100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Аудан тарихы

«Бұқар жырау ауданым – бақ мекенім»

Сонау бағзы заманда сайын дала төсін сан мың ат тұяғының дүбірі, аруақ шақырған батырлардың қиқуы, семсерлердің бір-біріне қақтығысқан сыңғыры құлақ тұндырып, жердің шаңы аспанға көтеріліп, жан беріп, жан алысқан ұлы шайқастар өтті.
Оңтүстігінде айдаһардай ысқырған, алпыс айлалы, құрттай құжынаған Қытай, солтүстігінде жерің мен еліңе көз алартқан аюдай Ресей - екі алып империяның қыспағында күн кешкен ат төбеліндей ғана қазақ аздығына қарамай, «еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып», білектің күшімен, даналардың ұлылығымен «ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын» шексіз қиырды, ұлан-ғайыр сары даласын сан ғасыр жаудан қорғап, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Иә...
Бұл  даланы анам жаспен суарған,
Бұл  далада атам қолға ту алған.
Бұл далаға жылап келіп, уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!, -деп ақындар жырға қосқан қазақ даласының қай жерін алсаңыз да қасиетті, киелі.
Түгін тартса май шығатын, қойны қазыналы, үсті жазиралы құнарлы даланың бөлінбес бір бөлшегі -кезінде Асан Қайғы ат шалдырып, Бұқар абыз толғатқан, қазақтың бағына ел бастаған көсемдер, Бекайдар, Мәнжі, Мәңкі сынды сөз бастаған шешендер, «он сан орта жүзге ұран болған» Олжабай, Нияз сынды қол бастаған батырлар, отты жырмен рух берген айтыс өнерінің ақтанкерлері Доскей Әлімбаев, Көшен Елеуов сынды дүлдүл ақындар,  Ғабиден Мұстафин, Қабыл Боранбаев, Матай Айнабеков сынды қарымды қаламгерлер, ғылымның кенін қазған Қылыш Бабаев, Арықтай Қайыпов сынды ғалымдар, ауыл шаруашылығын дамытуда үлкен үлес қосқан «Халық қаһарманы» Александр Христенко сынды ерлер туған Бұқар жырау ауданы.
   Далба тауының түстік өңіріндегі күздік қыстауы Қарағайлыбұлақта көз жұмған киіз туырлықты қазақтың кемеңгері, Қаздауысты Қазыбек биді сақтаған сөре тастар қамқорлыққа алынып, ескерткіш тақта орнатылса, осы Қарағайлыбұлақтың терістігінде бір көш жерде ұлы жырау, тоғыз ханды толғаумен өткен, Абылай ханның оң тізесін баса отырған кеңесшісі Бұқар бабамыздың рухы мәңгі тыныс тауып, ұлыларын ұлықтай білетін ұрпақтарымен елдік пен ерлікті паш еткен батырдың дулығасы іспеттес кесенесі бой көтеріп, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келіп, ат басын бұратын киелі орындардың біріне айналған.
      Далбаның батысындағы шалғынды жазықта, Төрткөл ауылының жанында, Шаңтимес, Ханқашты деген жерде Алшынбай қорығы аталатын шүйгінді алқапта ұлт тарихында өзіндік орны бар тұлғалар - Қаздауысты Қазыбек бидің немересі Тіленші мен шөбересі Алшынбай билердің мәңгілік мекендері бар.
    Осы өңірдің тарихқа кіретін тағы бір себебі – діни орталық болуы. Оған дәлел, исламның өріс алуына себепкер болған қожалар бірнеше мешіт ашып, Ақжар, одан әрі Семізбұғы, Шатқа қарай мекен етіп, төңкеріске дейін елге қызмет істеген, солардың ішіндегі атақтысы бүгінде аудан орталығындағы мешітке есімі берілген Жыржыс қажы. Осындай аруақтар
жебеп жатқандығынан болар, бүгінде ел береке-молшылыққа, жері думан-тіршілікке, қасиет киеге ие.
