home Русский Қазақша Сайт картасы Кері байланыс WAP Нашар көретiндер үшін
100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Мемлекеттік қызметтің сапасы – басты мәселе

Берік Ахметов: - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі

Мемлекеттік қызметтің сапасы – басты мәселе

Бүгінгі Қазақстан –жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет.Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр.

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Ұлт жоспарын дамытудың бес негізгі басымдығын нақтылап саралап берген болатын.Институттық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты бесініші басымдықта Елбасы әсіресе сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресу,сатып алу саласын жетілдіруде Үкіметке тиісті тапсырмалар берген-ді. Мемлекеттік қызмет түрлері,олардың сапалы көрсетілуін бақылау кімнің құзырында және заңдылығы қандай деген сауалға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары,Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Берік Мұхамеджанұлы Ахметов жауап береді.

Тілші:- Жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер дегеніміз не? Оларды кімдер көрсетеді?

Б.А: -Мемлекеттік қызмет дегеніміз-халыққа мемлекет тарапынан берілетін әртүрлі жәрдемақылар, анықтамалар,рұқсат құжаттары, сертификаттар, лицензиялар және тағы басқалар. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 723 түрі бар.Олардың 389-і біздің облыстың аумағында көрсетіледі. Аймақ бойынша 2 мыңнан астам мекемелер халыққа қызмет көрсетіп отыр.

Т:- Облыс тұрғындарының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алудағы құқықтық сауаттылығы қандай деңгейде? Мемлекет тарапынан мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қаншалықты көңіл бөлінуде?

Б.А: -Шынын айту керек, бүгінгі қоғамда халықтың сауаттылығы жоғары деңгейде. Өздерінің құқықтарын біршама біледі, әрі оны қорғай алады. Бұған себеп, Департамент және мемлекеттік қызмет берушілер тарапынан халық арасында түсіндірме шаралары үнемі жүргізіліп отырады. Облыстағы барлық интернет-ресурстарда мемлекеттік қызмет алудың тәртібі туралы қолжетімді ақпараттар орналастырылған. Бұл жұмыс үнемі назарда әрі мониторинг жасалып отырады.

Мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметтерге үлкен көңіл бөлініп отыр. Мысалға, Елбасының барлық стратегиялық құжаттарында, оның ішінде соңғы Жолдауында мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне бағытталған нақты тапсырмалар қойылды. Ондағы басты мақсат - мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру арқылы, халықтың уақытын үнемдей отырып, мемлекеттік аппаратты ашықтыққа, қолжетімділікке жеткізу. Мысалы, егер сіз жеке бас куәлігін алатын немесе айырбастайтын болсаңыз, сол мезетте сізге ЭЦП қоса беріледі.

 

Т:-Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапалы көрсетілуіне кім бақылау, бағалау шараларын жүргізеді?

Б.А: -Көрсетілетін қызметтерді бақылау шараларын Департамент жүргізеді. Халықтан түскен әр шағым біз үшін төтенше жағдаймен тең. Себебі, сол шағымның артында құқығы шектелген немесе бұзылған мемлекеттік қызмет алушы тұр. Өз кезегінде бұзылған құқықты қалпына келтіру- біздің міндет. Мысалы,өткен 2016 жылы 400 мыңға жуық бұзушылықты анықтасақ, 2017 жылдың 8 айында осындай 120 мыңнан астам жағдай анықталып отыр. Сол секілді өткен жылы 122 қызметші тәртіптік жауапкершіліктерге тартылса, осы уақытта мұндай 85 көрініс анықталып отыр.Ал былтыр 2 әкімшілік іс қозғалса, биыл 5 іс қозғалды.

Т: -Осы салада заң бұзушылықтар қаншалықты жиі кездеседі?Ал мемлекеттік көрсетілетін қызметтер заңнамасын бұзушы лауазым иелеріне қандай шара қолданылады және қызмет алушылардың құқығы бұзылса қайда шағымдана алады?

Б.А: - Былтырғы жылмен салыстырғанда бұзушылықтар біршама азайды деп айтуға болады. Бірақ та, кемшіліктер де бар. Оған себеп, мемлекеттік қызмет беруші кадрлардың жиі ауысуы немесе жоғары деңгейдегі кәсіпқой кадрлардың тапшылығы деп айтуға болады. Жалпы мемлекеттік қызметті бұзғандарға жауапкершіліктің 3 түрі бар.Олар тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық. Мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын бұзғандарға бір мезетте жауапкершіліктің осы 3 түрін де қолдануға болады. Бұл заң бұзушылықтың деңгейіне байланысты.

Ал мемлекеттік қызметті алушы бірінші кезекте, мемлекеттік қызмет берушінің өзіне, бізге немесе сотқа шығуына болады.

Тілші: Бүгінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы қандай деңгейде? Және олардың сапасын арттыру үшін қандай шаралар ұйымдастырылуда?

Т.А: -Мемлекеттік қызметтің сапасына баға беретін халық. Бұл орайда, әр жылдың соңында қоғамдық ұйымдармен мониторинг жүргізіліп отырады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметтің сапасына қанағаттанушылық 84 пайызды құрап отыр.

Бірінші кезекте тексеріс шаралары жүргізіледі. Себебі Департамент мемлекеттік қызметтердің сапасына мемлекеттік бақылау шараларын жүргізетін бірден бір уәкілетті орган. Екіншіден, тексеріс шараларымен қоса түсіндірме шараларын қоса атқарып отырмыз. Үшіншіден, мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған құқықтық актілердегі қарама-қайшылықтарды анықтап, оларды жою жөнінде және өзектендіру бойынша мардымды ұсыныстар үнемі беріліп отырады, ең бастысы сол ұсыныстар назарға алынып, тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Тілші: -Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде сыбайлас жемқорлыққа әкеліп соғатын жағдайлар туындауы мүмкін бе?

Б.А: -Әрине, мемлекеттік қызмет алушы мен қызмет берушінің арасында тікелей байланыс болған жағдайда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне орын бар. Бұған себеп болатын адами фактор. Халқымыз «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демей ме? Негізінде, көп жағдайда мемлекеттік қызмет алушы өзі сондай әрекеттерге мемлекеттік қызмет берушілерді итермелейді. Мысалы , біз бір жерге өтініш жазып, қызмет алатын болсақ, сол мезетте таныс-тамыр іздеп, қоңырау шала бастаймыз. Бұл біздің қанға сіңіп кеткен әдет. Сондықтан, сананы түбегейлі түрде өзгерту қажет.Біз осыған қол жеткізуіміз керек.

Тілші:- Осы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды түрде алуға болады ма?

Б.А: - Әрине, алуға болады емес, міндетті түрде алу қажет. Ең әуелі қағазбастылықтан арылғанымыз жөн.. Біз қазір электронды технологиялардың дамыған заманында өмір сүріп жатырмыз. Газет бетін пайдалана отырып, мемлекеттік қызмет алушылар мемлекеттік қызметтерді электронды үкімет порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алуға болатынын естеріңізге саламын.

Әзірлеген С.Нұржанова


Ақпаратты орналастыру уақыты: 29 Қыркүйек 2017 15:12
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 29 Қыркүйек 2017 15:13
Қарағандыда мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін облыс әкімінің сыйлығы табысталды 05 Қыркүйек 20:40
Қарағанды жастары Алтын Орда ескерткіштерін аралайтын экспедицияға аттанады 05 Қыркүйек 18:34
Қарағандылық бокс жаттықтырушысы Шешенстан марапатына ие болды 05 Қыркүйек 17:20
© 2021 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»