени шаралар да қолға алына басталды. Ауылдан қалаға ағылған халық нөпірі біраз болсын тиылып, «Дипломмен -  ауылға» және т.б. әлеуметтік бағдарламалардың негізінде ауылға жастар тартыла бастады. «Ел болашағы – жастар қолында» дегенді үнемі қайталап отыратын Елбасының сөзінде үлкен мән бар екені белгілі. Жастармен ауылдағы мәдени-әлеуметтік жағдай оңалып, жас еңбек күші мен жаңаға талпыныс есебінен ауылдардың да жағдайы түзеліп қалар. Бұның өзі «Көш жүре түзеледі» деген дала пәлсапасынан туып отыр.
Уақыт көшінде әлемнің үздік елдерінің қатарына кіруді мақсат тұтқан, жас та болса іргелі мемлекетіміздің мақсаттары айқын, стратегиялық бағыты анық. Кемшіліксіз, әрине, болмайды. Соны айтып та, жазып та жатамыз. Алайда, ең бастысы, осы Тәуелсіздік алған жылдары неге қол жеткіздік деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Нәтижесі қайсымызды болсын қуантары анық.
 


Ақпаратты орналастыру уақыты: 23 Қазан 2018 13:37
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 23 Қазан 2015 13:37
© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Яндекс.Метрика
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»