    Байтақ  даланың апайтөсіндегі Ботақара жотасы мен онымен есімдес айна көлдің төңірегіне Ресейдің Таврия губерниясынан көшіп келген қарашекпендер қоныстанып, отырықшы мекенге айналған жер 1938 жылы Ворошилов ауданы болып құрылып, 1961 жылы Ульянов ауданы, кейін бірнеше атаулардан соң тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің арқасында 1997 жылы Тельман мен Ульянов аудандары біріктіріліп, ел қамын жеген Шопанай Әмірханов, Серік Ағыбаев сынды ұлдарының игі бастамасымен Алаш жұртының азаттығы жолында өлең сөздің уытымен халқына қызмет еткен абыз, ірі тұлға Бұқар жырау есімімен аталып, 2001 жылы орталығы Ботақара деген тарихи атауына ие болды. 
     Арғын тайпасының көне қонысы болып саналатын Бұқар жырау ауданы облысымыздың жалпы аумағының 3,4 пайыз, Сарыарқа белінің 14.6 мың шаршы шақырым жеріне иелік етіп, 62,9 мың адам тұрғынның, оның ішінде 41,1 пайызын құрайтын өзге ұлт өкілдерінің тұрағына айналған, 27 селолық округ, 3 кент, 68 елді мекенді қамтыған жер.
      Жер қойнауында тас көмір (Жоғарғы Соқыр, Қушоқы кендері), қоңыр көмір (Күмісқұдық) және құрылыс материалдарының мол шикізат қоры барланған. 
     Облыстың көптеген қалалары мен кенттерін кең құшағына қауыстыра жатқан Бұқар жырау ауданы аймақ тұрғындарының ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысының басым бөлігін қанағаттандыратын агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келе жатқан іргелі өңір.
   Аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту экономиканың үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын белсенді жүзеге асыруы негізінде қамтамасыз етілуде. Осы салада аймақтың дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ірі өнеркәсіп ошақтары – Қушоқы, «Кузнецк», «Сәт көмір» разрездері, «Нұрқазған» кен орны, «Мақсам Қазақстан», темір-бетонды шпалдар шығаратын «Промтранс» зауыты, шарлық кран мен ілмекті арматура өндіретін «Бёмер Арматура» зауыты, «Сұңқар» астық компаниясы, «Ақ Нұра», бор өңдейтін «Импульс», «Изоплюс Центральная Азия» құбырларды оқшаулау зауыты.  
    Еліміздің дамуына негізделген Индустрияландыру картасына жылына 50 мың болат радиаторлар шығаратын «КазТерм» зауыты енгізілді.
     Құс етін өндіру мен жұмыртқа өндірісін дамытуда «Ақнар құс фабрикасы», «Майқұдық құс фабрикасы», «Карл Маркс атындағы құс фабрикасы», инновациялық технологияларды қолдана отырып, қарқынды жұмыс жасап келеді.
    Бұрынғы кеңшарлар, агрокешендер негізінде ауданда астық, жем-шөп, көкөніс, картоп егетін, сүтті-етті, етті ірі қара мал бордақылайтын, жылқы, шошқа, құс өсіретін акционерлік қоғамдар, өндірістік кооперативтер, жеке шаруа қожалықтары құрылған.
    Ұлттық экономиканың  жетекші күші – кәсіпкерлік болса, оны жан-жақты қолдау мақсатында қабылданған мемлекеттік «Бизнестің Жол картасы -2020» бағдарламасы аясында ашылған асыл тұқымды мал өсіретін «Жалғас», «Ұлан», «Мереке», «Марат», қазақтың жабы жылқысын асырайтын «Шұғыла» шаруа қожалықтары, дәнді дақылдар, картоп және көкөніс өңдеу саласында «Айхан» шаруа қожалығы, Киров атындағы өндірістік кооперативтері табысты еңбек етіп келеді. Картоптың сапалы өнімін экспортқа шығаратын «Арғын», өсімдік өсіру мен мал шаруашылығын қатар өрбітіп отырған «НұрӘділ» шаруа қожалықтарының жұмысы жақсы жолға қойылған. Осындай үлкен еңбекпен келген сапалы да құнарлы өнімдерін жыл сайын өткізілетін «Ауыл береке» жәрмеңкесіне шығарып, қала-ауыл халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету шараларында  да алдыңғы қатардан көрінеді.
    Егіншіліктің, селекцияның, тұқым шаруашылығының, асыл тұқымды мал өсірудің ғылыми негіздерін жасау бағытында жұмыс жасайтын  Центральный селосында орналасқан Қарағанды ғылыми-зерттеу өсімдік шаруашылығы және селекция институтының ғылым мен ауыл шаруашылығына қомақты үлес қосып жатқанын баса айта кету керек.
   Баспанасы жоқтың бабы келіспейтіні анық жайт. Осы ретте мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар да аз емес. Әсіресе, елімізде соңғы 4-5 жыл бедерінде тұрғын үй саясаты жақсы жолға қойыла бастады. Сон¬дай шаралардың бірі - «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама аясында ауданымызда бірнеше тұрғын үйлер салынып, өз баспанасына ие болған жас мамандар, мемлекеттік қызметкерлер мен жұмысшылардың өмірге, еңбекке деген құлшынысын арттырып, әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуда оң нәтижесін беруде. 
     Бүгінде ауылдарды абаттандыру айрықша мәнге ие. Мұны тіпті өмірлік мәні бар мәселе деп те қарауға болады. Елбасының "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында: "Бұл арада мен әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек: өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес. Әрбір ауыл мен қала тазалықтың, көркеюдің, тәртіптіліктің үлгісіне айналуы керек" деуі тегін емес. Осыған орай ауданда көшелерді жарықтандыру, балаларға арналған көпсалалы корттар мен спорт алаңдарын ашу, көздің жауын алар гүлзарлар отырғызу, тазалық сақтау  жұмыстары  кеңінен қолға алынған.
    «Мақтансаң байлығыңмен емес, өнеріңмен, өмірлі, білімді, мәдениетті, сұлу ұрпағыңмен мақтан»,-дейді қара сөзден сары қымыз сапырған классик жазушы, жерлесіміз Ғабиден Мұстафин.    
   Жас ұрпақты біліммен қаруландырып, ел тарихын оқыту, ұлттың рухани құндылықтарын болашақтың санасына сіңіру жолын ұстанған 36 жалпы орта, 12 негізгі және 7 бастауыш мектеп, шалғай жерлерден келіп оқитын балалар үшін 2 мектеп жанындағы интернат, жаңа заманға сай лайықталған балабақшалар мен шағын орталықтар жұмыс жасауда. Облыстық, республикалық, халықаралық білім-өнер байқауларынан олжалы оралған шәкірттерінің жемісін көріп жүрген білікті ұстаздар мен жоғары санатты тәрбиешілер де аз емес.
   Әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына қосылу үшін дені сау халқы бар салауатты қоғам қажет екені айдан анық. Осы саланың тізгінін ұстаған ақ халатты абзал жандарға барынша қолайлы жағдай жасалып,  медициналық мекемелер заманауи құралдармен жабдықталған. Соның нәтижесінде тұрғындарға сапалы қызмет көрсетілуде.
   Халықтың ең ұйымшыл, әлеуметтік-белсенді топтарының бірі, қоғамның өмірлік күші мен қуаты болып табылатын жастардың өмірі де назардан тыс қалмай, ел игілігіне еңбек ету, бос уақытын тиімді өткізу, жақсылықтың жаршысы болу бағытында тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінген. Жастар істері бойынша аудандық кеңес, жастармен жұмыс жасау орталығы кәсіптік оқыту, қайта даярлау, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының табысты жүзеге асуына қамқорлық жасайды. Аудан көлемінде 180-ге тарта спорт кешендері мен алаңдары, хоккей корттары мен футбол алаңдары жастардың салауатты өмір салтын ұстануына игі ықпалын тигізуде.
    «Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады». Сондықтан да мәдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы қашан да биік. Көпшілік халықтың еңсесін көтеріп, ақпараттық, мәдени, ұлттық тәрбие мен патриоттық рух беру жолында жұмыс жасайтын 75 мәдениет ошағы бар. Өміршең өнерімен аудан атын асқақтатып жүрген халықтық атағы бар Доскей атындағы халық ұлт аспаптар оркестрі, Мұстафин кентінің «Эдельвейс» үлгілі би ансамблі. «Өнер десе ішке асын жерге қоятын» көркемөнерпаздардан құралған вокалдық, аспаптық топтар мен ансамбльдер қаншама?! Көптеген мәдени іс-шаралардың шырайын кіргізетін «Ботақара баурайында» фольклорлық ансамблі өнерінің өзі бір төбе. Аудан жұртының абыройын арқалап, бойындағы дарыны мен жігерін базарлап жүрген өнерпаздардың ішінде үлкен үміт күттіретін келешектің молдығына да сенім мол.
  «Өткенсіз ел, тарихсыз жер болмайтынын» паш еткен, тәуелсіздік жетістіктеріне арналған шарада ашылған Сайдалы Нияз батыр мен Айдабол Олжабай батырлардың және ғұлама ғалымдарымыз Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкиндердің бейнесі кескінделген скульптуралық композиция, «Тәуелсіздік стелласы», жол бойындағы субұрқақ – бүгінде бұқаржыраулықтардың ғана емес, барша жолаушылардың тамашалайтын дүниесіне айналды.
«Жақсының аты, әлімнің хаты өлмейді» деген сөзімен өзіне ескерткіш қойып кеткен бабаның әрбір сөзі жасампаз. «Мені дүниеден қайтқанда аманатқа сақтап Әзіреті сұлтанға апарып қоймаңдар. Қыс ішінде әуре болып қарбаласқа түспеңдер. Маған осы Сарыарқа төсінің топырағы бұйырсын. Әйтпесе елдің құты қашады, ырысы кетеді... Менің кием осы Сарыарқаға ие болсын. Қазақтың ендігі Жиделібайсыны осы жер».
Баба өсиетіне адалдық танытқан ұрпақтары Сарыарқаның құтын қашырмай, ырысын кетірмей, киесін сақтап, мемориалдық кешенін көтеріп, музейін құрып, аудандық Бұқаржырау оқуларын облыстық деңгейге жеткізіп, есімі мен шығармашылығын насихаттау ісін дәстүрге айналдырды. Енді міне, аудан орталығына келешекке ой салар еңселі баба ескерткішін орнатылып, өнегелі де сауапты іс жасалып отыр.
    Тоғыз жолдың торабында орналасқан Бұқаржырау ауданы жыл сайын көркейіп, қанатын кеңге жайып келеді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген Бұқар бабамыз ел мен жердің тағдырына алаңдап, ертеңгі күннің кемелдігіне кәміл сенген болатын. Сол ержүрек бабаларымыздың сан ғасырлық арманына қол жетіп, еліміз тәуелсіздік алды, басқа ұлыстармен теңесіп, көк туымыз желбіреді.  «Қазақ елі –мәңгілік ел» идеясын ұстанған бұқаржыраулықтар бабалар аманатын тағылымды іс-шаралармен жалғастырып, нық сеніммен алға басып келеді.

 


Ақпаратты орналастыру уақыты: 23 Қазан 2018 13:37
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 23 Қазан 2015 13:37
© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Яндекс.Метрика
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»